Саясат • 27 Желтоқсан, 2023

Инновациялық өнім көлемі артты

63 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің өңірге жұмыс сапары барысында Қостанай облысы аумағындағы елді мекендерді мобильді интернетпен және талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз ету жөніндегі Жол картасына қол қойылды.

Инновациялық өнім көлемі артты

Цифрландыру министрінің мәліметінше, қазіргі таңда облыс инновациялық өнім көлемі бойынша бірінші орында тұр. Бағдат Мусин Қостанай облысында инновациялық өнімді дамыту экономикалық әлеуетті жақсартуға, инвестицияларды тартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға және өңірдің технологиялық тұрғыдан ілгерілеуіне  ықпал ететінін айтты.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірдің инвестициялық тартым­дылығын арттыру үшін цифрландыру және инновацияларды енгізу мәселелеріне көп көңіл бөлінетінін білдірді. Әкімнің сөзінше, кейінгі 5 жыл ішінде осы бағытта 48 млрд теңгеге 300-ге жуық цифрлық жо­ба іске асырылған. Мұның 37 млрд теңгесін жеке инвесторлар құйып отыр. 

«Мысалы, Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлес­тігіне қарасты Қоржынкөл және Соколов-Сарыбай кен орындарын­да «Ақылды карьер» автоматтан­дырылған жүйесі іске қосылды. Инвестиция көлемі 1 млрд теңгеден асады», деді облыс әкімі.

Бағдат Мусин министрлік «KazSat» байланыс спутнигі бо­йынша Қостанай облысының 43 ауылын интернетпен қамтамасыз етуді, 2025 жылдың соңына дейін 87 5G базалық стансасын орнатуды, «Starlink» технологиясы  арқылы 180 ауылдық мектепті интернетке қосуды және 325 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісін жеткізуді жоспарлап отырғанын айтты. Министрдің айтуынша, Жол картасы шеңберінде 226 ауылда мобильді интернет байланысының сапасын жақсарту, жергілікті атқарушы органдар есебінен 161 ауылға мұнара антенна орнату көзделген. 

Бағдат Мусин жұмыс сапары аясында Қостанайдағы облыс­тық спорттық бағдарламалау феде­ра­ция­сының өкілдігін ресми түрде ашты.

«Бүгінгі таңда спорттық бағ­дар­ламалау – зияткерлік спорттың келешегі бар саласы. Мұнда жас­тар бағдарламалау тілін пайдалана отырып, күрделі математикалық есептерді шешеді. Біздің оқушылар мен студенттер IOI және ICPC сияқты халықаралық жарыстарда тұрақты табыстарға жетіп, рейтингте жоғары орындарды иеленіп келеді. Сондықтан бүгін ашылып отырған өкілдік спорттық бағдарламалауды дамытуда және дарынды бағдарламашылардың жаңа буынын қалыптастыруға септігін тигізеді деген сенімдемін», деді  министр.

Жаңа орталықта балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт­тық бағдарламалау жарыстары өтетін болады. Мұндай іс-шаралар жастардың зияткерлік спортқа деген қызығушылығын дамытуға ықпал етпек.

Бағдат Мусин одан кейін Қос­танайдағы халыққа қызмет көрсету орталықтарының біріне бас сұқты. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма басшысы Миржан Жаңабаев министрге Қостанай қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығының  2-бөлімі жөндеуден өтіп, Арқалықта жаңа халыққа қызмет көрсету орталығы ашылғанын жеткізді. Министр өңірде қосымша халыққа қызмет көрсету орталықтарын ашудың маңызды екенін айтып, алдағы жылы  Қос­танай қаласы мен аудандарда жұмыс істеп тұрған ХҚКО фи­лиал­дарын жаңғыртуды тапсырды.

        

Қостанай облысы