Цифрландыру министрінің мәліметінше, қазіргі таңда облыс инновациялық өнім көлемі бойынша бірінші орында тұр. Бағдат Мусин Қостанай облысында инновациялық өнімді дамыту экономикалық әлеуетті жақсартуға, инвестицияларды тартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға және өңірдің технологиялық тұрғыдан ілгерілеуіне ықпал ететінін айтты.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін цифрландыру және инновацияларды енгізу мәселелеріне көп көңіл бөлінетінін білдірді. Әкімнің сөзінше, кейінгі 5 жыл ішінде осы бағытта 48 млрд теңгеге 300-ге жуық цифрлық жоба іске асырылған. Мұның 37 млрд теңгесін жеке инвесторлар құйып отыр.
«Мысалы, Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігіне қарасты Қоржынкөл және Соколов-Сарыбай кен орындарында «Ақылды карьер» автоматтандырылған жүйесі іске қосылды. Инвестиция көлемі 1 млрд теңгеден асады», деді облыс әкімі.
Бағдат Мусин министрлік «KazSat» байланыс спутнигі бойынша Қостанай облысының 43 ауылын интернетпен қамтамасыз етуді, 2025 жылдың соңына дейін 87 5G базалық стансасын орнатуды, «Starlink» технологиясы арқылы 180 ауылдық мектепті интернетке қосуды және 325 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісін жеткізуді жоспарлап отырғанын айтты. Министрдің айтуынша, Жол картасы шеңберінде 226 ауылда мобильді интернет байланысының сапасын жақсарту, жергілікті атқарушы органдар есебінен 161 ауылға мұнара антенна орнату көзделген.
Бағдат Мусин жұмыс сапары аясында Қостанайдағы облыстық спорттық бағдарламалау федерациясының өкілдігін ресми түрде ашты.
«Бүгінгі таңда спорттық бағдарламалау – зияткерлік спорттың келешегі бар саласы. Мұнда жастар бағдарламалау тілін пайдалана отырып, күрделі математикалық есептерді шешеді. Біздің оқушылар мен студенттер IOI және ICPC сияқты халықаралық жарыстарда тұрақты табыстарға жетіп, рейтингте жоғары орындарды иеленіп келеді. Сондықтан бүгін ашылып отырған өкілдік спорттық бағдарламалауды дамытуда және дарынды бағдарламашылардың жаңа буынын қалыптастыруға септігін тигізеді деген сенімдемін», деді министр.
Жаңа орталықта балалар мен жасөспірімдерге арналған спорттық бағдарламалау жарыстары өтетін болады. Мұндай іс-шаралар жастардың зияткерлік спортқа деген қызығушылығын дамытуға ықпал етпек.
Бағдат Мусин одан кейін Қостанайдағы халыққа қызмет көрсету орталықтарының біріне бас сұқты. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма басшысы Миржан Жаңабаев министрге Қостанай қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығының 2-бөлімі жөндеуден өтіп, Арқалықта жаңа халыққа қызмет көрсету орталығы ашылғанын жеткізді. Министр өңірде қосымша халыққа қызмет көрсету орталықтарын ашудың маңызды екенін айтып, алдағы жылы Қостанай қаласы мен аудандарда жұмыс істеп тұрған ХҚКО филиалдарын жаңғыртуды тапсырды.
Қостанай облысы