Фото: istockphoto.com
Бұрын докторанттар оқу бітірген соң жоғары оқу орындарында, ғылыми институттарда немесе мемлекеттік органдарда жұмыс істеуге міндетті болатын. Олар заңнамалық нормаларға сәйкес білім ордаларында жұмыс істеуге бара алмайтын. Тиісінше, мектептегі жұмыс міндетті өтеу мерзімі ретінде есептелмейтін.
Мәжіліс депутатының айтуынша, бұл өзгерістер мектептер мен білім беру ұйымдарын мықты кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталған.
«Түлектерге таңдау беріледі. Олар тек жоғары оқу орындарымен шектелмей, орта білім беру саласында да кедергісіз қызмет ете алады. Ондағы жұмыс өтеу мерзімі заңды түрде толық есептеледі. Осы арқылы балаларымыз заманауи зерттеушілерден тікелей дәріс алады», деп жазды депутат әлеуметтік желідегі жазбасында.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов шығармашылық және тілдік мамандықтар бойынша докторантураға түсу талаптары өзгергенін айтқан еді. Осы арқылы елімізде бірқатар білім беру бағдарламасы бойынша докторантураға түсу үшін шет тілін меңгергенін растайтын сертификат алынып тасталды.