Аймақтар • 04 Қаңтар, 2024

Медициналық пункт ашылды

88 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жаңа жылда Жангелдин ауданының Көлқамыс ауы­лында пайдалануға беріл­ген емдеу мекемесін жер­гілікті «Сыма-К» шаруа қо­жалығы салып беріп отыр. Әлеуметтік нысан­ның ашылу рәсіміне сонау Қостанайдан облыс әкі­­мінің орынбасары Ри­нат Мұхаметқалиев, ден­сау­лық сақтау басқар­ма­сының басшысы Данияр Жандаев, Торғайдан аудан әкімі Шота Оспанов арнайы келіп қатысты.

Медициналық пункт ашылды

Көптен бері шалғайдағы ша­ғын ауылдың түтіні түзу ұшып, гүл­дене түсуіне күш салып келе жатқан «Сыма-К» шаруа қожа­лығы аталған медициналық пункт­ті 22 млн теңгеге тұрғызыпты. За­ман талабына сай барынша жабдықталған еңселі емдеу ме­кемесі бой көтерген соң, қияндағы Көл­қамысты алыссынбай жас дәрігер де келіп жұмысына кірісіп кеткен. Жас маманның баспанасын, басқа да тұрмыстық жағдайын жергілікті шаруа қо­жалығы жасап беріп жатыр.

Медициналық пунктте фельд­шер кабинеті, емдеу және егу ка­бинеттері, жеке шаруашылық бөлмесі бар. Кабинеттің бәрі жа­ңа жиһаздармен, қажетті меди­циналық құрылғылармен жаб­дықталған. Медпункттің жанында жедел жәрдем көлігін қоятын жылы тұрағы да бар.

Ауыл тұрғындарын құттық­тай келген билік өкілдері көп­ші­лікке өздерінің жүрекжарды тілек­терін арнап, аталған шаруа қожа­лығының басшысы Манат Кәр­бозовқа алғыс айтты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жол­дауында медициналық инфра­құ­рылымды жақсартудың ма­ңызды екенін атап өткенін білесіздер. Бү­гін бәріміз Президент тап­сыр­масының шалғай ауылдарда да іске асырылып жатқанына куә болып отырмыз. Ел үшін маңызы зор мұндай игі істі ілгерілетуге мем­лекеттік органдар ғана емес, со­нымен қатар әлеуметтік жауап­кер­шіліктің не екенін жете түсінген жеке кәсіпкерлер де білек сыба­на атсалысып жатқаны көңіл қуан­тады. Көлқамыс қана емес, осы төңіректегі өзге де ауыл, ауыл­дық округтердегі шаруа қожа­лықтары осындай игі істерді қолға алса, нұр үстіне нұр болар еді», деді аудан әкімі Шота Оспанов.

Салтанатты рәсімнің со­ңын­да қияндағы Көлқамысты тоқ­са­ныншы жылдардың дауылынан аман алып қалып, ауыл мектебінің жабылып қалмауына, жұрттың жылы орнын тастап қалаға қарай үдере көшіп кетпеуіне жағдай жа­саған өңірдің құрметті ақсақалы, ең­бек ардагері Кәкімжан Кәрбозов қария көпшілікке ақ батасын беріп, өзге де елеулі азаматтармен бірге ме­­ди­циналық пунктің лентасын қиды.

Аудан әкімі «Сыма-К» шаруа қожалығының басшысы Манат Кәкімжанұлына және құрылыс жұ­мыстарына атсалысып, ел игі­лігі үшін еңбек етіп жүрген бір­қатар азаматқа алғысхат пен бағалы сыйлық тапсырды.

 

Қостанай облысы