Көптен бері шалғайдағы шағын ауылдың түтіні түзу ұшып, гүлдене түсуіне күш салып келе жатқан «Сыма-К» шаруа қожалығы аталған медициналық пунктті 22 млн теңгеге тұрғызыпты. Заман талабына сай барынша жабдықталған еңселі емдеу мекемесі бой көтерген соң, қияндағы Көлқамысты алыссынбай жас дәрігер де келіп жұмысына кірісіп кеткен. Жас маманның баспанасын, басқа да тұрмыстық жағдайын жергілікті шаруа қожалығы жасап беріп жатыр.
Медициналық пунктте фельдшер кабинеті, емдеу және егу кабинеттері, жеке шаруашылық бөлмесі бар. Кабинеттің бәрі жаңа жиһаздармен, қажетті медициналық құрылғылармен жабдықталған. Медпункттің жанында жедел жәрдем көлігін қоятын жылы тұрағы да бар.
Ауыл тұрғындарын құттықтай келген билік өкілдері көпшілікке өздерінің жүрекжарды тілектерін арнап, аталған шаруа қожалығының басшысы Манат Кәрбозовқа алғыс айтты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында медициналық инфрақұрылымды жақсартудың маңызды екенін атап өткенін білесіздер. Бүгін бәріміз Президент тапсырмасының шалғай ауылдарда да іске асырылып жатқанына куә болып отырмыз. Ел үшін маңызы зор мұндай игі істі ілгерілетуге мемлекеттік органдар ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік жауапкершіліктің не екенін жете түсінген жеке кәсіпкерлер де білек сыбана атсалысып жатқаны көңіл қуантады. Көлқамыс қана емес, осы төңіректегі өзге де ауыл, ауылдық округтердегі шаруа қожалықтары осындай игі істерді қолға алса, нұр үстіне нұр болар еді», деді аудан әкімі Шота Оспанов.
Салтанатты рәсімнің соңында қияндағы Көлқамысты тоқсаныншы жылдардың дауылынан аман алып қалып, ауыл мектебінің жабылып қалмауына, жұрттың жылы орнын тастап қалаға қарай үдере көшіп кетпеуіне жағдай жасаған өңірдің құрметті ақсақалы, еңбек ардагері Кәкімжан Кәрбозов қария көпшілікке ақ батасын беріп, өзге де елеулі азаматтармен бірге медициналық пунктің лентасын қиды.
Аудан әкімі «Сыма-К» шаруа қожалығының басшысы Манат Кәкімжанұлына және құрылыс жұмыстарына атсалысып, ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген бірқатар азаматқа алғысхат пен бағалы сыйлық тапсырды.
Қостанай облысы