Шаруашылық • 09 Қаңтар, 2024

Егін шаруашылығының ертеңі алаңдатады

89 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өңір диқандары үшін өткен жыл оңай болған жоқ. Тамызда басталған жауын-шашын қыркүйек, қазан, қарашаға ұласып, соңы желтоқсанға дейін жетті. Соған қарамастан, техникасы қуатты ірі шаруашылықтар өнімін түгел жинап алды. Ал шағын шаруалардың еңбегі еш кетті десе болады: бидайының біразы қар ас­тында қалды, біразы өтпеген соң, тау болып үйілген қалпы қызып, шіріп кетті.

Егін шаруашылығының ертеңі алаңдатады

Қалай десек те, шаруашылықтардың дені табиғаттың тосын мінезіне қауқар таныта алмады. Толассыз жауынның салдарынан пісіп тұрған бидай қайта өніп кетті. Тіпті 50 жылдан астам тәжірибесі бар кәнігі диқандардың өзі мұндай жауынды бұрын-соңды көрген емеспіз десті.

Қысылтаяң сәтте Ресейдің арзан бида­йын толтырып алған диірмендер жергілікті шаруаның бидайын қабылдамай қойды. Салдарынан өнімнің бағасы құлдырап, бір тоннасы 30 мың теңгеге дейін түсіп кетті.   

Жалпы, «егін шаруашылығының ертеңі не болмақ?» деген оймен элиталық бидай тұқымын өсіретін «Қарқын» агро­фир­масының негізін қалаған әйгілі ди­қан, Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқа­нов ағамызбен жолығып, «Өңір шаруа­шы­лық­тары өткен орақтан сабақ ала алды ма? Ауа райының аумалы-төкпелі мінезіне қарсы қылар амал қайсы? Мемлекет жыл сайын ауыл шаруа­шылығын қолдауға қыруар қаржы жұмсайды. Бұл қаржы тиімді жұмсалып жатыр ма?» деп сұрап көрдік.

 

Күздік бидайды қолға алу керек

«Былтыр жағдайдың қиындап кетуіне диқандардың еш кінәсі жоқ. Бұл – климаттың әсері. Ауа райы өзгерді, енді не істеу керек? Менің ойымша, жаздық бидаймен қатар енді күздік бидайды да егу ке­рек. Біртіндеп соған көше берген дұрыс. Ең кемі, алқаптың 20 пайы­зына күздік себу керек. Ол үшін ға­лымдар, тәжірибе стансалары арнайы зерттеу жүргізіп, аязға шыдамды тұқым сұрыптарын шығарғаны жөн. Тұқым алқаптарының дәреже-деңгейін көтеру керек. Қазір бұрынғы тұқым алқаптары жоғалып кетті. Олар жаңа шыққан сұрыпты зерттеп, талдап, одан кейін шаруашылықтарға беріп отыратын. Ол қазір жоқ. Бізге мықты ғылыми орталықтар, ғалымдар керек», дейді Сайран Балкенұлы.

Диқанның айтуынша, өңір шаруа­шы­лықтары элиталық тұқымды Ре­сейден алады екен. Майлы дақылдың тұқымын – Еуропадан, зығырдікін Омбыдан сатып алады.

«Осының бәрі ақша ғой. Мил­лиард­таған қаржы шетке кетіп жатыр. Шығыс Қазақстан облысында майлы дақыл тұқымын шығарады. Біз алып көріп едік, дұрыс шықпады. Өйткені сол­түстік қайда, шығыс қайда? Ауа райы­ның жағдайы, топырақ құнары сәй­кес келмейді. Ал Омбы мен Қор­ған­нан шығатын тұқым бізде жақсы өседі. Бірақ олар қанша дегенмен шет мемлекеттікі. Сондықтан шетке ауыз ашып қарап отыруға болмайды. Осы­ның бәрін дұрыстап қолға алсақ, өзіміз­дің өңірде де сапалы тұқымның түр-түрін шығаруға болады. Оған ең бас­тысы мықты институттар, білікті ғалым­дар керек. Бізде ғылыми әлеует бар, бірақ соны дамыту, ғылыми жаңалықты тәжірибеге енгізіп, оның пайдасын көру жағы кем түсіп жатыр. Күздік бидай егудің өз тәуекелі бар. Бір жылы жақсы шығады, бір жылы үсіп кетеді. Бірақ қазір қыс та жылып кетті. 50 см қар түссе, бидай үсімейді. Бізге вегетациялық кезеңі ұзағырақ 80, 90, 100 күнге дейін пісіп жетілетін тұқымдар керек. Сондай-ақ қыркүйекке дейін жинап алатын 60, 70 күн ішінде тез пісетін тұқымдар да керек», дейді Сайран Балкенұлы.

Диқанның айтуынша, Қостанай­дың топырағы құнарлы, жыл сайын бір гектардан, кем дегенде екі тонна бидай алуға болады. Мысалы, «Қарқын» шаруашылығы жыл сайын 50 мың гектарға дән себеді. Шаруа­шылық былтыр гектарынан 18 центнерден өнім жинап алып, 6 мың тонна тұқымды сатуға даярлап қойды.

«Оның 10-ақ пайызы – 3 сұрыпты тұқым. Баяғыда «Омск 36», «Омск 30» деп аталатын тұқым себетінбіз. Қазір олардан өзіміздің тұқым асып кетті. Қарабалықта қазақтың «Айна», «Любава 25», «Любава 5» секілді жақсы, төзімді сұрыптары шығып жатыр. Бірақ бұршақты Қорғаннан аламыз. Осы бұршақ тұқымын өзімізден шығаруға болады. Біз негізінен элиталық тұқым өсіреміз. Мысалы, былтыр тұқымдық алқаптарымыз гектарына 42 центнерден өнім берді», дейді ардагер диқан.

 

Субсидия мәселесін қайта қараған жөн

Алқап берекелі болу үшін әрбір гектарға тыңайтқыш сеуіп отыру керек. Бірақ бұған көп шаруашылықтың шамасы келмейді. Өйткені тыңайт­қыш қымбат, 1 тоннасы 194 мың тең­ге тұрады. Оның жартысын субсидия арқылы мемлекет төлейді. Шаруалар сонда да қалған 97 мың теңгені қым­батсынады.

Сайран Балкенұлының айтуынша, егін шаруашылығын дамыту үшін, біріншіден, элиталық тұқым мен тыңайтқыштың субсидиясын және техникаға берілетін лизингті қалдырып, қалғанын алып тастау керек. Бұларды осы өнімдерді шығарып жатқан зауыттың өзіне берген абзал.

«АШМ былтыр жанармай бағасын 15-ақ теңгеге арзандатты. Бұл енді ұят қой. 15 теңге деген не ол? Қазақ­стан бойынша 22 млн гектар егіс алқа­бы бар, оған көктемде дән егіп, күз­де жинап алу үшін шамамен 800 мың тонна жанармай керек. Соны арзан­датып, субсидиясын бізге емес, зауытқа төлесе дұрыс болады. Бізге дизелді отынның литрі 250 теңгеден емес, 150 теңгеден берілу керек. Қазір жанармайдың литрі 1 кг бидайдан 7-8 есе қымбат. Субсидияны зауыттың өзіне берсе, субсидия ұрланбайды. Тыңайт­қыштың субсидиясын да зауыт­тың өзіне беріп, бізге 50 мыңнан беруге болады. Осы тыңайтқыш пен жа­нармайдың мәселесін шешіп берсе ғана іс ілгері басады. Президент өз Жол­дауында ауылшаруашылық тех­ни­ка­ларының 80 пайызы тозып кетке­нін айтты. 20-30 жылдан бері осы 80 пайызда тұр. Өзгерген ештеңе жоқ. Лизингпен комбайн, трактор алсаң, 25 пайызын мемлекет төлеп береді. Бұл – өте жақсы бағдарлама. Бірақ жауап­ты орындар жаңағы 25 пайызды уа­қытында төлемейді. Екі жылға дейін төленбейді. Мысалы, былтыр Үкі­мет біздің шаруашылыққа 250 млн теңге берешек болды. Бұл көп қой. Уа­қы­тында бермейді, әңгіме сон­да. Ай­на­лып келгенде, банктің 17 пайыз­дық үстеме сыйақысын түгел өзі­міз төлей­міз. Бәрі кешігіп келеді. Әсі­ресе мына субсидияға қатысты дау көп. Тыңайт­қыштың бір-екі жылдық субсидиясын таяуда ғана алдық», дейді диқан.

Кәнігі диқан Ауыл шаруашылығы министрлігі мен шаруалардың арасында дұрыс байланыс жоқтығына қынжылады. «Өткенде министр кел­генде, далада 10 шақты шаруа­шы­лықтың басшысымен кездесті де, кетті. Осы өңірдің шаруаларын бір үлкен залға жинап, кездесіп, бә­рін тыңдап, содан бір қорытынды шығару керек қой. Айналып келгенде көздегеніміз бір мақсат – осы елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Диқандар шаруашылықтың ар­тық-кем болып жатқан тұстарын айтады. Ал министр жасырынып келеді, жасырынып кетеді. Бірнеше рет солай болды. Қазір далада кездесу деген сәнге айналды. Диқандармен ашық кездесіп, мәселенің мәніне бойлап, бір шешімін іздеу керек қой. Мүмкін біз бірдеңені білмей, түсінбей жатқан шығармыз. Жаңа жылдың басында Президентіміз Қа­сым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Egemen Qazaqstan»-ға сұхбат берді. Мұнда ел көкейінде жүрген көптеген мәселені ашып айтты. Ме­нің ойымша, бұл – елдің көңіліне қона­тын өте жақсы үрдіс. Енді министрлер де Президенттен үлгі алып, «Егеменге» сұхбат беріп отырғаны жөн. Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрі менің жоғарыда айтқан ұсы­ныс­тарыма не дейді? Оның жауа­бын алдағы уақытта еліміздің бас газе­ті­нен көргім келеді», дейді кәсіби ди­қан. 

 

Қостанай облысы