Аймақтар • 16 Қаңтар, 2024

Қазандықтың қуаты

56 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Былтыр қыс ортасы Рид­дердегі жылу-электр қазандығы қай­та-қай­та істен шы­ғып, тұр­ғындардан маза қаш­қан. Ғимарат­тар­дың суып кетуіне бай­ланысты мектептер мен балабақша жұ­мысы онлайн режімге көшіріліп, қалада тө­тен­ше жағдай жария­ланғанын да білеміз. Әйтеуір, ала жаздай жүр­гізілген жөндеу жұ­мысы нәтижелі бол­ған секілді.

Қазандықтың қуаты

Суретті түсірген – автор

Қазандықтың тозып кетуінің бірден-бір себебі бұрынғы меншік иелерінің немқұрайлығы еді. Қазандық жекеменшік қарамағында болғанымен, төтенше жағдай орын алған кезде мемлекет тиісті мамандарды тартып, жөндеу жұмыстарын қолға алған. Жағдай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бақылауында болды. Республикалық қа­зынадан 8,39 млрд теңге, облыстық бюджеттен 533 млн теңге бөлінді. Сөйтіп, жаздай жылу орталығының барлық алты қазандығында күрделі жөндеу жүргізілді. Қазір қалпына келтіру үдерісі толығымен аяқталды. Облыс және Риддер қаласы­ның әкімі Дәулет Батырбаев, өзге де салаға жауапты қыз­меткерлер күні-түні ЖЭО-да, жұмыстардың басы-қасында жүрді. Айта кету керек, жылу-электр стансасының жұмысын бақылау әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен емес. Қандай да оқыс оқиғаны болдырмау үшін қазандықта патрульдеу жұмысы да ұйым­дастырылған еді.

– ЖЭО-дағы алғашқы апат былтыр қараша айында болды. Жылыту маусымы кезінде қазандықтарда 84 рет апатты өшіру орын алған. Бірақ жөндеу жұ­мыс­тарын маусымның бірінде бастадық. Оған дейін орта­лықтың иелері ақау­ды қал­пына келтіру жұмыс­тарын өз күшімен жасайтындарын айтып, облыс басшылығын сендіріп келген болатын, жыл басында жоспарларын да көрсеткен. Бірақ олардың мүмкіндіктері болмады, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Рамазанов.

Мамандар айтып өткен­дей, жылыту маусымы штат­тық режімде жұмыс істеп жатыр. Қыстай қаланы жылыту үшін төрт қазандықтың күші жетеді екен. Қатты аяз­дарда ғана қосымша бір қазандық қосылады. Сөй­тіп, бүгінде Риддер жылу электр орталығында күр­делі жөндеуден өткен қазан­дықтар орта қысымда қа­лыпты жұмыс істеп тұр. Күрделі жөндеуден кейін қазандықтардың өздері де, құбырлар мен құрылғылар да су жаңа. Десе де Риддердегі жылу-электр қазандығы  қоғам мен БАҚ өкілдерінің назарында.

 

Риддер