Суретті түсірген – автор
Қазандықтың тозып кетуінің бірден-бір себебі бұрынғы меншік иелерінің немқұрайлығы еді. Қазандық жекеменшік қарамағында болғанымен, төтенше жағдай орын алған кезде мемлекет тиісті мамандарды тартып, жөндеу жұмыстарын қолға алған. Жағдай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бақылауында болды. Республикалық қазынадан 8,39 млрд теңге, облыстық бюджеттен 533 млн теңге бөлінді. Сөйтіп, жаздай жылу орталығының барлық алты қазандығында күрделі жөндеу жүргізілді. Қазір қалпына келтіру үдерісі толығымен аяқталды. Облыс және Риддер қаласының әкімі Дәулет Батырбаев, өзге де салаға жауапты қызметкерлер күні-түні ЖЭО-да, жұмыстардың басы-қасында жүрді. Айта кету керек, жылу-электр стансасының жұмысын бақылау әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен емес. Қандай да оқыс оқиғаны болдырмау үшін қазандықта патрульдеу жұмысы да ұйымдастырылған еді.
– ЖЭО-дағы алғашқы апат былтыр қараша айында болды. Жылыту маусымы кезінде қазандықтарда 84 рет апатты өшіру орын алған. Бірақ жөндеу жұмыстарын маусымның бірінде бастадық. Оған дейін орталықтың иелері ақауды қалпына келтіру жұмыстарын өз күшімен жасайтындарын айтып, облыс басшылығын сендіріп келген болатын, жыл басында жоспарларын да көрсеткен. Бірақ олардың мүмкіндіктері болмады, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Рамазанов.
Мамандар айтып өткендей, жылыту маусымы штаттық режімде жұмыс істеп жатыр. Қыстай қаланы жылыту үшін төрт қазандықтың күші жетеді екен. Қатты аяздарда ғана қосымша бір қазандық қосылады. Сөйтіп, бүгінде Риддер жылу электр орталығында күрделі жөндеуден өткен қазандықтар орта қысымда қалыпты жұмыс істеп тұр. Күрделі жөндеуден кейін қазандықтардың өздері де, құбырлар мен құрылғылар да су жаңа. Десе де Риддердегі жылу-электр қазандығы қоғам мен БАҚ өкілдерінің назарында.
Риддер