Руханият • 16 Қаңтар, 2024

Халыққа жақын қаламгер

242 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Өз кезінде тәп-тәуір бағаланса да, уақыт оза келе, көзден кеткеннен кейін де көңілден кетіп, аса еленбей қалған жазушы­лардың бірі – Зейнел-Ғаби Иманбаев. Бұл қаламгердің шығар­маларын мектепте жүргенде, яғни өткен ғасырдың 60-70 жылдары қызыға оқыған балалардың қатарынан өзім де табылатын едім. Ол кісінің әр алуан тақырыпқа жазған шығармалары сол замандағы жас оқырмандарды бір шуақты әсерлерге жетелейтін.

Халыққа жақын қаламгер

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Сөйтсек, әдебиеттің білім­паз­дары да бұл қаламгерге әр жылдары оң бағасын беріп отырыпты. Мәселен, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик Зей­нолла Қабдолов: «Зей­нел-Ғаби Иманбаевтың тілі жап-жа­тық. Ара-тұра оңай­лық­қа ұрынып, тым келеңсіз кө­рі­ністерді суреттейтіні болмаса, жи­нақы да ықшам. ...Зейнел-Ғаби пейзажға қатты көңіл бөледі. Онысы жақсы! Бұл – мәдениетті прозаның белгісі», деп жылы лебізбен тұжырымдаса, қаламгер інісі Ермек Қонарбаев: «Зейнел-Ғаби Иманбаев – ауыл өмірінің суреткері. Оның әңгімелерінен со­ғыс кезіндегі және одан кейінгі ауыл тынысы, тың және ты­ңай­ған жер, ауыл адамдарының сан қилы мінез ерекшеліктері, жіберген қателіктері мен жеткен жетістіктер сияқты толып жатқан моральдық тұрғыдағы сан алуан тақырыпты табу қиын емес. Балалар тақырыбының өзі – бір төбе. Бала тілімен жазатын қаламгерлер саусақпен санап аларлық болса, Зекең осы тақы­рып­тың жілігін шағып, майын ішкен деуге әбден болады», деп кең көсіліпті.

«Біз мектепте Зейнел-Ғаби Иманбаевтың «Бас­тама» деген кітабын басымызға жас­тап оқығанымыз әлі есімізде. ...Өйткені өзінің өмірбаяндық жазуы бойынша Зекең бірінші Абайды ұстаз тұтқан. Екінші Чеховты, үшінші Бейімбет Май­линді, төртінші Островскийді ұстаз еткен. Өйткені Абайдай фило­софиялық ой қозғауды Абай­дан, қысқа жазуды Че­хов­тан, табиғи, ұлттық бояуды жағып таби­ғи, тартымды жазуды Бейім­бет Майлиннен және өткір, қа­жырлы да қайратты жазуды Ос­тровскийден үйренген», деген екен көрнекті сықақшымыз Көпен Әмірбек.

Биыл туғанына 100 жыл толып отырған қаламгерді еске алу мақ­сатында жазған бұл қалам­гер туралы айтпағымыз осы жоғарыда пікір білдірген әдебиет өкілдерінің ойларын ары қарай дамыту ғана. Есейген шағымда сол кездегі прозалық туындылардың кейбіреуін қайтадан парақтай отырып, жазушы қаламының тартымдылығы неде екенін тү­сінгендей болдым.

Біріншіден, шығарма жазу­дағы шеберліктің нышандары. З.Иманбаев өзінің көркемдік ойын кейбір әріптестері тәрізді қалай болса солай тізбектеп, рет­­сіз төгетін жүйесіз ойлар­дың иесі емес. Ең алдымен, бұл жа­­зу­­шының әңгіме-хикаят­та­ры­ның композициялық құры­лы­мында белгілі бір жүйе бар. Оқи­ғаның басталуы, шарықтау шегі оқырман көкейінде «Қалай аяқ­талар екен?» деген сұрау ту­ғызып, ары қарай еліктіріп тартып отырады.

Екіншіден, назар аударатын нәрсе – тілдік құрылымы. Жазушы тілі айқын да нақты. Қарапайым жазамын деп қарабайырлыққа да ұрынбайды. Қысқа сөйлемдердің өздерінен өрнекті сөздерді, бей­нелеуіш тіркестерді тауып алуға әбден болады.

Үшіншіден, образдары сол шағын шығармалардың өзінде біршама жанр табиғатына лайық тәп-тәуір сомдалғаны көрініп тұра­ды. Характердің ашылуы, персонаждың ой-арманы, айнала­дағы қоршаған ортаға деген көз­қарасының көрініс табуы реа­листік сипатта.

Тақырыптық жағынан алып қарағанда, жазушы шығармалары төрт-бес саланы қамтиды. Солар­дың ішінде әсіресе көбірек кө­рініс табатыны – малшылар, шо­пандар өмірі. Мысалы, малға қатысты екені аттарынан-ақ кө­рініп тұратын «Кішкене малшы», «Шопанның баласы» тәрізді әңгімелері. Бірінші шығар­ма­сында жайылымға Серік атты баласын ертіп келген малшы өз шаруасымен кетіп, баласын қосқа қалдырады. Берген тапсырмалары да нақты.

Жауапкершілік сезімі мол бала әкесінің «Оянғанда ана бұ­зауды байқай саларсың» деген сөзіне орай дұрыстап дем ала алмайды да. Сөйтіп, далаға шықса, бұзау шешіліп кеткен екен. Бұзау ұстатпай, орманға қарай ұзай түседі. Кейіпкердің осыдан кейінгі бар шаруасы – сол бұзауды қайырып әкеп, қайтадан қостың алдына байлап қою. Бірақ бұл – оңайшылықпен іске асыратын шаруа емес. Баланы алдымен жеткізбеген ол, кейін ұстап алғаннан кейін де дедектете сүйреп, айдағанға тіпті көне қой­май­ды. Екеуі тартысып жүріп, әрең дегенде ит азап­пен бұзауды қосқа қалай жет­кіз­геніндегі өмір суреттері шынайы.

Екінші «Шопанның баласы» әңгімесінде пікірталас өзегіне айналатын нысан – Серікжанның өскенде әкесіндей шопан бол­ғысы келетіні, шешесінің оқу оқып, профессор болғанын қа­лай­тыны. Бала айтқанынан қай­тар емес. Күзді күні әкесіне мал бағысқан Серік бір отар қой­ға ие болады. Ауа райы бұзыл­ғаннан кейін адасып кетер деп қауіптенген әкесі жаяу-жалпылап оны өрістен іздеп таппақ болып әуре. Бұл арада бала образы арқылы оқырмандар көз алдына көлденең тартылатыны – малшылар еңбегінде кездесіп жататын тосын қиындықтар. Серік деген жас кейіпкердің өз ісіне жауапкершілікпен қарауы, малды аман-есен қораға әкелуі оқырманды риза ететіні сөзсіз.

З.Иманбаевтың малшылар өмі­ріне қатысты «Түнгі сапар» әң­гімесінің оқиғасы бұл ай­тыл­ғандардан да күрделі. Осын­­дағы оқиғаға өзек болатын жағдаят – түнгі қой күзетінде жүрген Нұрмаш пен Садық деген екі баланың тапқырлығы мен батылдығы. Көршілес шо­панның дамылдап жатқан малына беймезгіл уақытта басқа бір көлденең машинаның келуі, ондағы адамдардың күбірлесіп сөйлесуі балалардың көңіліне күдік ұялатады. Екеуі баспалап келіп қараса, шынында да әлгі келген адамдар нағыз ұрылардың өздері болып шығады. Баланың біреуі оларды бақылап қалады да, екіншісі Садық ауылға барып хабар береді. Бірақ өкінішке қарай, ауылдағы кісілер келгенше ұрылар машинасын толтырып алып, тайып тұрыпты. Оқиғаны қоюлата түсетін – оларды ба­қылап қалған Нұрмаштың да орнында жоқ болып шығуы. Көңіліне күдік кірген топ дереу амалсыздан машинаның ізіне түсуге әрекет жасайды.

Сөйтсе, қайсар бала Нұрмаш қалай да машинаның нөмірін жұлып алу әрекетімен ұзап кеткен екен. Қолын қанатып, бір жағы ұрылардан тығылып жүріп, ақыры машинаның нөмірімен бірге жерге құлап түседі. Оны есінен танып жатқан жерінен тауып алғандар – артынан келген іздеушілер.

Жалпы, шығармашылығының біраз тақырыбы – аңшылық, аңдар, хайуанаттар, бір сөзбен айтқанда, табиғат ортасы. Мұнда да ол өзге қаламгер әріптестерін қайталамауға тырысып, тақы­рыпқа бір соны жағынан қалай келуге болатынын іздестіріп отырады. Оның өзі де жазушының ізденімпаздығының, шеберлік жолында шығармашылық өмі­рінің соңына дейін талмай еңбек ет­кенінің дәлелі.

Әңгімелерінің басым бөлігі кіші және орта жастағы ба­ла­ларға арналған. Әлі басынан өтетін ұсақ оқиғалардың өзінен оңы мен солын тани қой­маған балдырғанның бір тұ­жырым жасауға ықылас танытуы да – жазушы шеберлігінің бір қыры. Мысалы, «Достар» әңгімесінде жас баланың торғай­ларды ұстағысы келуі, бір­ақ олар­мен достаса алмауы және соңында қалай достасқаны сурет­­теледі. Үлкендердің ақылы­мен ол торғайларға жем шашады да, сөйтіп, балдырғанның қа­нат­тылар­мен тіл табысып кету тә­сіл­дерін табуы шағын детальдар арқылы суреттеледі.

Немесе Жабай есімді кішкене баланың («Жабайдың ағасы») далаға шығып, тракторларды қы­зықтауы, сосын «тың иге­ру­ші­лерге гүл сыйлау керек» деген ескертпе есіне түсіп, жақын жердегі тракторға қарай жүгіруі, гүлді ұстаған тракторшының қуа­нып кетіп, кабинаға отырғызуы бәрі табиғи қалпында. Сөйтсе, отыр­ғызып алған ағайы Татар­станнан болып шығады да, «Сендерге бидай егуге көмектесу үшін келдік» дегенді айтады. Ой дүниесі шектеулі кішкентайдың: «Татарстан – ол қандай ауыл?» деген аңқау сұрағының өзі күлкі келтіретін деңгейде. Артынан осындай бөтен ағамен достасып, өзіне аға етіп алуы бір жағынан қа­зақтың қонақжайлылығын, кең­пейілділігін көрсетеді. Өйт­­кені үйге ертіп келіп, атасы мен әже­сіне таныстырып жүрген де – осы Жабай бала. Жастары есейген са­йы­н балалардың бастарынан өтетін оқиғалар да шиеленісіп, өзінің қызықтылығымен оқыр­манды тарта береді.

Жазушы шағын жанрдың шебері десек, тіпті де асыра ба­ға­­­ла­ғандық болмас еді. Оның ба­ла­ларға да, ересектерге де ар­наған туындылары сол өзіне тән стильден ауытқымай, айтар ойын түпкілікті идеясын көз алдыңызға көлденең тартуымен бағалы болып келеді.

Балаларға арналған шығар­маларының ішінен, әсіресе осын­дай қасиеттерімен көзге түсе­тіндері – «Достар», «Зейнұр», «Жа­байдың ағасы», «Тракторшы бала», «Қажыкеннің арманы», «Балық жеккен Жұмекен», «Сая­хат», «Майлы аяқ», «Ем», «Құпия тапсырма», «Күзетте», «Кездесу», «Аңшының әңгімесі», «Кішкене малшы», «Таңданарлық оқиға», «Әлімнің ұялғаны-ай», «Зайра», «Жез топсалар», «Шопанның бала­сы», «Түнгі сапар», «Орман тұт­қыны» әңгімелері және тағы басқа туындылары.

Қай шығармасын алып қара­сақ та, кейіпкерлерінің қатары санаулы, көбінесе екі-үш адамнан аса да қоймайды. Со­ны­мен бірге жазушы төменгі жас­тағы оқушылардың назарына ұсынылатын шығармаларын маз­мұнына қарап-ақ, ересек бала­ларға арналған туындылармен шатастыра алмайсың. Автор әр баланың жасына лайық психологиясымен санасуға аса мұқият.

З.Иманбаевтың шығарма­шылы­ғының ішінде тағы бір назар ауда­ратыны – мөлтек әңгімелері мен ертегілері және мысалдары. Мұнда да автор кез келген адам аңғара бермейтін штрихтардан астарлы мағыналар тауып алып, оқыр­манды ойға қалдыруға шебер. Айталық, «Табақ пен елеуіш» мысалында тесілген табақты иелерінің да­лаға, есік алдына шығарып тастауы, соған бола табақтың «елеуіштің тесіктері көп, бірақ далаға тастамайды. Ал мені жалғыз тесігім үшін лақтырып жіберді» деген наразы күйі оқырманды ойландырып қана қоймай, мұқтаж зат­тардың өзі тіршілік барысын­да ке­рексіз болып қалатын сәттерінің де кездесетінін еске салады. Оқиға үстінде әр зат­тың өзіне тән міндеті мен қасиеті сара­ланады.

З.Ғ.Иманбаевтың үлкендерге ар­налған шығармаларының өзін­де де оқырманның жасына шек­теу қоймайтыны бай­қалады. Ере­сектерге қатысты әңгі­меле­рінің балалар үшін де тәрбие­лік маңызы аз емес.

 

Нұрдәулет Ақыш,

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері