Аймақтар • 17 Қаңтар, 2024

Қала маңындағы ауылдардың қуанышы

101 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Талдықорған қаласына іргелес орналасқан саяжайлар мен елді мекендерге көңіл бөліне бастады. Өздерін «қалалықпыз» деп санайтын тұр­ғын­дар енді бұл сөзді мақтанышпен айтса болғандай. Мәселен, Ынты­мақ ауылына газ келсе, Балықты саяжайының тұрғындары үшін жаңа кө­пір қолданысқа берілді. Бұл – қаладағы мектебіне асыққан балаларға үлкен көмек.

Қала маңындағы ауылдардың қуанышы

Әуелі Балықты саяжайындағы кө­пірдің жайына тоқталсақ. Бұған дейін ескі көпірден қараша халық қорқасоқтап өтетін. Әсіресе облыс орталығында оқитын балалары үшін қам жеген ата-ана­лардың алаңы облыс әкімдігінің де мазасын кетірді. Бұл түйткіл баспа­сөз бетінде де талай көтерілді. Же­тісулықтар қала әкімі Ернат Бәзілмен жүз­десуде көпірдің мәселесі шешілмей келе жатқандығын, көктем мен күз айларында қиындық туғызып, еріген қар суының өткелді басып қалатындығын жеткізген. Мұны жақсы түйсінген қала басшысы бұл мәселе өзінің тікелей назарында екенін айтып, уәде берген-ді. Бұдан халықтың қуанышқа кенелер сәті алыс емес екендігін аңғарғанбыз.

Сөйтіп, қала басшысы тұрғындардың өтінішіне бейжай қарамай, мәселені екі айдың ішінде оңтайлы шешіп берді. Енді саяжайда ені 4 метр, ұзындығы 30 метр болатын көпір арқылы еш кедергісіз өтуге мүмкіндік туып отыр. Содан да болар көпірдің ашылу салтанатына халық көп жиналды.

«Біз халықтың өтінішін жерге тас­тамау үшін сала мамандарымен ке­ңесіп, осы игілікті дүниеге қол жет­кізіп отырмыз. Қаламыздың дамуы үшін кез келген проблеманы кейін­ге қал­дырмау маңызды. Шама жеткен­ше қала сыртындағы ауылдарды түр­лендіруге барымызды саламыз. Бала­лардың қауіпсіз өмір сүруі ұлттың бола­шағын көркейтеді. Қуаныш құтты болсын», деді Е.Бәзіл.

Айта кетейік, көпірдің осы жолғы жөндеу жұмыстарына 19 млн теңге бө­лінді. Барлық талапқа сай, толықтай қауіпсіздік ережелері сақталған. Тұ­р­ғындар мен оқушылар екі ортаға еркін қатынауға болады.

«Өте қуаныштымын. Қаншама жылдан бері осы мәселені көтеріп келдік. Әкім берген уәдесінде тұрып, көпір жөн­делді. Енді балаларымыз үшін алаң­дамаймыз. Әйтпесе, сабақтан сәл ке­шіксе, мазамыз кететін. Тіпті кейбір ата-аналар көпірдің алдына шығып күтіп алады. Ауылдық жер болған соң шаруа көп. Кейде үлгере де алмай қаласын. Бүгін сол уайымымыз сейіліп, көңіліміз бір жадырап қалды», дейді саяжай тұр­ғыны Марат Дүйсенбеков.

Жалпы, Талдықорған шаһары бір­тіндеп көркейіп келеді. Бізді қуанта­тыны бұрынғыдай халықтың ұзақ уа­қыт көмірге кезекке тұрмайтыны. Жыл­дан-жылға қала ішінде қара отынға сұ­раныс азайып келеді. Күні кеше тағы бір тұрғын үй алабына табиғи газ жеткізілді. Енді Ынтымақтағы екі жарым мың ауланың көгілдір отынға қосылуға мүм­кіндігі бар

Мемлекет басшысы Жетісу облысына жасаған сапары барысында Тал­дықорған қаласын 2025 жылға дейін табиғи газбен толық қамтамасыз ету туралы тапсырма берген болатын. Осы­ған орай, өткен жылы Талдықорған қала­сы маңындағы «Үйтас» саяжайына, «Жас­тар-2» ауылына газ берілді. Енді міне, жаңа жылда «Ынтымақ» ауылына газ тартылып отыр.

«Ынтымақта екі жарым мыңдай або­нент бар. Бүгін осы елді мекенді газдан­дырдық. Осындай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, қала маңындағы 8 саяжайды газдандыру аяқталады. Жалпы, 2025 жылы Талдықорған қаласы газбен тегіс қамтамасыз етіледі. Осы бағытта қазір жүйелі жұмыстар жүріп жатыр», дейді қала әкімінің орынбасары Қуаныш Бақытұлы.

«Ынтымақ» тұрғын үй алабын газ­дандыру жұмыстарына 1,4 млрд теңге жұмсалған. Құрылысты «МБК Құры­лыс» ЖШС 2022 жылдың соңында бас­таған. Бүгінде 113,5 км газ желісі тар­тыл­ды. Жыл соңына дейін әлі де жөндеу жұмыстары жалғасады.

Қазіргі кезде Талдықорған қаласында халықтың 90 пайы­зының газға қо­сы­луына жағдай жасал­ған. Бұл ретте жал­пы саны 54,4 мың абоненттің 32,5 мыңы немесе 59 пайыз көгілдір отынның игі­лігін көріп отыр. Алдағы жылдары ауыл тұрғындары көмірге кезекке тұрмайтын болады.

 

Жетісу облысы