Әуелі Балықты саяжайындағы көпірдің жайына тоқталсақ. Бұған дейін ескі көпірден қараша халық қорқасоқтап өтетін. Әсіресе облыс орталығында оқитын балалары үшін қам жеген ата-аналардың алаңы облыс әкімдігінің де мазасын кетірді. Бұл түйткіл баспасөз бетінде де талай көтерілді. Жетісулықтар қала әкімі Ернат Бәзілмен жүздесуде көпірдің мәселесі шешілмей келе жатқандығын, көктем мен күз айларында қиындық туғызып, еріген қар суының өткелді басып қалатындығын жеткізген. Мұны жақсы түйсінген қала басшысы бұл мәселе өзінің тікелей назарында екенін айтып, уәде берген-ді. Бұдан халықтың қуанышқа кенелер сәті алыс емес екендігін аңғарғанбыз.
Сөйтіп, қала басшысы тұрғындардың өтінішіне бейжай қарамай, мәселені екі айдың ішінде оңтайлы шешіп берді. Енді саяжайда ені 4 метр, ұзындығы 30 метр болатын көпір арқылы еш кедергісіз өтуге мүмкіндік туып отыр. Содан да болар көпірдің ашылу салтанатына халық көп жиналды.
«Біз халықтың өтінішін жерге тастамау үшін сала мамандарымен кеңесіп, осы игілікті дүниеге қол жеткізіп отырмыз. Қаламыздың дамуы үшін кез келген проблеманы кейінге қалдырмау маңызды. Шама жеткенше қала сыртындағы ауылдарды түрлендіруге барымызды саламыз. Балалардың қауіпсіз өмір сүруі ұлттың болашағын көркейтеді. Қуаныш құтты болсын», деді Е.Бәзіл.
Айта кетейік, көпірдің осы жолғы жөндеу жұмыстарына 19 млн теңге бөлінді. Барлық талапқа сай, толықтай қауіпсіздік ережелері сақталған. Тұрғындар мен оқушылар екі ортаға еркін қатынауға болады.
«Өте қуаныштымын. Қаншама жылдан бері осы мәселені көтеріп келдік. Әкім берген уәдесінде тұрып, көпір жөнделді. Енді балаларымыз үшін алаңдамаймыз. Әйтпесе, сабақтан сәл кешіксе, мазамыз кететін. Тіпті кейбір ата-аналар көпірдің алдына шығып күтіп алады. Ауылдық жер болған соң шаруа көп. Кейде үлгере де алмай қаласын. Бүгін сол уайымымыз сейіліп, көңіліміз бір жадырап қалды», дейді саяжай тұрғыны Марат Дүйсенбеков.
Жалпы, Талдықорған шаһары біртіндеп көркейіп келеді. Бізді қуантатыны бұрынғыдай халықтың ұзақ уақыт көмірге кезекке тұрмайтыны. Жылдан-жылға қала ішінде қара отынға сұраныс азайып келеді. Күні кеше тағы бір тұрғын үй алабына табиғи газ жеткізілді. Енді Ынтымақтағы екі жарым мың ауланың көгілдір отынға қосылуға мүмкіндігі бар
Мемлекет басшысы Жетісу облысына жасаған сапары барысында Талдықорған қаласын 2025 жылға дейін табиғи газбен толық қамтамасыз ету туралы тапсырма берген болатын. Осыған орай, өткен жылы Талдықорған қаласы маңындағы «Үйтас» саяжайына, «Жастар-2» ауылына газ берілді. Енді міне, жаңа жылда «Ынтымақ» ауылына газ тартылып отыр.
«Ынтымақта екі жарым мыңдай абонент бар. Бүгін осы елді мекенді газдандырдық. Осындай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, қала маңындағы 8 саяжайды газдандыру аяқталады. Жалпы, 2025 жылы Талдықорған қаласы газбен тегіс қамтамасыз етіледі. Осы бағытта қазір жүйелі жұмыстар жүріп жатыр», дейді қала әкімінің орынбасары Қуаныш Бақытұлы.
«Ынтымақ» тұрғын үй алабын газдандыру жұмыстарына 1,4 млрд теңге жұмсалған. Құрылысты «МБК Құрылыс» ЖШС 2022 жылдың соңында бастаған. Бүгінде 113,5 км газ желісі тартылды. Жыл соңына дейін әлі де жөндеу жұмыстары жалғасады.
Қазіргі кезде Талдықорған қаласында халықтың 90 пайызының газға қосылуына жағдай жасалған. Бұл ретте жалпы саны 54,4 мың абоненттің 32,5 мыңы немесе 59 пайыз көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Алдағы жылдары ауыл тұрғындары көмірге кезекке тұрмайтын болады.
Жетісу облысы