Театр • 24 Қаңтар, 2024

Қайта түрленген «Біржан – Сара»

69 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Астана Опера» театры ұлт­тық классика қазынасы – Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсын (либретто авторы – Қа­жым Жұмалиев) жаңа музы­калық-сахналық редакцияда көрерменге тарту етті. Қоюшы режиссері – Асхат Маемиров, режиссер кеңесшісі – Михаил Панд­жавидзе. Театрдың симфониялық оркестріне Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Абзал Мұхит­дин жетекшілік етті.

Қайта түрленген «Біржан – Сара»

Сахнаға «Біржан – Сара» операсының шығуы өнер сүйер қауым үшін ғана емес, «Астана Опера» әртістері үшін де айтулы оқиға. Бірін-бірі ұнатқан қос ақын Біржан мен Сараның хикая­сы қазір де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сондықтан болса керек, ұлттық классикамыздың ұлы та­қырыбы опера театрлары репер­туарында зор маңызға ие. Уақыт­пен бірге жаңарып, жасарып келе жатқан жауһарымыздың бұл сахналануында да жаңалық көп. Біз тамашалаған қойылымда кейіп­керлердің бейнесі жаңаша құрылып, қазақ классикасы басқа қырынан берілді. Операда қол­данылған 3D-технология, италия­лық маман Серджио Метал­лидің бейнепроекциялары шын мәнінде ұлттық жауһарымыздың шырайы­н ашқан сәтті шешімдер болғаны анық.

Қазақ операсының зор жетіс­тігіне айналған спектакльде «Ас­тана Операның» талантты со­листері сахнаға шықты. Біржан партиясын Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Мейір Бай­неш пен Бейімбет Таңарықов орын­дады, ал Сараның рөлін Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қай­раткерлері Бибігүл Жанұзақ пен Айгүл Ниязова сомдады. Екі кеш бойы елордалықтарды ерекше әсерге бөлеген қойылымда сонымен қатар театрдың «жасарған» жаңа құрамы дебюттерімен тәнті етті. Атап айтсақ, қалың кө­рермен Алтынай бейнесінде ал­ғаш шыққан Ұлпан Әубәкірова өнерін зор қошеметпен қарсы алды. «Дарын» мемлекеттік жас­тар сыйлығының лауреаты Алтынбек Әбілда (Жиенқұл), Вале­рий Селиванов (Қожағұл), Ме­рей Қадырханов (Серік) та осы опе­радағы партияларды тұңғыш рет орындады.

– Біржанға бала кезден ғашық Алтынай Сараны өзіне бақталас көріп, қызғаныштан қиянатқа бас тігеді. Жауапсыз махаббат қызды көр соқыр етіп, оның жүрегіне зұ­лымдық ұялатады. Алтынай опе­рада жағымсыз кейіпкер ретін­де көрсетілсе де, мен үшін ол мейі­рімді қыз, тек Біржанды өзіне қа­рата алмағандықтан ашуға бой алдырады. Осы жауапсыз махаббаты оны теріс амалдар жасауға итермелейді. Сезім сергелдеңінің соңы қайғылы жағдайға ұласады. Алтынай қанша жерден қатыгез көрінгенімен, мен кейіпкерімнің әре­кетін барынша ақтап алу­ға, жақсы қасиеттерін баса көрсе­туге тырыстым, деген Ұлпан Әу­­бәкірова пікірін әріптесі, Бір­жанның әкесі Қожағұлдың пар­тиясында шыққан театр әртісі Ва­ле­рий Селиванов: – Қожағұл кішігірім рөл болғанымен, мен үшін маңызды дебют болғаны анық. Кейіпкерім ұлына әрдайым қамқор болып, оны уайымдап жүреді. Себебі молдалар оған билікпен қақтығыс болу қаупін ескертеді. Ал әкесімен са­лыс­тырғанда бұл жағдайға Біржан бей­қам. Осы рөлім арқылы әке мен бала арасындағы қарым-қа­тынасты барынша жан-жақты жет­кізуге тырыстым, дейді солист.

Ал Жиенқұлдың партия­сында дебют жасаған театр со­лисі Алтынбек Әбілданың айтуынша, бұл рөл – оның ұлттық репертуардағы жағымсыз кейіп­керді екінші рет орындауы. Бұған дейін әнші А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» опера­сындағы Жиренше бидің рөлінде сахнаға шыққан.

– Жиенқұл ақын Сараны өзіне күштеп төртінші әйел қы­лып алғысы келеді. Жағымсыз кейіпкер болғандықтан бейнемен көп жұмыс істеуіме тура келді. Рө­лімнің вокалдық-техникалық жағынан диапазоны өте кең. Тө­менгі ноталар көп кездеседі. Сон­дықтан дыбыстардың естілуіне мән беріп, музыкалық фразалармен тыңғылықты жұмыс істедім. Себебі бұл бейненің болмысын шынайы ашу үшін дауысты дыбыстарды анық айту өте маңызды, – деді әртіс.

Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсына екі жылдан кейін сексен жыл толады. 2013 жылы «Астана Опера» театры ұлт­тық классиканың алтын қорындағы дәл осы жауһар­мен ашылған болатын. Бірнеше жыл спектакль Ресейдің Халық әртісі, Қазақстанның Мем­лекеттік сыйлығының лау­реаты Юрий Александровтың қойы­лымында жүріп келді. Айтулы туын­ды 2014 жылы Санкт-Пе­тер­бург қаласындағы атақты Ма­рия театрының сахнасында көр­сетіліп, көрерменнің зор қоше­метіне ие болды. Ал 2018 жылы елордалық театр «Біржан – Сара» операсын Қазақстанның ең­бек сіңір­ген қайраткері Асхат Мае­ми­ров пен кеңесші режиссер Ми­хаил Панджавидзенің заманауи көзқараста сарапталған жаңа музыкалық-сахналық редакциясымен көрермен назарына ұсынды. Екі қойылымның да қоюшы дирижері ретінде Қазақстанның еңбек сіңір­ген қай­раткері, музыкалық редак­­циялардың авторы Абзал Мұхит­дин тер төкті. Жаңашыл көзқараста ұсынылған ұлттық қойылым көрер­мен құрметіне бөленді.