Өнер • 28 Қаңтар, 2024

Ұлттық операның жетістігі

65 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Астана опера» театрының солисі, мемлекеттік «Дарын» жас­тар­­ сыйлығының әрі халықаралық байқаулардың лауреаты Азат­ Мә­лік жуырда Будапешттен оралды. Мажарстан мемлекеттік опера театрының шақыруымен Дж.Пуччинидің «Богема» спек­так­лін­дегі Шонар партия­сын жоғары деңгейде орындап, шетелдік кө­рер­меннің қошеметіне бөленген таланттың жаңа жылға жос­па­ры көп.

Ұлттық операның жетістігі

«Менің Мажарстан мем­лекеттік опера театрын­дағы дебютім Ференц Листтің академиясында магис­тратурада оқып жүрген кезімде А.Пон­кьеллидің «Джаконда» опера­сындағы Бар­на­ба рөлінен бас­талған болатын. Одан кейін Ж.Бизенің «Кармен» операсында Эскамильоны сомдадым. Ал 2021 жылы Ева Мар­тон­ның халықаралық вокалистер бай­қауының лауреаты, II сыйлық иегері атанғанымда қайтадан театрға шақырту алдым. Ма­ған Дж.Пуччинидің «Богема» ­опе­расында Шонардың рөлін орындау бақыты бұйырды. «Богема» опера­сы – өзінің гар­мониясымен таңғалдыратын музыка. Тағдырға сеніп, бір күндік алаң­сыз өмір сүретін кейіпкерлердің ойнақы, же­ңіл лейтмотивтері. Мұн­да басты солист деген жоқ, қо­йы­лым­ның ерекшелігі – топ­тық жұ­мыста жұ­мыл­ған жұ­дырықтай ансамбльге айнала алуында. Операда тұрақ­ты­ қалып жоқ, бұл қойылым мені тоқ­таусыз әрекеттердің бірінен соң бірі жалғасып отыруымен қызық­тыр­ды. Қа­зірге дейін Мажар­стан мем­лекеттік опера теат­рын­­да 15-тен­­ аса спектакльде ән айтып үл­гер­­дім», деп ағынан жарыл­ды­ Азат.

Өткен жылдың соңы мен 2024 жыл­­дың басында «Астана опера»­ солисі Еуропаның ең танымал сах­на­ларының бірінде сүйікті пар­тия­сын­да қайтадан шықты. Әнші атап өткендей, мажарстандық көрер­мен­дер операны және оның ішінде «Богеманы» қатты жақсы көреді екен, сон­дықтан спектакльге билеттер көрсетілімнен біраз уақыт бұрын сатылып кеткен.

«Богема» – әлемдегі ең та­ны­мал опера, сондықтан Ма­жарстан театрының залы әрдайым көрер­мен­ге лық толы. Қойылым болатыны туралы хабарлама өткен көктемде шыққан еді, ал желтоқсан–қаңтар айларына билеттер жазда түгелдей сатылып кетті. Жалпы, мажарстандық әріп­тес­терімнің біздің театрға және Қазақстан мәдениетіне деген қызы­ғу­шылығы ерекше. Мен оларға Астана және еліміз туралы қуана әңгімелеп, бейнематериалдарды көрсеттім. Біразы осында келуге дайындалып жатыр», дейді әнші.

Мәдениет және ақпа­рат­­ ми­нистр­лігінің қол­дауы­мен­ құ­рыл­ған­ «Астана опера» халық­ара­лық опера ака­­де­мия­сы­ның түлектері әлем­дік аренада сұра­ныс­қа ие, олар тұрақты түр­де ше­телде зор жетістікпен өнер көр­сетіп, ұлттық өнерімізді ше­­телде дәріптеп жүр. Соның бірі – кәрі құрлықты керемет өне­рімен мо­йын­датып жүрген осы Азат. Әнші ­26 қаң­тар күні Фран­ция­ның Бель­фор қаласында гас­троль­дік сапары аясында «Астана опе­раның» жетекші солисі, Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Бибі­гүл Жанұзақ­пен бірге ән салады. Француз жұртшылы­ғына дайын­дал­ған концерт бағ­дар­ла­ма­сы­на Дж.Пуччини, Ф.Легар, Э.Корн­гольд, У.Джор­дано­ның, сон­дай-ақ отандық ком­по­зитор­лар­дың туындылары енді. Еуро­­па­­ көрермені Мұ­қан Тө­лебаев («Бақыт вальсі»), Серік Еркімбеков («Жер ас­пан», «Дарқан дала») сын­ды майталман автор­лар­дың шы­­ғармашылығымен қатар, Ғазиза Жұбанованың өңде­уін­дегі «Аққурай», «Алқоңыр» тә­різ­д­і халық музыка өнерімен де таны­са алады.