Ғылым • 29 Қаңтар, 2024

Жас ғалымдардың игі қадамы

140 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жетісу аграрлы өңір болғандықтан ғылымға бет бұрған жас ғалымдар ауыл шаруашылығына қажетті өнімдерді зерттеуге ден қояды.

Жас ғалымдардың игі қадамы

Бұл игілікті іспен І.Жан­сү­гіров атындағы Жетісу университетінің жанынан құ­рыл­ған биотехнология және экологиялық ғылыми-зерттеу институты да айналысып жатыр. Орталық дәнді дақылдардың жаңа түрін ойлап тауып, эколо­гия­лық таза сүт өнімдерін әзір­лемек.

Облыстағы ең ірі білім ша­ңырағы жас ғалымдар мен сту­дент­тердің ғылы­ми-зерттеу жұ­мысымен айналысуына қо­лайлы жағдай жасап отыр. Инс­титут ауқымды жобаларды қолға алып, жастардың жаңа идеяларына қолдау көрсетіп ке­леді. Ғылыми орталықта мо­лекулалық генетика және геномика, био­технология, эко­логия бағы­тында жұмыс іс­тейтін 3 зерт­хана бар. Мәселен, био­­тех­но­ло­гия зертханасы тамақ пен өсім­дік микробиологиясына ден қой­ған.

Қытайдың Шанхай Джяо Тоң уни­вер­ситетінің (Shanghai Jiao Tong University) докторантурасын биоинженерия мамандығы бойынша тәмамдаған Жадыра Сағыманның айтуынша, олар жер­гілікті дәстүрлі ашытылған тағам өнімдерінің микробтық алуан түрлі­л­і­гін бағалап, ондағы микробтық метабо­лизмнің мәнін ашпақ.

«Микробтық ресурстарды жинау және тағам өнеркәсібінде қолданылатын микробтардың штамм банкін қалыптас­тырамыз. Дәстүрлі ашытылған сүт өнім­дерінің негізінде жаңа сүт қышқылды сусындар әзірлеуді жергілікті кәсіпкер­лермен бірге іске асырмақпыз. Сон­дай-ақ ризосфера микробиомы және олар­дың өсімдіктермен өзара әрекет­тесу механизмін зерттеудеміз. Микро­организмдерді пайдаланып, қант қызыл­шасы, арпа, бұршақ сияқты экономи­калық дақылдардың өнімін көбейтуді ойластырып отырмыз», дейді зертхана меңгерушісі Ж.Сағыман.

Жас ғалымдар ауыл шаруашылы­ғы­­ның дамуына кері әсер ететін зиян­кес­тер­мен биологиялық күресудің жаңа тәсілін іздестіріп жатыр. Мұның бәрі Жетісу өңірінің аграрлық әлеуе­тін ескере отырып жүзеге асады. Зертхана­ның кіші ғылыми қызметкері Аяулым Мұратбекова жобаның нәтижелі болуы үшін ұзақ уақыт керегін айтты. «Бұлар ашытылған сүт өнімдерін өндіру­ге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы дақыл­дарының өнімділігін арттыруға бағыт­талған заманауи жобалар. Біз микробтық метагеномикалық зерттеу негізінде қорша­ған ортаны қорғау бағытында қалдық­тарды өңдеуге қаты­са­тын микро­ор­­га­низмдерді анықтап жатырмыз. Микробтардың адам ағзасына пайдалы жағын ескеріп жергілікті халықтың ағзасына микробиомдық талдау жүргіземіз», дейді ол.

Расында, аймақта жыл сайын мал басы өсіп, сүт өнімдерін өндіру көлемі де арта түсті. Сонымен қатар базардағы дүкендерде сүт өнімдері толып тұр. Оның бірі отандық, енді бірі шетел­ден жеткізіледі. Демек барлығы тұрғын­дардың ағзасына пайдалы, денсау­лы­ғына тиімді деп айта алмаймыз. Себе­бі оларды дайындау технология­сын қадағалау мүмкін емес. Ал аталған институт ғалымдарының зерттеу жұ­мы­сымен танысып шыққан соң, олар­дың жетістігі облыста өндірілетін сүт өнімдерінің сапалы әрі қауіпсіз бола­тынына көз жеткіздік. Мұнан өзге, Же­тісу өңірінің аграрлық әлеуе­тін ес­кере отырып, топырақ микро­био­тасы­ның өсімдіктермен өзара әре­кет­­тесу механизмін зерттеу, микро­орга­низмдерді пайдалана отырып, қант қы­зыл­шасы, арпа, бұршақ сияқты дақыл­дардың өнімділігін арттыру бойынша қолға алынған жұмыстар, ауыл шаруашылығы зиянкестері мен ауруларға қарсы биоло­гиялық жаңа технологияларды жетілдіру барысындағы ұмтылыстары да аймақ халқының бола­шағы үшін жасалып жатқан серпінді жұмыстар деп білдік.

Бір байқағанымыз, институттағы мамандар еліміздің генетиктері мен селекционерлеріне селекция циклін алты есе қысқартуға мүмкіндік бе­ре­тін заманауи технологияларды бейім­деу бойынша қарқынды жұмыс атқа­рып жатыр. Техникалық базасы да жақ­сара түскен. Заманауи зертханалық құрыл­ғылар олардың ойға алған нәтижеге жетуіне үлкен мүмкіндік береді.

«Ғылыми-зерттеу қызметі ДНҚ-ның соңғы технологияларын пайдалану негізінде өсімдіктердің күрделі белгі­лерінің генетикалық және физио­логия­лық механизмдерін зерттеу ар­қылы дақыл­дардың биотикалық және абиоти­ка­лық стресс факторла­рына төзімділігі мен икемділігін арттыруға бағытталған. Зертхана отандық би­дайдың өсуін бақы­лайтын гендерді анықтап, олардың эконо­микалық әсе­ріне генетикалық сан­дық бағалау жүр­гі­зеді. Сондай-ақ «Қазақ­стан­дық ас­тықты жақсарту үшін жаңа гене­ти­калық ресурстарды әзірлеу» атты грант аясында астық шығымдылығы­ның компоненттерімен байланысты гендер­дің экзотикалық аллельдерін із­деу үшін бір мезгілде төрт генетикалық кар­таны жасауға бағытталған», дейді Молекулалық генетика және геномика зертханасының меңгерушісі, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, PhD Қанат Ермекбаев.

Әрине, бүгінде бидайдың сан түрлі тұқымы бар. Осы дақылдың тұқымын же­тіл­­дірумен айналысатын ғылыми зерт­теу инс­титуттары да баршылық. Дегенмен олардың дені отандық тұқымдарды бір-біріне будандастыру жолымен тұқым се­лекциясын дамытуды мақсат етсе, мұн­дағы мамандар жергілікті бидай тұқы­мы мен еуропалық өнімділігі жоғары бидай тұ­қымын будандастыру арқылы жаңа түр­лерді анықтауға күш салып жатыр. Тіп­ті шетелдік ғалымдармен тәжірибе ал­ма­­сып, бірлесе отырып жұмыс істейді. Бірақ бір жаңа тұқым сұрпын дайындау ұзақ уа­қытты талап ететіні болмаса, зерт­теу инс­титутының өнімі уақыты келген­де же­тісулық егіншілердің көптеген түйт­кілді мәселесін түбегейлі шешуге септігі тимек.

Университет ғалымдардың ғылыми жобаларын қаржыландыруға да баса назар аударатынын білдік. Осы арқылы жас ғалымдардың зерттеу жұмыстарына жол ашылып отыр. Қазір бұл бағыттағы қаржыландыру көлемі 500 млн теңге­ден асқан. «Университетте 2023 жылы ғылыми және ғылыми-техникалық жо­ба­­лар­ды гранттық қаржыландыру шеңберінде 124 млн теңгеге 7 жоба, 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нә­тижелерін коммерцияландырудың не­ғұрлым әлеуетті жобаларын гранттық қаржыландыру шеңберінде 164 млн теңгеге 1 жоба орындалып жатыр. Грант­тық қаржыландырудан бөлек, былтыр 60 млн теңгеге университеттің ғылыми құрылымдық бөлімдерінің 4 жобасы және «Jas ǵalym-2023» жобасы бойынша 12 млн теңгеге ғылыми жобалар орындалу үстінде. Қаржыландырудың жалпы сомасы 500 млн теңгеден асты», дейді университеттің ғылыми жұмыс жөнін­дегі проректоры Алефтина Бахтаулова.

Жетісулық жас ғалымдардың ізденісі көңіл сүйсіндіреді. Ел Президенті айт­қан­дай, өңірдегі ғылыми үдерісті дамы­ту арқылы мемлекетіміздің эко­номи­калық қуатын арттыра аламыз. Оған І.Жансүгіров атындағы Жетісу универ­ситетіндегі жас мамандардың еңбегі дәлел. Болашақта аталған жобалар өз нәтижесін береді деген ойдамыз.

 

Жетісу облысы