Бұл игілікті іспен І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің жанынан құрылған биотехнология және экологиялық ғылыми-зерттеу институты да айналысып жатыр. Орталық дәнді дақылдардың жаңа түрін ойлап тауып, экологиялық таза сүт өнімдерін әзірлемек.
Облыстағы ең ірі білім шаңырағы жас ғалымдар мен студенттердің ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысуына қолайлы жағдай жасап отыр. Институт ауқымды жобаларды қолға алып, жастардың жаңа идеяларына қолдау көрсетіп келеді. Ғылыми орталықта молекулалық генетика және геномика, биотехнология, экология бағытында жұмыс істейтін 3 зертхана бар. Мәселен, биотехнология зертханасы тамақ пен өсімдік микробиологиясына ден қойған.
Қытайдың Шанхай Джяо Тоң университетінің (Shanghai Jiao Tong University) докторантурасын биоинженерия мамандығы бойынша тәмамдаған Жадыра Сағыманның айтуынша, олар жергілікті дәстүрлі ашытылған тағам өнімдерінің микробтық алуан түрлілігін бағалап, ондағы микробтық метаболизмнің мәнін ашпақ.
«Микробтық ресурстарды жинау және тағам өнеркәсібінде қолданылатын микробтардың штамм банкін қалыптастырамыз. Дәстүрлі ашытылған сүт өнімдерінің негізінде жаңа сүт қышқылды сусындар әзірлеуді жергілікті кәсіпкерлермен бірге іске асырмақпыз. Сондай-ақ ризосфера микробиомы және олардың өсімдіктермен өзара әрекеттесу механизмін зерттеудеміз. Микроорганизмдерді пайдаланып, қант қызылшасы, арпа, бұршақ сияқты экономикалық дақылдардың өнімін көбейтуді ойластырып отырмыз», дейді зертхана меңгерушісі Ж.Сағыман.
Жас ғалымдар ауыл шаруашылығының дамуына кері әсер ететін зиянкестермен биологиялық күресудің жаңа тәсілін іздестіріп жатыр. Мұның бәрі Жетісу өңірінің аграрлық әлеуетін ескере отырып жүзеге асады. Зертхананың кіші ғылыми қызметкері Аяулым Мұратбекова жобаның нәтижелі болуы үшін ұзақ уақыт керегін айтты. «Бұлар ашытылған сүт өнімдерін өндіруге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға бағытталған заманауи жобалар. Біз микробтық метагеномикалық зерттеу негізінде қоршаған ортаны қорғау бағытында қалдықтарды өңдеуге қатысатын микроорганизмдерді анықтап жатырмыз. Микробтардың адам ағзасына пайдалы жағын ескеріп жергілікті халықтың ағзасына микробиомдық талдау жүргіземіз», дейді ол.
Расында, аймақта жыл сайын мал басы өсіп, сүт өнімдерін өндіру көлемі де арта түсті. Сонымен қатар базардағы дүкендерде сүт өнімдері толып тұр. Оның бірі отандық, енді бірі шетелден жеткізіледі. Демек барлығы тұрғындардың ағзасына пайдалы, денсаулығына тиімді деп айта алмаймыз. Себебі оларды дайындау технологиясын қадағалау мүмкін емес. Ал аталған институт ғалымдарының зерттеу жұмысымен танысып шыққан соң, олардың жетістігі облыста өндірілетін сүт өнімдерінің сапалы әрі қауіпсіз болатынына көз жеткіздік. Мұнан өзге, Жетісу өңірінің аграрлық әлеуетін ескере отырып, топырақ микробиотасының өсімдіктермен өзара әрекеттесу механизмін зерттеу, микроорганизмдерді пайдалана отырып, қант қызылшасы, арпа, бұршақ сияқты дақылдардың өнімділігін арттыру бойынша қолға алынған жұмыстар, ауыл шаруашылығы зиянкестері мен ауруларға қарсы биологиялық жаңа технологияларды жетілдіру барысындағы ұмтылыстары да аймақ халқының болашағы үшін жасалып жатқан серпінді жұмыстар деп білдік.
Бір байқағанымыз, институттағы мамандар еліміздің генетиктері мен селекционерлеріне селекция циклін алты есе қысқартуға мүмкіндік беретін заманауи технологияларды бейімдеу бойынша қарқынды жұмыс атқарып жатыр. Техникалық базасы да жақсара түскен. Заманауи зертханалық құрылғылар олардың ойға алған нәтижеге жетуіне үлкен мүмкіндік береді.
«Ғылыми-зерттеу қызметі ДНҚ-ның соңғы технологияларын пайдалану негізінде өсімдіктердің күрделі белгілерінің генетикалық және физиологиялық механизмдерін зерттеу арқылы дақылдардың биотикалық және абиотикалық стресс факторларына төзімділігі мен икемділігін арттыруға бағытталған. Зертхана отандық бидайдың өсуін бақылайтын гендерді анықтап, олардың экономикалық әсеріне генетикалық сандық бағалау жүргізеді. Сондай-ақ «Қазақстандық астықты жақсарту үшін жаңа генетикалық ресурстарды әзірлеу» атты грант аясында астық шығымдылығының компоненттерімен байланысты гендердің экзотикалық аллельдерін іздеу үшін бір мезгілде төрт генетикалық картаны жасауға бағытталған», дейді Молекулалық генетика және геномика зертханасының меңгерушісі, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, PhD Қанат Ермекбаев.
Әрине, бүгінде бидайдың сан түрлі тұқымы бар. Осы дақылдың тұқымын жетілдірумен айналысатын ғылыми зерттеу институттары да баршылық. Дегенмен олардың дені отандық тұқымдарды бір-біріне будандастыру жолымен тұқым селекциясын дамытуды мақсат етсе, мұндағы мамандар жергілікті бидай тұқымы мен еуропалық өнімділігі жоғары бидай тұқымын будандастыру арқылы жаңа түрлерді анықтауға күш салып жатыр. Тіпті шетелдік ғалымдармен тәжірибе алмасып, бірлесе отырып жұмыс істейді. Бірақ бір жаңа тұқым сұрпын дайындау ұзақ уақытты талап ететіні болмаса, зерттеу институтының өнімі уақыты келгенде жетісулық егіншілердің көптеген түйткілді мәселесін түбегейлі шешуге септігі тимек.
Университет ғалымдардың ғылыми жобаларын қаржыландыруға да баса назар аударатынын білдік. Осы арқылы жас ғалымдардың зерттеу жұмыстарына жол ашылып отыр. Қазір бұл бағыттағы қаржыландыру көлемі 500 млн теңгеден асқан. «Университетте 2023 жылы ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру шеңберінде 124 млн теңгеге 7 жоба, 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландырудың неғұрлым әлеуетті жобаларын гранттық қаржыландыру шеңберінде 164 млн теңгеге 1 жоба орындалып жатыр. Гранттық қаржыландырудан бөлек, былтыр 60 млн теңгеге университеттің ғылыми құрылымдық бөлімдерінің 4 жобасы және «Jas ǵalym-2023» жобасы бойынша 12 млн теңгеге ғылыми жобалар орындалу үстінде. Қаржыландырудың жалпы сомасы 500 млн теңгеден асты», дейді университеттің ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Алефтина Бахтаулова.
Жетісулық жас ғалымдардың ізденісі көңіл сүйсіндіреді. Ел Президенті айтқандай, өңірдегі ғылыми үдерісті дамыту арқылы мемлекетіміздің экономикалық қуатын арттыра аламыз. Оған І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетіндегі жас мамандардың еңбегі дәлел. Болашақта аталған жобалар өз нәтижесін береді деген ойдамыз.
Жетісу облысы