Басылым • 30 Қаңтар, 2024

Қаламгер қарымы

89 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Лев Толстой атын­дағы облыстық кітапханада бел­гілі ақын, сөз зер­гері Ақылбек Шаях­меттің төрт бір­дей кітабының тұ­сауы кесілді. Іс-ша­раға өңір зиялы­лары, облыстық әкім­діктің өкілдері, сту­дент жастар мен мек­теп оқушылары қатысты.

Қаламгер қарымы

Кеш барысында қаламгер шы­ғармашылығының көп қырлы­лы­ғымен ерекшеленетіні, ақын­ның поэзиясын айтпағанда, Тобыл то­пы­рағынан шыққан біртуар тұл­ғалардың көркем бейнесін сом­даған, бүгінгі қоғамдағы құбы­лыстарды, адам санасында болып жатқан өзгерістерді, тір­ші­лік тынысын арқау еткен дра­матургиялық шығармалары мен өңір тарихын зерделеген ғылыми-танымдық көсемсөздері, тұлғатану саласындағы көптеген еңбектің руханият кеңістігінен өзіндік орын алатыны айтылды.

Мәселен, кеш қонақтарына тұң­ғыш таныстырылған «Жітіқара» кітабы ақынның кіндік қаны тамған Жітіқара өңірінің көпшілік білмей жатқан беймәлім тарихы, танымал тұлғалары, ел үшін еңбек еткен елеулі азаматтары, табиғи ерекшелігі мен жерасты байлығы туралы құнды мәліметтерге толы.

«Жітіқара Ресейдің шекарасында орналасқан. Арғы бетте Орынбор облысының Бреды, Адам аудандары жатыр. Сол арада кезінде Ақжан Машани жаз­ған табиғаттың керемет көріні­сі, үлкен жәдігер Түйетас жатыр. Бұл түйетасты көп адам көрген жоқ. Табиғаттың жаратқан бір жа­ратылысы, бауырынан бұлақ ағып жатыр. Сол біздің көзімізге шекараны күзетіп жатқан үлкен қара бура сияқты болып көрінетін. Кезінде екі бірдей өркеші болған екен, кен іздеген геологтер астына жарылғыш зат қойып, қопарып тастаған. Жітіқара өңірінде осы сияқты табиғаттың ғажайып туындылары аз емес. Оның сыртында Жітіқарадан он академик, бес-алты қаламгер, көптеген қайраткер, еңбек адамдары шыққан. Бірақ олардың есімдерін ешкім біле бермейді. Өйткені іздеушісі жоқ. Айтатын адамдары жоқ. Мен сол жоқтың орнын толтыруға тырыс­тым», дейді автор жаңа кітап туралы.

Ақылбек Шаяхметтің «Кө­лең­ке» атты жинағына әр жылдары жа­зылған 12 пьесасы енген. «Мен өзімді керемет бір дра­ма­тург­пін деп есептемеймін. Бірақ 5-6 драмам Талдықорғандағы Бекен Римова атындағы театрда, Оралда, Шым­кентте, Қостанай­дың қазақ және орыс театрларында сах­на­лан­­ды», дейді автор. Ақылбек Шаях­­меттің «Ыбырайдың өсиеті» ат­ты драмалық туындысы «Алтын қалам» жүлдесіне ие болған.

Ал «Үмітім үзілмесін, сенімге селкеу түспесін, арманым аласармасын деген ниетпен жазылған «Үміт. Сенім. Арман» жинағына ақынның соңғы бес-алты жыл ішін­де жазылған өлеңдері мен поэмалары топтастырылған.

Қаламгердің «Сөз жаздым қа­лам алып» деген кітабына ел аузы­нан жиналған материалдар, Тобыл өңірінде өмір сүрген, бірақ осы уақытқа дейін есімдері бел­гісіз болып келген діндар дәуір әдебиеті өкілдерінің арап әрпі­нен криллицаға аударылған шығар­малары, ғазалдары мен назымдары, діни дастандары, айтыстары еніп отыр.

Кеш барысында кітапхана жа­нындағы «Ақ қауырсын» клу­бы­ның мүшелері автордың «Қаш­қын» пьесасының бір үзігін сахналап, өлеңдерін жатқа оқыды.

Ақылбек Шаяхметтің осы уақытқа дейін жазған дүниелері 80-ге тарта кітапқа жүк болады. Ақынның тырнақалды жинағы 1977 жылы жарыққа шыққан. Кеш барысында қаламгер шы­ғар­машылығының хронология­сын, тақырыптық, жанрлық ерек­шелігінен мағлұмат беретін үлкен кітап көрмесі ашылды.

 

Қостанай облысы