Кеш барысында қаламгер шығармашылығының көп қырлылығымен ерекшеленетіні, ақынның поэзиясын айтпағанда, Тобыл топырағынан шыққан біртуар тұлғалардың көркем бейнесін сомдаған, бүгінгі қоғамдағы құбылыстарды, адам санасында болып жатқан өзгерістерді, тіршілік тынысын арқау еткен драматургиялық шығармалары мен өңір тарихын зерделеген ғылыми-танымдық көсемсөздері, тұлғатану саласындағы көптеген еңбектің руханият кеңістігінен өзіндік орын алатыны айтылды.
Мәселен, кеш қонақтарына тұңғыш таныстырылған «Жітіқара» кітабы ақынның кіндік қаны тамған Жітіқара өңірінің көпшілік білмей жатқан беймәлім тарихы, танымал тұлғалары, ел үшін еңбек еткен елеулі азаматтары, табиғи ерекшелігі мен жерасты байлығы туралы құнды мәліметтерге толы.
«Жітіқара Ресейдің шекарасында орналасқан. Арғы бетте Орынбор облысының Бреды, Адам аудандары жатыр. Сол арада кезінде Ақжан Машани жазған табиғаттың керемет көрінісі, үлкен жәдігер Түйетас жатыр. Бұл түйетасты көп адам көрген жоқ. Табиғаттың жаратқан бір жаратылысы, бауырынан бұлақ ағып жатыр. Сол біздің көзімізге шекараны күзетіп жатқан үлкен қара бура сияқты болып көрінетін. Кезінде екі бірдей өркеші болған екен, кен іздеген геологтер астына жарылғыш зат қойып, қопарып тастаған. Жітіқара өңірінде осы сияқты табиғаттың ғажайып туындылары аз емес. Оның сыртында Жітіқарадан он академик, бес-алты қаламгер, көптеген қайраткер, еңбек адамдары шыққан. Бірақ олардың есімдерін ешкім біле бермейді. Өйткені іздеушісі жоқ. Айтатын адамдары жоқ. Мен сол жоқтың орнын толтыруға тырыстым», дейді автор жаңа кітап туралы.
Ақылбек Шаяхметтің «Көлеңке» атты жинағына әр жылдары жазылған 12 пьесасы енген. «Мен өзімді керемет бір драматургпін деп есептемеймін. Бірақ 5-6 драмам Талдықорғандағы Бекен Римова атындағы театрда, Оралда, Шымкентте, Қостанайдың қазақ және орыс театрларында сахналанды», дейді автор. Ақылбек Шаяхметтің «Ыбырайдың өсиеті» атты драмалық туындысы «Алтын қалам» жүлдесіне ие болған.
Ал «Үмітім үзілмесін, сенімге селкеу түспесін, арманым аласармасын деген ниетпен жазылған «Үміт. Сенім. Арман» жинағына ақынның соңғы бес-алты жыл ішінде жазылған өлеңдері мен поэмалары топтастырылған.
Қаламгердің «Сөз жаздым қалам алып» деген кітабына ел аузынан жиналған материалдар, Тобыл өңірінде өмір сүрген, бірақ осы уақытқа дейін есімдері белгісіз болып келген діндар дәуір әдебиеті өкілдерінің арап әрпінен криллицаға аударылған шығармалары, ғазалдары мен назымдары, діни дастандары, айтыстары еніп отыр.
Кеш барысында кітапхана жанындағы «Ақ қауырсын» клубының мүшелері автордың «Қашқын» пьесасының бір үзігін сахналап, өлеңдерін жатқа оқыды.
Ақылбек Шаяхметтің осы уақытқа дейін жазған дүниелері 80-ге тарта кітапқа жүк болады. Ақынның тырнақалды жинағы 1977 жылы жарыққа шыққан. Кеш барысында қаламгер шығармашылығының хронологиясын, тақырыптық, жанрлық ерекшелігінен мағлұмат беретін үлкен кітап көрмесі ашылды.
Қостанай облысы