Білім • 30 Қаңтар, 2024

Білімді тәуелсіз бақылау маңызды

79 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қазір қоғамда жекеменшік мектептер, қосымша білім беру орталықтары туралы түрлі пікір айтылып жүр. Осыған қатысты біз де үн қосуды жөн көрдік.

Білімді тәуелсіз бақылау маңызды

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Белгілі педагог Аятжан Ах­мет­жанұлының пікіріне ден қойсақ, жекеменшік мектепті бизнес деп қарауға келмейді. «Жекеменшік мектептердің кө­беюі бәсекелестік тудыра ма? Бес саусақ бірдей емес. Шоу жасап отырған жекеменшік мектептер де бар. Мемлекеттік ба­қылау, қадағалау болмаса, бұлардан опық жеуіміз мүмкін. «Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» болмай кім көрінген жекеменшік мек­теп аша берсе, одан білім­нің сапасы жақсармайды. Мем­ле­кеттік бақылау болуы керек.­ Мені ойландыратын сауал – жекеменшік мектептердің кәсібилігі. Қазір діндарлар мен құрылысшылар, бизнесмендер жекеменшік мектеп ашып жатыр. Білімнің сапасына кім жауап береді? Мектеп қандай меншік түрі болса да, баланың тағ­дырын ұмытпауымыз керек. Бала – мемлекеттікі. Министрліктің көзқарасы бірдей болуы керек, анау мемлекеттік мектеп, мынау жекеменшік мек­теп деген ұғым болмайды. Осы­ны ұмытпайық. Ал білім беру ор­талықтарының көбеюі елімізде білім сапасының нашарлығын көрсетеді. Егер мектепте білім са­палы болса, жұрт баласын бі­лім беру орталығына сүй­рей­тін бе еді? Мек­тепте қанағат­та­нарлық білім берілсе, ата-ана ар­тық шығындалып, білім беру ор­талықтарын іздей ме?», де­ген ой айтады ол. Осы пікір­лерді жалғастыра отырып, бі­рін­ші кезекте «жекеменшік мек­тептерді, қосымша білім беру ор­талықтарын «бизнес» деп қа­рауға болмайды» деген түсінікке көңіл аударғымыз келеді.

Біз педагогтер, мұғалімдер, ата-аналар оқушылардың са­па­­лы білім-тәрбие алуында ше­шу­ші рөл атқаратын ең бас­ты фак­торлардың ғылыми не­гізін жақ­сы білуіміз керек. Бала­ның ертең кім болаты­нын айқындайтын тұқым қуалау­шылық пен қоғамдық орта мен тәрбиенің мәнін білгеніміз дұрыс. Бірінші кезекте баланың тұқым қуалау жолымен алатын танымдық, қабілет ерекшелігі болса, кейін басқа тәрбиелік факторлар оған негізделе отырып, одан әрі дамып жетілдіріледі. Баланың бір жағына «үш жастық, бір жағына құс жастық» қойып, мемлекет оларға «жайлы мектеп» әзірлеп, ата-ана балаларға қан­дай «шоу жасағанмен», та­биғат о баста балаға не берді, одан оқушы алыс кете алмайды. Мұн­дайды француз халқы «Құдай бермегенді Сорбонна бере алмайды» дейді. Демек, ба­ла­ның бәріне бірдей жоғары дең­гейде материалдық жағдай жа­салғанымен, ол баланың бәріне бірдей сапалы білім беруді мектеп қамтамасыз ете алмайды. Яғни тәрбие «бизнес» бола алмайды.

Дидактика ғылымы заман талабына сай оқушылардың сапалы білім алуы күнделікті беріліп жат­қан білімнің нәтижесін тұ­рақты, жүйелі бақылап отыру­ға тәуелді деп қарайды. Әлемдегі үздік инновациялық мектептер өз жұмысының нәтижесін үнемі күрделі мониторингтік бақылау арқылы ғана сапалы білім беруді қамтамасыз етеді. «Білім сапасын анықтайтын өлшем жүйесі жа­салынбайынша, оның сапасын көтеру мүмкін емес. АҚШ-та білім сапасын дамытуға бө­лін­ген қаражаттың 20-25%-ы­ бі­лімнің мониторингтік, тексті­лік бақылау жүйесін же­тіл­діру­ге жұмсалады», дейді бел­гілі пе­дагог-ғалым Асқарбек Құсайынов.

Жалпы, білім беруде кейінгі жылдардағы ең үлкен жетістігіміз – ұлттық бірыңғай тестілеу моделінің жүзеге асырылуы. Бұл біріншіден, білім берудің күн­делікті сапалық деңгейін, білім стан­дартының орындалу ба­рысын жүйелі көріп отыруға мүм­кіндік беретін бірыңғай педа­гогикалық мониторингтің, ба­қы­лаудың басты элементі. Екін­ші­ден, оқушының он бір жыл ал­ған білімін, мемлекеттік стан­дарт­тың орындау деңгейін нақты анықтайтын өлшем жүйесі.

Тестілік сынақ – Еуропа ел­дерінде бұдан бірнеше ғасыр бұ­рын енгізілген, білімді баға­лаудың объективті әдістерінің бірі. Оның басты артықшылығы – білім беруші мекемеге тәуелсіз бақылау жүйесі, субъективті ықпалдың болмауы, бақылауға адам­дық фактордың қатыспауы, мемлекеттік стандарт талабына сәйкес жалпыға бірдей бі­лімді бағалау шкаласының қол­данылуы, әр оқушының білімі мен біліктілік деңгейін айқын­дап, оларға уақтылы талап қою арқылы сапалы білім беруге қолайлы жағдайдың жасалуы.

О баста 2004 жылы еліміз­де тұңғыш рет ҰБТ моделі ен­гізілген­де Асқарбек Құ­сайы­­нов «...ол талапкер­ мен тү­лек­тердің білім сапа­сын әділ ба­ғалауды және білім беру жүйесіндегі сыбай­лас жемқорлықты жоюды қам­тамасыз етуі керек» десе, сол кез­дегі еліміздің Білім және ғы­лым министрі Жақсыбек Құле­кеев: «ҰБТ-ның мақсаты – мұ­ға­лімнің әділетсіз бағасымен күресу. Өткен жылдары біз ерекше аттестатпен емтиханда «екілік» алған оқиғалармен жиі кездестік. «Алтын белгіге» үміткерлер өз білім деңгейін 30 пайызға ғана дәлелдей алды», деген болатын.

ҰБТ моделінің еліміздегі жал­пы білім беру жүйесіндегі атқарған тарихи миссиясы – бі­лім сапасының өсуіне қо­лайлы жағдай жасауы. Оқу орнына түлектерді қабылдау, олар­дың білім дәрежесіне қарай жүр­гі­зіліп, білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықты жоюда ерекше рөл атқарды. Яғни мек­тепке де, ата-аналарға да, білім мекемелерінде де тәуел­сіз, білім үдерісіне сырттай бақылау мен бағалаудың бірың­ғай мониторингтік жүйесін қа­лып­тас­тыруда сапалы жалпы білім беруде тиімді озық тәжірибе жинақтады. «...Мектептің міндеті – оқушыға сапалы, тегін білім беру. Сол үшін мектепке үкі­меттен қаржы бөлінеді, мұ­ғалімдер сол үшін айлық алады. Онда жауапкершілік қайда? Ұстаздарда жауапкершілік болуы керек. Мұғалімдердің жауапкершілігін министрлік азай­тып отыр. 2017 жылы экс-министр Ерлан Сағадиев «Мек­теп ҰБТ-ға жауап бермейді» деген бұйрық шығарды. Осы бұйрық мектептен білім сапасы­ның жауапкершілігін алып тас­тады. Мектеп қазір білімге жа­уап бермейді, балаға баға қояды да отырады. Бала грантқа түсе ме, түспей ме, мемлекет 11 жыл баланы неге оқытты, ҰБТ-дан неге төмен балл алып қалды? Мек­теп мұның біріне жауап бер­мейтін болды», дейді педагог А.Ахметжанұлы.

Рас, бүгінгі таңда ҰБТ мек­теп­тің, білім сапасының рей­тин­гі болудан мүлде қалып ба­рады. Керісінше, оның орнына қар­қынды дамып келе жатқан бағыт – тестілік бақылауды жалпы сабақ үдерісінен, тіпті мектеп­тен тыс, арнайы ақылы, кешкі мек­тептер, репетитор арқылы жүзеге асыруға ерекше мән бе­рі­ле бастады. Қазір көптеген Еуро­па елінде репетиторлықпен ай­налысуға заңмен тыйым са­лын­ған. Репетиторлар өзде­рі бер­­ген білімнің сапасына да, нә­тижесіне де жауап бер­мейді. Демек, ақылы, кешкі мек­тептер саны көбейгенімен, оқу­шыға да, мемлекетке де тиім­сіз жұмыс істеп жатыр. Оны ашық ай­татын уақыт жеткен сияқты. Ди­дактика ғылымы үшін бұл жерде сабақтың әр эле­менті қатаң, бірыңғай, әр пән­нің бағдарламасына сәйкес оқу­шылардың күн сайын білім стандартын меңгеруін қамтамасыз ету болса, оны мектептен, сабақ үдерісінен алып тастағанда, сонда мұғалімдер не істейді?

Кейінгі жылдары түлектердің «Алтын белгі» аттестатын алуы бұрынғыдай бітірушілердің мемлекеттік ҰБТ емтиханы нәтижесі бойынша емес, мектепте тапсырған емтихандарының қорытындысына қарап, мұғалім­дердің өзі қойған бағасына қарай беріледі. Ол «Алтын белгі» алу­шылардың сапа емес, сан жа­ғынан осынша өсуіне (республика бойынша жыл сайын мыңдап өсуіне) негіз болып отыр. Бұл – ҰБТ-ның білімдік мәнін дұрыс пайдаланбай отырғанымыздың нақты көрінісі.

Мемлекеттік тест сынағы тұң­ғыш рет жалпы білім беру­дегі күн­делікті, аралық, тоқ­сандық, жылдық сан алуан білімді мониторингтік бақылау әдістерінің мектепте қатаң ди­дактикалық талаптарға сай жүзеге асуына тікелей ықпал етті. Онсыз бағдарламалық материалды, стандартты әр оқушының жан-жақты, жүйелі меңгеруі мүмкін емес-ті. Оқушының немесе мұғалімнің жауапсыздығынан қанша бағдарламалық білім меңгерілмеді. Қаншасы тайыз­ меңгеріліп, ұмытылды, оны тес­тілеу сынағы нақты көрсетіп беріп отырады. Сөйтіп, оқушы да, мұғалім де, жалпы мектеп­ мем­лекеттік тестілеу сынағы арқылы өз жұмысының нәтижесін нақты көре алады. Оқушы мектеп бағ­дарламасын қаншалықты сапалы меңгерсе, соншалықты жоғары балл жинайды. Демек, жо­ғары немесе төмен балл жинау­дың деңгейі, ең алдымен, оқу­шының, одан әрі мұғалімнің ең­бегіне тікелей тәуелді. Тесті­леу балы – оқушының да, мұға­лімнің де еңбегінің, білім са­пасының өлшемі. Теориялық жағынан дидактика ғылымы үшін бұл жерде үлкен жаңалық жоқ. Бұл жерде әңгіме мектеп практикасында бүгінге дейін біртұтас бақылаудың тестілік, мониторингтік мүмкіндіктерін тиісті дәрежеде жүзеге асыра алмай отырғанымызда. Толықтай алғанда, тестілік бақылау барған сайын 5-6 жыл ішінде мектептегі жалпы білім сапасын көтеруде мүмкіндігі мол екенін нақты дәлелдеді. Бір мысал айталық, еліміздегі жалпы білім беруде ҰБТ рейтингінің ең жоғары болған 2010 және 2011 жылдары тестілік бақылауда түлектердің орта балы 84,8-ден 96,6 балға дейін көтерілген (ол кезде тестінің ең жоғары балы 125 болатын) еді. Демек, түлектер бұдан он, он бір жыл бұрын тестілік 125 сұрақтың 96,6-сына дұрыс жауап беріп, бұған дейін де, кейін де болмаған 77,2% жоғары білім дәрежесін көрсетті.

2010 жылдары республика бо­йынша жаңа типті мектеп­тердің ішінде Орал қаласындағы облыстық мамандандырыл­ған дарынды балалар мектебі түлектерінің тестілеудегі орташа балы (41 оқушы) 120,7 болып 100%-ы грант негізінде жоғары оқу орнына қабылданып, рес­публика бойынша ең жоғары білім деңгейін көрсетті. Кейінгі жылдары мұндай жоғары бал­дық, сапалық деңгей жай мек­тептер түгіл жаңа типті мек­теп­тердің өзінде мүлде кездес­пейді. Бірінші кезекте, білім стандартының меңгеріліп отыруын қамтамасыз ету, жай мектептерден бұрын жоғары сыныптарда бейінді білім беруді қатаң, бірыңғай оқушының қабілет-икемділігіне қарай жүзеге асыра отырып, оларды жоғары оқу орындарына даярлау – ең алдымен, гимназия, лицей, дарынды балалар мектебінің міндеті. Алайда бүгінгі таңда жаңа типті мектептердің өзінде де бі­лім сапасы жай мектептен көп ілгері бола алмай отыр. Өйткені білім сапасын айқындайтын өлшем жүйесінің әлсіздігі, ҰБТ рей­тингінің екінші кезекте қалуы білім сапасын уақ­тылы айқындап, олардың мәр­тебесіне сәйкес қатаң талап қоюға мүмкіндік бермейді. Сондықтан ҰБТ моделінің, білім сапасын объективті анықтайтын қызметін өзіне қайтара отырып, оның сапалы білім берудің басты факторына айналуына қолайлы жағдай жасауға тиіспіз.

Тестілік бақылаудың басты қағидасы – сырттай тәуелсіз бақылау. Оның нәтижесі жоғары болуына мүдделі қандай да болмасын субъективті факторлар оған қатыспауы керек. Сонда ғана тестілік білімді бақылау, бағалау моделі білім стандартының орындалу деңгейінің объективті көрсеткіші бола алады. Алдағы уақытта Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы не Үкіметтің, не Президент әкімшілігінің құзырына берілуі керек-ақ дейтін ұсынысты жүзеге асыратын уақыт жеткен сияқты. Сонда ҰБТ моделі Ғылым және жоғары білім министрлігіне тәуелсіз, еліміздің жалпы білім беру жүйесіндегі білім стандартының орындалу деңгейін сырттай объективті анықтайтын бірыңғай өлшем жүйесі қызметін атқара отырып, мұғалім мәртебесінің өсуіне де, ең бастысы, білім сапасына оңтайлы ықпал етер бірден-бір білімділік факторға айналған болар еді.

 

Нәсіпқали ДӘУЛЕТОВ,

педагогика ғылымдарының кандидаты

 

Батыс Қазақстан облысы