Аймақтар • 31 Қаңтар, 2024

Кенді шаһар түлегелі тұр

323 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әр қаланың дамуында құрылыс жұмыстарының алар орны айрықша. Сапалы да сәнді етіп соғылған сан алуа­н ғимарат шаһар көркін ашып, қаланың даму деңгейін бір саты жоғарылатып тастайтындай. Кейінгі жылдары жүріп жатқан құрылыс жұмыстарының қарқынына көз жүгіртсек, осы салада ілгерілеген үрдістің барына куә болып, қуанамыз. Құрылыстың көбеюі әлеуметтік мәселелердің оңынан шешілуіне жәрдемдеседі. Күрделі жөндеуден өткен тұрғын үйлердің жаңа келбеті шынымен де көз тартады екен. Мұның бәрі жергілікті тұрғындардың игілігіне жарап, жұмыссыздық деңгейінің азаю­ына да өз үлесін қосары сөзсіз. Биыл да қаламызда осындай оң істер жалғасын тауып, бірқатар тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Кенді шаһар түлегелі тұр

Биылғы жылдың аяғына дейін көпқабатты 37 тұрғын үйдің күр­делі жөндеу жұмыстары қай­­та­рымды қаржы негізінде жүр­гізі­летін болады. Бұл жөн­деу жұмыстары қаржылық-эконо­ми­калық негіздеменің қорытын­ды­сына сәйкес жергілікті бюджеттен қаржы түскен соң басталады.

Көппәтерлі тұрғын үйлердің толықтай шатыры ауыстырылып, жертөлесі, кіреберіс, кәріз құ­бырлары жаңартылады. Жөн­деуден өтетін көпқабатты тұрғын үйлер қаланың оңтүстік бетінде орналасқан.

Қайтарымды қаржы негізінде жүргізілетін жөндеу жұмыстары аталған тұрғын үй тұрғындарының 70 пайызының келісімі бойынша жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар меншік иелері жөндеу жұ­мыстарын жүргізетін мердігер мекемені өздері таңдау арқылы ұсынады. Жөндеу жұмыстарын қадағалауды «Тұрғын үй Кентау» ЖШС жүзеге асырады.

– Кентау қаласы бойынша 376 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның – 344 қалада, ал қалғаны ауылдарда орналасқан. 18 үй – коммуналдық меншіктегі үй. 2014 жылы 67 288,0 мың теңгеге 9 көпқабатты тұр­ғын үйдің шатырлары күрделі жөн­деуден өтті. 2017 жылы 452 318,0 мың теңгеге 35 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2019 жылы «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында тұрғын үй қорын жаңғырту саласы бойынша Кентау қаласында 44 көп­қабатты тұрғын үй күрделі жөн­деуден өтті. Ал 2020 жылы 100-ден астам тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстары жоспарланған 132 көп­қабатты тұрғын үйде күрделі құ­рылыс жұмыстары мерді­гер меке­мелер тарапынан өз қара­жа­ты есебінен басталып, 2020 жылға облыстық бюджеттен 32 көпқабатты тұрғын үйге 1 064 534 мың теңге 2021 жылы рес­пуб­ликалық бюджеттен 3 251 452,0 мың теңге қаржы қаралып, бө­лінді. Жалпы, 2014 – 2021 жылдары аралығында 5,843 млрд тең­геге 211 көпқабатты тұрғын үй то­лығымен жаңғыртылды. Осы орайда 2023 жылғы Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында 2023 жылы 55 көпқабатты тұр­ғын үйде күрделі жөндеу жұмыс­тарын жүргізу мақсатында респуб­ликалық бюджетті қалыптастыру барысында 1,57 млрд теңге қаржы қаралып, бүгінгі таңда жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Бұл үйлердің шатырлары мен жертөлелері, инженерлік жүйелері жаңартылып, сыртқы қасбеттері сырланып боялған. Сондай-ақ мердігер мекемелер тарапынан қосымша орындықтар мен жарық шамдар орнатылған, – деді Кентау қаласы әкімдігінің «Құрылыс Кентау» ЖШС-ның бастығы Бақытжан Сланбаев.

Аталған мекеменің жүргізген күрделі жөндеу жұмыстарына қала тұрғындары да өз ризашы­лықтарын білдіріп жатыр. Сапалы атқарған жөндеу жұмысын көп­қабатты үй тұрғындары ұқыпты ұстаса, жасалған еңбектің зая кет­пегені және оның ұзақ уақытқа жететіндігін өздері де мойындап отыр.

– Күрделі жөндеу жүргізуге тұрғындармен бірлесе 2019 жылдан әрекет жасадық. Әл-Фараби көшесінде орналасқан бұл үйдің жөндеу көрмегеніне 41 жыл болған екен. «Тұрғын Үй Кентау» ЖШС-на барып өтініш жаздық. Сонымен, 2020 жылы модернизацияға іліндік. Мердігер компанияның жұмысы тұрғындар көңілінен шықты. Біздің ұсыныстарымызды ескеріп, жұмысты сапалы атқарады. Жалпы, жергілікті бюджет бағдарламасы болғаннан кейін қайтарымды несие қаражатының пайызы жоқ. Осы жағы да бізге қолайлы болып отыр, – дейді Кентау қаласының тұрғыны Майра апай.

Шаһарда тозығы жеткен үй­лерді жаңғырту жұмыстары осы­лайша кезең-кезеңімен атқарылу үстінде. Ал биыл 37 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұ­мыстары жүргізілмекші. Аталған жөндеу жұмысына мемлекет тарапынан 1,5 млрд теңге қа­рас­тырылып отыр. Бүгінгі күнге дейін қаламыздағы 4-5 қа­батты тұрғын үйлердің 90 пайызы­на қайтарымды күрделі жөн­деу жұмыстары жүргізілді. Би­ылғы жылы кенді шаһардың 2-3 қабатты үйлеріне жөндеу жұмыстарын жылдың соңына дейін аяқталады. Қала ішіндегі көп­­пәтерлі үйлердің күрделі жөн­деу жұмыстары біткеннен кейін қалаға қарасты ауылдардағы 2 қабатты үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ащысай, Байылдыр, Хантағы ауылдарында салынған үйлердің көпшілігі сонау соғыс жылдарында 1941 жылдары соғылыпты. Қалаға қарасты ауылдық жерде 34 екі қабатты үй бар. Оның 18-і – коммуналдық меншіктегі үйлер. Ал 6 үй жарамсыз болып табылады. Сонда шамамен 6-8 үйге күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі деп жоспар­ланған.

 

Раушан ПЕРНЕХАНҚЫЗЫ

 

Түркістан облысы,

Кентау қаласы