Биылғы жылдың аяғына дейін көпқабатты 37 тұрғын үйдің күрделі жөндеу жұмыстары қайтарымды қаржы негізінде жүргізілетін болады. Бұл жөндеу жұмыстары қаржылық-экономикалық негіздеменің қорытындысына сәйкес жергілікті бюджеттен қаржы түскен соң басталады.
Көппәтерлі тұрғын үйлердің толықтай шатыры ауыстырылып, жертөлесі, кіреберіс, кәріз құбырлары жаңартылады. Жөндеуден өтетін көпқабатты тұрғын үйлер қаланың оңтүстік бетінде орналасқан.
Қайтарымды қаржы негізінде жүргізілетін жөндеу жұмыстары аталған тұрғын үй тұрғындарының 70 пайызының келісімі бойынша жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар меншік иелері жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігер мекемені өздері таңдау арқылы ұсынады. Жөндеу жұмыстарын қадағалауды «Тұрғын үй Кентау» ЖШС жүзеге асырады.
– Кентау қаласы бойынша 376 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның – 344 қалада, ал қалғаны ауылдарда орналасқан. 18 үй – коммуналдық меншіктегі үй. 2014 жылы 67 288,0 мың теңгеге 9 көпқабатты тұрғын үйдің шатырлары күрделі жөндеуден өтті. 2017 жылы 452 318,0 мың теңгеге 35 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2019 жылы «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында тұрғын үй қорын жаңғырту саласы бойынша Кентау қаласында 44 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. Ал 2020 жылы 100-ден астам тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстары жоспарланған 132 көпқабатты тұрғын үйде күрделі құрылыс жұмыстары мердігер мекемелер тарапынан өз қаражаты есебінен басталып, 2020 жылға облыстық бюджеттен 32 көпқабатты тұрғын үйге 1 064 534 мың теңге 2021 жылы республикалық бюджеттен 3 251 452,0 мың теңге қаржы қаралып, бөлінді. Жалпы, 2014 – 2021 жылдары аралығында 5,843 млрд теңгеге 211 көпқабатты тұрғын үй толығымен жаңғыртылды. Осы орайда 2023 жылғы Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында 2023 жылы 55 көпқабатты тұрғын үйде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында республикалық бюджетті қалыптастыру барысында 1,57 млрд теңге қаржы қаралып, бүгінгі таңда жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Бұл үйлердің шатырлары мен жертөлелері, инженерлік жүйелері жаңартылып, сыртқы қасбеттері сырланып боялған. Сондай-ақ мердігер мекемелер тарапынан қосымша орындықтар мен жарық шамдар орнатылған, – деді Кентау қаласы әкімдігінің «Құрылыс Кентау» ЖШС-ның бастығы Бақытжан Сланбаев.
Аталған мекеменің жүргізген күрделі жөндеу жұмыстарына қала тұрғындары да өз ризашылықтарын білдіріп жатыр. Сапалы атқарған жөндеу жұмысын көпқабатты үй тұрғындары ұқыпты ұстаса, жасалған еңбектің зая кетпегені және оның ұзақ уақытқа жететіндігін өздері де мойындап отыр.
– Күрделі жөндеу жүргізуге тұрғындармен бірлесе 2019 жылдан әрекет жасадық. Әл-Фараби көшесінде орналасқан бұл үйдің жөндеу көрмегеніне 41 жыл болған екен. «Тұрғын Үй Кентау» ЖШС-на барып өтініш жаздық. Сонымен, 2020 жылы модернизацияға іліндік. Мердігер компанияның жұмысы тұрғындар көңілінен шықты. Біздің ұсыныстарымызды ескеріп, жұмысты сапалы атқарады. Жалпы, жергілікті бюджет бағдарламасы болғаннан кейін қайтарымды несие қаражатының пайызы жоқ. Осы жағы да бізге қолайлы болып отыр, – дейді Кентау қаласының тұрғыны Майра апай.
Шаһарда тозығы жеткен үйлерді жаңғырту жұмыстары осылайша кезең-кезеңімен атқарылу үстінде. Ал биыл 37 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмекші. Аталған жөндеу жұмысына мемлекет тарапынан 1,5 млрд теңге қарастырылып отыр. Бүгінгі күнге дейін қаламыздағы 4-5 қабатты тұрғын үйлердің 90 пайызына қайтарымды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биылғы жылы кенді шаһардың 2-3 қабатты үйлеріне жөндеу жұмыстарын жылдың соңына дейін аяқталады. Қала ішіндегі көппәтерлі үйлердің күрделі жөндеу жұмыстары біткеннен кейін қалаға қарасты ауылдардағы 2 қабатты үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ащысай, Байылдыр, Хантағы ауылдарында салынған үйлердің көпшілігі сонау соғыс жылдарында 1941 жылдары соғылыпты. Қалаға қарасты ауылдық жерде 34 екі қабатты үй бар. Оның 18-і – коммуналдық меншіктегі үйлер. Ал 6 үй жарамсыз болып табылады. Сонда шамамен 6-8 үйге күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі деп жоспарланған.
Раушан ПЕРНЕХАНҚЫЗЫ
Түркістан облысы,
Кентау қаласы