Ranking.kz сарапшылары 2025 жылғы статистикалық мәліметтерді негізге ала отырып, осы бағытта арнайы зерттеу жүргізді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша, 15 пен 19 жас аралығындағы әр 1 мың қыз балаға шаққандағы туу коэффициенті республика бойынша 12,96 деңгейінде тіркелді. Бұл көрсеткіш ауылдық жерлерде қалаға қарағанда әлдеқайда жоғары болып шықты.
Жасөспірімдер арасындағы бала туу деңгейі мына өңірлерде басым:
- Жамбыл облысы – 19,67;
- Маңғыстау облысы – 18,87;
- Түркістан облысы – 18,51.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жасөспірім қыздар арасындағы өлім-жітімнің басты себебі – жүктілік пен босану кезіндегі медициналық асқынулар. Қазақстанда 2024 жылы 616 кәмелетке толмаған қыз бала ресми некеге тұрды. Статистика көрсеткендей, қыздар көбіне өздерінен әлдеқайда ересек ер адамдармен отбасын құрады. Мысалы, кәмелетке толмай үйленген ұлдардың саны қыздарға қарағанда 10 есе аз.
Ақтөбе облысында бір жылда 100-ге жуық жасөспірім қыз жүкті болып қалған
Сарапшылар Түркістан және Қызылорда облыстарының деректерін салыстырды. Қызылорда облысында жалпы туу көрсеткіші жоғары болғанымен, жасөспірімдер арасындағы бала туу деңгейі республикалық орташа көрсеткіштен төмен. Бұл өңірде негізінен 25-39 жас аралығындағы ересек әйелдер босанады. Ал Түркістан облысында керісінше, жас аналардың үлесі басым.
Тіпті 10-14 жас аралығындағы бүлдіршіндердің ана атану жағдайлары Ұлытау, Қарағанды және Қостанай облыстарында да тіркелген.