Оқиға • 06 Ақпан, 2024

Шыңғыстайдағы неміс қызы

1734 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бұл махаббат хикаясы Шыңғыстай ауылында өрбіген. Жазушы ауылдың соғыстан кейінгі етек-жеңін енді-енді жия бастаған мамыражай кезеңін суреттей отырып, романтикалық дүние туғызған. Үлкендерден сұрасақ, болған оқиға деседі. Иә, Оралхан Бөкей шығармашылығына арқау еткен тақырыптың дені – өз ауылы, ауыл адамдары... Біз айтайық деп отырғанымыз, «Мынау аппақ дүние» дей-тұғын мөлдіреп тұрған повесі. Шығармадағы басты кейіпкер Нұрлан Әкімбаев әлі күнге Шыңғыстай ауылында тұрады.

Шыңғыстайдағы неміс қызы

Оралхан оны әңгімесінде ауылға кел­ген немістің қызына ғашық болған бозбала ретінде көрсеткенімен, Нұрлан ақсақал «ғашық болған мен емес, өзі», деп кеңк-кеңк күлетін. Иә, ол туралы Оралхан Бөкей естеліктерінің бірін­де «Кішкентай күннің басы секілді күн­бағысты Шыңғыстайға неміс қызы Луиза әкелген. Оны ауылдықтар күнбағар деп кеткен. Менің кіндік шешем, Аннаның үйінде тұрды. Сол күннен бастап, Луиза екеуміз достасып кеттік. Қалада өскен немістің қызына күнбағыстың арасында атқа мінуді үйреттім» деген еді. 

смр

Оқиға желісіне шолу жасасақ, ұлы жеңіске он жыл  толып, шыңғыстайлықтар ұлан-асыр той жасайды. Алтайдың аспанында ән әуелеп, әр үйде қазан көтеріледі, шырмауықтан сыра ашытылады. Мәз-мәйрам ел клубтың ескі тақтайын тепкі­леп, би билейді, артынша кино көрсеті­леді. Алайда айрандай ұйыған ауыл­дың шырқын күндердің күні шыбық мініп, ауылға қарай жүгіріп келе жатқан қара табан ауылдың баласы бұзған. «Елді алатайдай бүлдірген шыбық мініп, ауылдың үстінен шаңдатып, шапқылап өткен қара бала болды. Ол құйрығын сабалап, құйын-перен жүгірген күйі бар даусымен «неміс келе жатыр, неміс келе жатыр» деп жер жаңғырта айғайлайды», деп суреттейді жазушы. Рас, Оралхан – суреткер жазушы. Лирикаға толы повесін жаза оты­рып, Алтай табиғатын, кешқұрымғы Бұқ­тыр­ма сарынын, оның долы толқыны жар қабақты тепкілеп, ауыл іргесін қопа­рып жатқанын, көктемгі тасқында терек-талды тамырымен жұлып, ағызып әкетіп бара жатқанын дәлме-дәл бейнелейді. Оралхан жазған Бұқтырманың тентек­тігі әлі күнге басылған жоқ. Ауылдың етек жағындағы үйлердің көбін су шайып, кеміріп жатыр. Табиғаттың бұл міне­зіне тосқауыл болатын не техника, не тех­нология табылмаған...

Сөйтсе, кеше ғана қан майданда қарсы соғысқан немістің қызы ауылға агроном болып келе жатыр екен. Әуелде ел оны жаудың қызы деп жақтырмаған. Күнбағыс жейміз бе деп, келеке қылған. Аппақ шашы иығына төгілген аққұба қыз ауылға кіргенде, жат-жұрт көрмеген ауыл халқы қоғадай жапырылып жол беріскен. Қалай десек те, аңқылдаған ауыл халқы құшақ жаймаса да, кеудесінен итермеген. Күңкілдеп сөйлегендерді Нұрланның шешесі тыйып тастап, колхоз кеңсесіне қарай жол сілтеп, қаршадай қызды шығарып салған. Махаббат хикаясы осы күннен басталады. Анна кемпірдің үйінен шықпайтын Нұрлан енді ол жаққа баруға жүрексінетінді шығарды. Көңілі Луизаға ауып, нағыз махаббатын кезіктіргендей күй кешті. Иә, ауылдық жерде солай емес пе еді?! Сырттан келген қызға ауылдың бозбалалары сұқтана қарап, сөз салғыш келер еді. Бірақ соңғы жиырма-отыз жылда шетелді қойып, басқа қаланың қызы жат ауылға жұмысқа бара қоймайды. Заман өзгерген. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы да өзге өңірлердегі студенттерді ішінара болмаса, бұрынғыдай тарта алмады. Керісінше, қалаға бір ілінген бала қайтып ауылға аттап басқысы келмейтінді шығарды. Бес-он жыл бұрын жастар Астана мен Алматыны көксесе, қазір шетел асуды арман қылды. Асып кетіп жатқаны қаншама?! Ал Луизадай агроном мамандығын таңдап, Алтайдың қуысында жатқан ауылға шынашақтай қызды қуып апара алмасыңыз анық. Ата-ананың да жібергісі жоқ. Ауыл десе, ат-тонымызды ала қашатынды шығарды. Болашақты ауылмен байланыстырғанды қойдық. Бақыт деген шетел ассаң күтіп тұратындай күйге түстік. Қарыштап дамып кеткен елдей ауылға экзотика ретін­де қарауды шығардық. Ауыл пешінің суре­тін әлеуметтік желіге жүктеп, «есіңізде ме?» деп жазатын жас­тар шықты. Солар шіркін, Луизадай ауылға барар ма еді? Луиза Шыңғыстайға жаңалығымен, жаңа­шылдығымен барды. Бұған дейін ауыл елі тары егіп, оны талқан қылуды ғана білсе, неміс қызы Қара – далаға күнбағыс егіп, елді таңғалдырған. Шемішке тұқымын ұр­лап, бау-бақшасына шашқандардың ұр­лы­ғы тамыз туа ашылып қалғаны қы­зық. Күнбағыс сап-сары күндей дөңге­ле­ніп, бас жарған. (Ұрлық қылғандар­­дың да басы жарылған шығар). Ауыл елінің осыдан соң кеше ғана көрместей болып жүрген неміс қызына құрметі артады. Тек ауылдағы жалғыз көлікті тізгіндеп жүрген Қожақтың ғана жүрегі жібімеген. Тіпті, Луизаны «фашист» деп ұрып та жіберген. Ішінде қатып қалған кек бар еді. Әкесі соғыстан қайтпаған. Жау қолынан қаза тапса керек. Сол үшін де Қожақтың Луизаға деген көзқарасы өзгермесі анық еді. Ал оныншы сыныптағы Нұрлан шынайы ғашық. Бар ойы өзінен бірер жас үлкен Луизада. Луиза келгелі мінез-құлқы да өзгерген. Есейген. Әке-шешесіне қолғабыс қылып, қарындасы Шол­панға қамқорлығын күшейткен. Бәрі­не уақыт тапты. Сол замандағы қа­зақ халқының кеңдігі қандай?! Ауылға 1910 жылдары жер ауып келген Гриша мен Аннаны да бөтенсіген жоқ. Жо-жоқ, әуелде қорасын, моншасын өртеп жі­бер­ген басбұзарлар да болған. Бірақ барар жер, басар тауы қалмаған екі жас Шың­ғыс­тайға сіңісіп кеткен. Айтқандай, Орал­хан­ның кіндігін кескен Анна кемпір еді. Ол туралы бұл повесінде ғана емес, бас­қа да шығармаларында кездеседі. Естуім­ше, тоқсаннан асып барып көз жұмған Аннаны ауылдықтар мұсыл­ман­ша жерлеген көрінеді. Шындыққа сая­тын сөз. Себебі, Шыңғыстайдың қақ орт­­асын­дағы мұсылман зиратынан бас­қа бейіт­тер­ жоқ. Қазағы да, орысы да Бұқ­тыр­ма жа­ға­сындағы қабақта тыныш­тық тапқан.

Ол заман мен бүгінгі Шыңғыстайдың тынысы да, тіршілігі де өзгерген. Ауылдың маңайына жайқалтып күнбағыс егу былай тұрсын, егін егілмейді. Тоқсаныншы жылдардың басында базары тарқаған ауылдың тұрмыс-тіршілігі мал ғана. Ауылдықтар ала жаздай жем-шөбін әзірлеп алып, алты ай қыста момақан күн кешеді. Кім білсін, күндердің күні ауылдың ажарын енгізетіндей Луиза қыз қайта бір айналып соғатын шығар...