Алматы • 08 Ақпан, 2024

Лай көшкіні төрт адамның өмірін қиды

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сәрсенбіден бейсенбіге қараған түні Алматының Медеу ауданына қарасты «Тау самалы» шағынауданы, Олимпийская көшесінің бойында техногендік топырақтың лайлануы салдарынан лай көшкіні жүрді. Апаттан тау бөктерінде орналасқан екі бірдей жеке тұрғын үй зардап шегіп, ішінде төрт тұрғыны бар бір үй топырақ астында қалды. Өкінішке қарай, тілсіз жаудан бір отбасының мүшелері түгел қаза тапты.

Лай көшкіні төрт адамның өмірін қиды

Мәлім болғандай, апаттан зардап шеккен шаңырақта 1980 және 1984 жылы туған ерлі зайыптылар мен олардың 2007 жылы дүниеге келген егіз ұлы болған. Оларды іздестіру шара­лары бірнеше сағатқа со­зыл­ды. Құтқару жұмысына «Қазселденқорғау» мемлекеттік ме­кемесі, Алматы қаласы «109 құт­қару қызметі», республикалық жедел-құтқару жасағы, Төтенше жағдай департаментінің жедел жәрдем бригадасы, Медеу ауданы әкімдігінен 160 адам және 32 техника жұмылды. Жа­қын маңдағы үйлердің тұрғын­дары №47 орта мектепке эвакуа­ция­ланып,олардың кейбірі өз еріктерімен туыстарының үйіне кеткен. Марқұмдардың туыс­тары мен көршілеріне шұғыл психологиялық көмек көрсетілді.

рпо

Оқиға орнына келген қала әкімі Ерболат Досаев бүлінген ғима­раттарды аралап, шұғыл көш­пелі кеңес өткізді. Әкімнің тапсыр­масымен оқиғаның себеп­терін тексеру және лай көшкіні салдарын жоюға арнайы топ құ­рылды. Тереңдігі 1 метрге жуық жұқа топырақ қабатының жо­лағы, ауырлық күшінің әсе­рінен еріген қармен қанығып, баурайдан төмен қарай сырғыған.

«Құтқарушылар қираған үйде тұрған отбасы мүшелерін із­дестіру жұмыстарын аяқ­тады. Қай­ғылы оқиға төрт адам­ның өмі­рін қиып отыр. Қаза бол­­ған жандардың жа­қын­да­ры­на қайғыра көңіл ай­та­мын. От­басының барлық мү­ше­сін жер­леуді ұйымдастыру үшін көмек көр­сетіледі. Қазіргі уақытта ел­ден тыс жерде оқитын қаза бол­ған отбасының үлкен ұлына білім алуға және келген соң өмір сүруіне материалдық қол­дау көрсетіледі», деді Ерболат Досаев.

Алматы қаласы мен Алматы облысының таулы аудандарында мұндай қауіпті орындар аз емес. Кейбір аумақтардағы тұрғын үйлер тіпті таудың қия беткейінде орналасқан. Қи­раған үйге жақын маңда тұ­ратын Айшагүл Ерманова, мұнда 10 жыл бұрын осындай оқиғадан бір әжей қайтыс болғанын, қыстың соңы мен көктем айларында жан­дарын шүберекке түйіп отыратынын жеткізді.

Медеу ауданының әкімі Ер­ке­бұлан Оразалин көшкін бол­ған «Тау Самалы» шағын ауда­нындағы инженерлік желі­лердің жағдайына байланысты түсінік­теме берді.

«Қазір «Тау-Самалы» шағын ауда­нында жеке сектордың ком­му­никацияларға қосылуы ретсіз әрі қауіпті. Жеке секторда­ғы көп­теген та­рату желісі стан­дарт­­тарға сәйкес келмейді. Жа­қын арада бұл мәселені шешу үшін біз өткен жылдан бастап та­рату желілерін салу жобасын әзірлеуге кіріскен болатын­быз. Біз «Балқаш» су көзін көр­сеттік, жаңа ұңғымалар – бұл бірінші кезең. Екінші кезең – тарату желілерін жүр­гізу және су құбырымен қатар кәріз желілерін салу, өйткені таулы жерлерде сеп­тиктерді пайдаланатын жеке үйлер қауіпсіз емес», дейді Е.Оразалин.

 

АЛМАТЫ