Мәлім болғандай, апаттан зардап шеккен шаңырақта 1980 және 1984 жылы туған ерлі зайыптылар мен олардың 2007 жылы дүниеге келген егіз ұлы болған. Оларды іздестіру шаралары бірнеше сағатқа созылды. Құтқару жұмысына «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі, Алматы қаласы «109 құтқару қызметі», республикалық жедел-құтқару жасағы, Төтенше жағдай департаментінің жедел жәрдем бригадасы, Медеу ауданы әкімдігінен 160 адам және 32 техника жұмылды. Жақын маңдағы үйлердің тұрғындары №47 орта мектепке эвакуацияланып,олардың кейбірі өз еріктерімен туыстарының үйіне кеткен. Марқұмдардың туыстары мен көршілеріне шұғыл психологиялық көмек көрсетілді.
Оқиға орнына келген қала әкімі Ерболат Досаев бүлінген ғимараттарды аралап, шұғыл көшпелі кеңес өткізді. Әкімнің тапсырмасымен оқиғаның себептерін тексеру және лай көшкіні салдарын жоюға арнайы топ құрылды. Тереңдігі 1 метрге жуық жұқа топырақ қабатының жолағы, ауырлық күшінің әсерінен еріген қармен қанығып, баурайдан төмен қарай сырғыған.
«Құтқарушылар қираған үйде тұрған отбасы мүшелерін іздестіру жұмыстарын аяқтады. Қайғылы оқиға төрт адамның өмірін қиып отыр. Қаза болған жандардың жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Отбасының барлық мүшесін жерлеуді ұйымдастыру үшін көмек көрсетіледі. Қазіргі уақытта елден тыс жерде оқитын қаза болған отбасының үлкен ұлына білім алуға және келген соң өмір сүруіне материалдық қолдау көрсетіледі», деді Ерболат Досаев.
Алматы қаласы мен Алматы облысының таулы аудандарында мұндай қауіпті орындар аз емес. Кейбір аумақтардағы тұрғын үйлер тіпті таудың қия беткейінде орналасқан. Қираған үйге жақын маңда тұратын Айшагүл Ерманова, мұнда 10 жыл бұрын осындай оқиғадан бір әжей қайтыс болғанын, қыстың соңы мен көктем айларында жандарын шүберекке түйіп отыратынын жеткізді.
Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин көшкін болған «Тау Самалы» шағын ауданындағы инженерлік желілердің жағдайына байланысты түсініктеме берді.
«Қазір «Тау-Самалы» шағын ауданында жеке сектордың коммуникацияларға қосылуы ретсіз әрі қауіпті. Жеке сектордағы көптеген тарату желісі стандарттарға сәйкес келмейді. Жақын арада бұл мәселені шешу үшін біз өткен жылдан бастап тарату желілерін салу жобасын әзірлеуге кіріскен болатынбыз. Біз «Балқаш» су көзін көрсеттік, жаңа ұңғымалар – бұл бірінші кезең. Екінші кезең – тарату желілерін жүргізу және су құбырымен қатар кәріз желілерін салу, өйткені таулы жерлерде септиктерді пайдаланатын жеке үйлер қауіпсіз емес», дейді Е.Оразалин.
АЛМАТЫ