Тағзым • 14 Ақпан, 2024

Өшпес ерлікке тағзым

60 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай ауданының Айсары жалпы білім беретін мектебінде Ауған соғысының аяқталуына 35 жыл толуына арналған тағылымды кеш өтті. Іс-шараға Варшава келісімшарты әскери топтары филиалының директоры Ербол Бекішев бастаған ардагерлер қатысты.

Өшпес ерлікке тағзым

Кеш басталар сәтте бір мезет үн­сіздік жарияланып, көпшілік Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етті. Одан кейін ардагерлер сөз алып, оқушыларға отты жылдардан естеліктер айтты.

«Қазір жұрт Ауған соғысы туралы әртүрлі әңгіме айтады. Бірақ бұл – кезінде кеңес одағының құрамында болған елдер­дің бәріне ортақ қанмен жазылған тарих. Одан енді ешқашан қашып кете алмаймыз. Ол соғыста қаншама қылшылдап тұрған жігіттер қаза тапты. Сіздер ол заманның қал­пы қандай, адамы қандай болғанын біл­мейсіздер. Сондықтан жаңа уақыттың мінберінде тұрып олар не үшін қаза тапты, кім үшін, не үшін соғысты, соны түсінбейміз деп айта салу оңай. Олар Отан аманатына адал азаматтар болды. Осыны ұмытпауымыз керек. Ең бастысы, заманымыз бейбіт болсын. Оқ атылмасын, бомба жарылмасын! Сәби жетім, ана жесір қалмасын! Ол үшін сіздер жақсы оқып, мықты азамат болып шығуларыңыз керек», деді Ауған соғысының ардагері Ербол Қалиұлы.

сми

Кеш қонақтары мектеп оқушылары әзір­ле­ген концерттік бағдарламаны, алғаш­қы әс­кери дайындық пәнінің мұғалімі Нұр­тай Айтжанов басқаратын «Жас сарбаз» үйір­месіне қатысып жүрген балалардың өнерін тамашалады. Жас сарбаздар сапқа тұрып, түрлі соғыс тәсілдерін көрсетіп, оқу автоматын жылдам бөлшектеп, қайтып жинау­дан жарысты.

Кеш барысында «Отты жылдардың сабағы» атты кітап көрмесі ашылып, Ауған соғысы туралы қысқа бейнероликтер көрсетілді.

«Ауған соғысында және басқа да қақты­ғыстарда құрбан болған ардагерлер құрмет пен қошеметке лайық. Мұны жастар білуге тиіс. Олардың ерліктерін үлгі ету маңызды», дейді мектеп директоры Рағат Қабылан.

 

Қостанай облысы,

Айсары ауылы