Кеш басталар сәтте бір мезет үнсіздік жарияланып, көпшілік Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етті. Одан кейін ардагерлер сөз алып, оқушыларға отты жылдардан естеліктер айтты.
«Қазір жұрт Ауған соғысы туралы әртүрлі әңгіме айтады. Бірақ бұл – кезінде кеңес одағының құрамында болған елдердің бәріне ортақ қанмен жазылған тарих. Одан енді ешқашан қашып кете алмаймыз. Ол соғыста қаншама қылшылдап тұрған жігіттер қаза тапты. Сіздер ол заманның қалпы қандай, адамы қандай болғанын білмейсіздер. Сондықтан жаңа уақыттың мінберінде тұрып олар не үшін қаза тапты, кім үшін, не үшін соғысты, соны түсінбейміз деп айта салу оңай. Олар Отан аманатына адал азаматтар болды. Осыны ұмытпауымыз керек. Ең бастысы, заманымыз бейбіт болсын. Оқ атылмасын, бомба жарылмасын! Сәби жетім, ана жесір қалмасын! Ол үшін сіздер жақсы оқып, мықты азамат болып шығуларыңыз керек», деді Ауған соғысының ардагері Ербол Қалиұлы.
Кеш қонақтары мектеп оқушылары әзірлеген концерттік бағдарламаны, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Нұртай Айтжанов басқаратын «Жас сарбаз» үйірмесіне қатысып жүрген балалардың өнерін тамашалады. Жас сарбаздар сапқа тұрып, түрлі соғыс тәсілдерін көрсетіп, оқу автоматын жылдам бөлшектеп, қайтып жинаудан жарысты.
Кеш барысында «Отты жылдардың сабағы» атты кітап көрмесі ашылып, Ауған соғысы туралы қысқа бейнероликтер көрсетілді.
«Ауған соғысында және басқа да қақтығыстарда құрбан болған ардагерлер құрмет пен қошеметке лайық. Мұны жастар білуге тиіс. Олардың ерліктерін үлгі ету маңызды», дейді мектеп директоры Рағат Қабылан.
Қостанай облысы,
Айсары ауылы