Экология • 18 Ақпан, 2024

Климаттық саясаттағы құлдырау

70 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жаһанды жайлаған экологиялық ахуалмен күресуге әлем елдерінің күші жетпей жатыр. Еуропаның климаттық саясаты да құлдыраудың аз-ақ алдында тұр. Өйткені фермерлердің наразылық акцияларынан «жалыққан» Еуроодақ комиссиясының басшысы Урсула фон дер Ляйен пестицидтерді пайдалануды екі есе қысқартуға арналған заң жобасын кері қайтарып алып, сынға қалды. Сонымен қатар сарапшылар Қазақстанда «алты айдан астам уақыт бойы жанып тұрған алау, жер бетінде метанның ең үлкен ағымын тіркеді» деп мәлімдеп, мұны Батыс БАҚ-тары жарыса жазды.

Климаттық саясаттағы құлдырау

Басты себеп – пестицид

2019 жылы Еуроодақ Комиссиясының тіз­­гінін қолға алған бойда Германияның бұ­рын­ғы Қорғаныс министрі Урсула фон дер Ляйен Брюссельдің алдағы 10 жылға климатты қорғауға 1 трлн еуро бөлінетінін хабарлап, ауаға таралатын улы газ шығарындыларын азайтудың ұзақмерзімді стратегиялық тұжы­рым­дамасын ұсынған еді. Алайда өткен аптада ол 2030 жылға қарай зиянкестер мен арам­­шөпке қарсы химиялық қоспалар­ды пай­­далануды екі есе қысқартуға арналған заң жо­басын кері қайтарып алып, қосымша кеңес өткізетінін айтты. Сонымен қатар Брюс­­сель 2040 жылға дейінгі климаттық мақ­­­сатқа арналған ұсыныстарында ауылша­руа­­­шылық шығарындылары бойынша нақты нұс­қауларды алып, қоршаған ортаны қорғау бағ­дарламасында көрсетілген жануарларды қор­ғау ережелерін жеңілдету, тыңайған жер­лерді егістікке қалдыру секілді кейбір мәсе­лелерді де «сызып» тастады. Оған қоса ко­миссия азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруа­шылығына зиянын тигізетін ескерте отырып, фермерлерге қысқамерзімді жеңілдіктер берді.

Сарапшылар Урсула фон дер Ляйеннің бұл қадамын маусымда өтетін сайлаумен байланыс­тырады. Өйткені Франция, Германия, Польша, Румыния, Бельгия елдерінің фермерлері жиі наразылыққа шығып, қабылданып жатқан іс-шаралардың шаруашылық жүргізуге үлкен кедергі болатынын мәлімдеді. Сондықтан сарапшылар «алдағы сайлау алдында фермер­лерді тыныштандырудың бір амалы жасалды», дейді. Десе де, «The Guardian» Урсула фон дер Ляйеннің екінші қайтара Еуроодақ басшысы болып бес жылға сайланатыны күмән туғызып отырғанын айтады. Мәселен, фермерлердің наразылығы секілді оқиғалар Франциядағы Марин Ле Пен, Германиядағы Элис Вайдель және оңшыл голландтардың жетекшісі Герт Вилдерс сияқты популистердің элитаға қар­сы ұпайларын арттырады. Негізі сайлауда дауыс­ беретіндердің басым бөлігі – фермерлер. Тәжірибе көрсеткендей, олар дәстүрлі түр­де негізгі консервативті және Христиан-де­мо­кратиялық партияларға дауыс берді, ал социа­листер мен социал-демократтар дауыстарды өнеркәсіптік қалалық жерлерде жинады. Бір қызығы, фермерлердің қаһарынан ең көп зардап шегетін партия – «Жасылдар», олар тіпті комиссия мен Парламентте үстемдік ететін негізгі оңшыл, либералды-центристік және солшыл-орталық партиялар коалициясының құрамына кірмейді. Оңшыл популистер өз алдына, идеологиялық немесе ұлттық келіс­пеушіліктерге байланысты Еуропалық Пар­ла­ментте бір топта отыра алмайды, өйткені бір-бірі­мен келісе алмайды, пікірлері қайшы. Ур­­сула Фон дер Ляйен үшін аз ғана жұбаныш осы.

Жалпы, Урсула Фон дер Ляйеннің діттеген мақсатына жетуіне электр энергиясының ша­рықтап кеткен құны мен Ресейдің Украинаға басып кіруінен туындаған инфляцияның өсуі кедергі болды.

 

Метанға қатысты алаңдау

Ал Қазақстанның ауаға ірі көлемде метан шығындыларын тастап, экологияға біршама зиян келтіргені Еуроодақтың пестицидтерінен де асып түсті. Ғалымдар мұны планетада тір­келген ең ірі газ мөлшері деп атады. BBC таратқан мәліметке қарағанда, өткен жылы еліміздің батыс өңірінде орналасқан ұңғыма­дан шамамен 127 мың тонна улы газ ауаға тараған, ол 6 айдан астам уақыт бойы от болып лаула­ған. Ұңғымаға иелік ететін «Бузачи нефть» ком­паниясы болса бұл деректі жоққа шы­ғарған. Ал ғалымдар метан көмірқышқыл га­зына қарағанда әлдеқайда күшті парниктік газ еке­нін түсіндіріп, алаңдаушылық білдіріп отыр.

АҚШ-тың қоршаған ортаны қорғау агент­тігінің есептеуінше, мұндай масштабтағы газдың қоршаған ортаға әсері жылына 717 мыңнан астам бензинмен жүретін көліктердің санына тең екен. БҰҰ метан шығарындылары жөніндегі халықаралық обсерваториясының басшысы Манфреди Кальтаджроненің ай­туынша, Қазақстанда тіркелген метан көлемі – бұрын-соңды болмаған оқиға.

ВВС ақпаратына сәйкес Қазақстанда улы газдың таралуы өткен жылдың 9 маусымында елдің оңтүстік-батысында тіркелген. Мамандар ауаға өрт ретінде лаулап шыққан газды 25 желтоқсанда ғана тоқтатқан. Ұңғыманы цементпен бітеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

Сарапшылардың айтуынша, бұл табиғи газ негізінен адам көзіне көрінбейтін метанды құрайды. Алайда күн сәулесі метаннан құралған бұлт арасынан қылау берген кезде, спутниктік бақылау құрылғыларында «ерекше із» қалдырып тұрады. Қазақстандағы метанды француздық «Kairos» геоаналитикалық компаниясы зерттеген, олардың деректерін Нидерланд ғарыштық зерттеулер институты мен Испаниядағы Валенсия Политехника­лық университетінің ғалымдары растады. Олар спутниктен алынған деректерді зерттеп, 2023 жылдың маусымы мен желтоқсаны аралығында 115 рет байқалған метанның жо­ғары концентрациясын анықтады. Зерт­теу­шілер осы деректерді негізге алып, бір ұңғы­мадан 127 мың тонна метан ағып кеткенін есеп­теген. Зерттеу жүргізген ғалымдардың бірі Луис Гуантердің айтуынша, бұл – осы кезге дейін тіркелген екінші оқиға, бұған дейін метан «Солтүстік ағыннан» ең көп мөлшерде ауаға таралған.

«Спутникпен бақылаған кезде аспандағы бұлт сияқты сыртқы факторлар спутниктердің көрсеткіштеріне әсер етуі мүмкін болса да, ғалымдар Қазақстандағы ұңғымадан метан­ның көп мөлшері шыққанына толық сенімді», деп жазды ВВС. Нидерландтық «SRON» ғарыш­ты зерттеу институтының өкілі Эрик Арендс «метан таралғанына күмән жоқ» деді.

«Алғаш рет газдың шығуын 2023 жылдың маусымда TROPOMI 21 жерсерігі дәл анық­тады. TROPOMI-дің көру аймағын бұлттар шектесе де, Маңғыстау түбегінен көп нәрсе анықтағанын байқауға болады», деді Арендс жерсерік түсірілімінен көрініп тұрған метан шлейфін нұсқап. Ғалымдардың айтуын­ша, жер бетіне ең жақын атмосфера қабаты тропосфераға мониторинг жүргізуге арналған TROPOMI 2017 жылы Еуропа ғарыш агенттігі орбитаға шығарған «Copernicus Sentinel-5 Precursor» жерсерігінің бортында орналасқан.

Ал ұңғыма тиесілі компания өкілдері деректі жоққа шығарып, ұстанымдарынан айнымай отыр.

 

Лас елдер де – климаттың «жауы»

Өнеркәсіптік шығарындылар, ауыл ­ша­­руа­шылығында химиялық өнімдерді пай­далану, өзен-көлдерге түрлі қоқыс тас­­тау жаһандық климаттың өзгеруіне әкеп соқ­тырды. Экологиялық ахуалды әлемдегі лас елдер де өршіте түсті. Халықаралық экологтер жүргізген зерттеулер, ең лас елдер дамушы мемлекеттер екенін анықтады. Алдың­ғы қатарда Бангладеш тұр. Бұл ел қорша­ған ортаға дезинфекциядан өтпейтін өте улы заттар шығарады. БҰҰ мәліметтеріне қарағанда, ауа сапасы нашар болғандықтан, елде әр сағат сайын 800-ге дейін адам қайтыс болады. Екінші орында Пәкістан тұр. Өңдеу, металлургия және мұнай өңдеу өнеркәсіптері дамып келе жатқандықтан Пәкістандағы ауаның ластану деңгейі 74 пайызды құрайды. Елде антисанитарлық, топырақтың тозуы, су қалдықтарымен ластанған және аймақтың химиялық ластануымен байланысты күрделі мәселелер бар. Одан кейін тізімде тұрған ел – Үндістан. Өнеркәсіптік қалдықтармен ластанған 146,82 млн гектар жерді халық ауыл шаруашылығына пайдалана алмайды. Елдің негізгі өзендері тұрмыстық қалдықтарға толы, соған қарамастан тұрғындар суды пайдалануға мәжбүр. Шамадан тыс популяция, антисанитария және кедейлік аурудың тез таралуына ықпал етеді. Үндістандағы қолайсыз экологиялық жағдайға байланысты мутант балалар жиі дүниеге келеді. Төртінші орында – Ауғанстан. Қақтығыстан көз ашпаған елдің экономикасы құлдырады. Кейінгі жылдары ауаның ластану деңгейі қауіпті деңгейге жетті, өйткені тұрғындар үйлерді жылыту үшін кез келген қоқысты жағуға мәжбүр. Ауғанстанда әлі күнге дейін лас этилденген жанармай қолданылады. Бестіктің соңғы тізімінде Кувейт тұр. Бұл елдегі экологиялық жағдай мұнай өнеркәсібінің дамуына байланысты нашарлады. Ауаның ластануынан өзге, су мәселесі де өзекті болып тұр. Мұнай құбырлары жиі жарылып, салдарынан теңізге төгілген мұнай­дан су флорасы мен фаунасы зардап шегіп
жатыр.