Басты себеп – пестицид
2019 жылы Еуроодақ Комиссиясының тізгінін қолға алған бойда Германияның бұрынғы Қорғаныс министрі Урсула фон дер Ляйен Брюссельдің алдағы 10 жылға климатты қорғауға 1 трлн еуро бөлінетінін хабарлап, ауаға таралатын улы газ шығарындыларын азайтудың ұзақмерзімді стратегиялық тұжырымдамасын ұсынған еді. Алайда өткен аптада ол 2030 жылға қарай зиянкестер мен арамшөпке қарсы химиялық қоспаларды пайдалануды екі есе қысқартуға арналған заң жобасын кері қайтарып алып, қосымша кеңес өткізетінін айтты. Сонымен қатар Брюссель 2040 жылға дейінгі климаттық мақсатқа арналған ұсыныстарында ауылшаруашылық шығарындылары бойынша нақты нұсқауларды алып, қоршаған ортаны қорғау бағдарламасында көрсетілген жануарларды қорғау ережелерін жеңілдету, тыңайған жерлерді егістікке қалдыру секілді кейбір мәселелерді де «сызып» тастады. Оған қоса комиссия азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығына зиянын тигізетін ескерте отырып, фермерлерге қысқамерзімді жеңілдіктер берді.
Сарапшылар Урсула фон дер Ляйеннің бұл қадамын маусымда өтетін сайлаумен байланыстырады. Өйткені Франция, Германия, Польша, Румыния, Бельгия елдерінің фермерлері жиі наразылыққа шығып, қабылданып жатқан іс-шаралардың шаруашылық жүргізуге үлкен кедергі болатынын мәлімдеді. Сондықтан сарапшылар «алдағы сайлау алдында фермерлерді тыныштандырудың бір амалы жасалды», дейді. Десе де, «The Guardian» Урсула фон дер Ляйеннің екінші қайтара Еуроодақ басшысы болып бес жылға сайланатыны күмән туғызып отырғанын айтады. Мәселен, фермерлердің наразылығы секілді оқиғалар Франциядағы Марин Ле Пен, Германиядағы Элис Вайдель және оңшыл голландтардың жетекшісі Герт Вилдерс сияқты популистердің элитаға қарсы ұпайларын арттырады. Негізі сайлауда дауыс беретіндердің басым бөлігі – фермерлер. Тәжірибе көрсеткендей, олар дәстүрлі түрде негізгі консервативті және Христиан-демократиялық партияларға дауыс берді, ал социалистер мен социал-демократтар дауыстарды өнеркәсіптік қалалық жерлерде жинады. Бір қызығы, фермерлердің қаһарынан ең көп зардап шегетін партия – «Жасылдар», олар тіпті комиссия мен Парламентте үстемдік ететін негізгі оңшыл, либералды-центристік және солшыл-орталық партиялар коалициясының құрамына кірмейді. Оңшыл популистер өз алдына, идеологиялық немесе ұлттық келіспеушіліктерге байланысты Еуропалық Парламентте бір топта отыра алмайды, өйткені бір-бірімен келісе алмайды, пікірлері қайшы. Урсула Фон дер Ляйен үшін аз ғана жұбаныш осы.
Жалпы, Урсула Фон дер Ляйеннің діттеген мақсатына жетуіне электр энергиясының шарықтап кеткен құны мен Ресейдің Украинаға басып кіруінен туындаған инфляцияның өсуі кедергі болды.
Метанға қатысты алаңдау
Ал Қазақстанның ауаға ірі көлемде метан шығындыларын тастап, экологияға біршама зиян келтіргені Еуроодақтың пестицидтерінен де асып түсті. Ғалымдар мұны планетада тіркелген ең ірі газ мөлшері деп атады. BBC таратқан мәліметке қарағанда, өткен жылы еліміздің батыс өңірінде орналасқан ұңғымадан шамамен 127 мың тонна улы газ ауаға тараған, ол 6 айдан астам уақыт бойы от болып лаулаған. Ұңғымаға иелік ететін «Бузачи нефть» компаниясы болса бұл деректі жоққа шығарған. Ал ғалымдар метан көмірқышқыл газына қарағанда әлдеқайда күшті парниктік газ екенін түсіндіріп, алаңдаушылық білдіріп отыр.
АҚШ-тың қоршаған ортаны қорғау агенттігінің есептеуінше, мұндай масштабтағы газдың қоршаған ортаға әсері жылына 717 мыңнан астам бензинмен жүретін көліктердің санына тең екен. БҰҰ метан шығарындылары жөніндегі халықаралық обсерваториясының басшысы Манфреди Кальтаджроненің айтуынша, Қазақстанда тіркелген метан көлемі – бұрын-соңды болмаған оқиға.
ВВС ақпаратына сәйкес Қазақстанда улы газдың таралуы өткен жылдың 9 маусымында елдің оңтүстік-батысында тіркелген. Мамандар ауаға өрт ретінде лаулап шыққан газды 25 желтоқсанда ғана тоқтатқан. Ұңғыманы цементпен бітеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
Сарапшылардың айтуынша, бұл табиғи газ негізінен адам көзіне көрінбейтін метанды құрайды. Алайда күн сәулесі метаннан құралған бұлт арасынан қылау берген кезде, спутниктік бақылау құрылғыларында «ерекше із» қалдырып тұрады. Қазақстандағы метанды француздық «Kairos» геоаналитикалық компаниясы зерттеген, олардың деректерін Нидерланд ғарыштық зерттеулер институты мен Испаниядағы Валенсия Политехникалық университетінің ғалымдары растады. Олар спутниктен алынған деректерді зерттеп, 2023 жылдың маусымы мен желтоқсаны аралығында 115 рет байқалған метанның жоғары концентрациясын анықтады. Зерттеушілер осы деректерді негізге алып, бір ұңғымадан 127 мың тонна метан ағып кеткенін есептеген. Зерттеу жүргізген ғалымдардың бірі Луис Гуантердің айтуынша, бұл – осы кезге дейін тіркелген екінші оқиға, бұған дейін метан «Солтүстік ағыннан» ең көп мөлшерде ауаға таралған.
«Спутникпен бақылаған кезде аспандағы бұлт сияқты сыртқы факторлар спутниктердің көрсеткіштеріне әсер етуі мүмкін болса да, ғалымдар Қазақстандағы ұңғымадан метанның көп мөлшері шыққанына толық сенімді», деп жазды ВВС. Нидерландтық «SRON» ғарышты зерттеу институтының өкілі Эрик Арендс «метан таралғанына күмән жоқ» деді.
«Алғаш рет газдың шығуын 2023 жылдың маусымда TROPOMI 21 жерсерігі дәл анықтады. TROPOMI-дің көру аймағын бұлттар шектесе де, Маңғыстау түбегінен көп нәрсе анықтағанын байқауға болады», деді Арендс жерсерік түсірілімінен көрініп тұрған метан шлейфін нұсқап. Ғалымдардың айтуынша, жер бетіне ең жақын атмосфера қабаты тропосфераға мониторинг жүргізуге арналған TROPOMI 2017 жылы Еуропа ғарыш агенттігі орбитаға шығарған «Copernicus Sentinel-5 Precursor» жерсерігінің бортында орналасқан.
Ал ұңғыма тиесілі компания өкілдері деректі жоққа шығарып, ұстанымдарынан айнымай отыр.
Лас елдер де – климаттың «жауы»
Өнеркәсіптік шығарындылар, ауыл шаруашылығында химиялық өнімдерді пайдалану, өзен-көлдерге түрлі қоқыс тастау жаһандық климаттың өзгеруіне әкеп соқтырды. Экологиялық ахуалды әлемдегі лас елдер де өршіте түсті. Халықаралық экологтер жүргізген зерттеулер, ең лас елдер дамушы мемлекеттер екенін анықтады. Алдыңғы қатарда Бангладеш тұр. Бұл ел қоршаған ортаға дезинфекциядан өтпейтін өте улы заттар шығарады. БҰҰ мәліметтеріне қарағанда, ауа сапасы нашар болғандықтан, елде әр сағат сайын 800-ге дейін адам қайтыс болады. Екінші орында Пәкістан тұр. Өңдеу, металлургия және мұнай өңдеу өнеркәсіптері дамып келе жатқандықтан Пәкістандағы ауаның ластану деңгейі 74 пайызды құрайды. Елде антисанитарлық, топырақтың тозуы, су қалдықтарымен ластанған және аймақтың химиялық ластануымен байланысты күрделі мәселелер бар. Одан кейін тізімде тұрған ел – Үндістан. Өнеркәсіптік қалдықтармен ластанған 146,82 млн гектар жерді халық ауыл шаруашылығына пайдалана алмайды. Елдің негізгі өзендері тұрмыстық қалдықтарға толы, соған қарамастан тұрғындар суды пайдалануға мәжбүр. Шамадан тыс популяция, антисанитария және кедейлік аурудың тез таралуына ықпал етеді. Үндістандағы қолайсыз экологиялық жағдайға байланысты мутант балалар жиі дүниеге келеді. Төртінші орында – Ауғанстан. Қақтығыстан көз ашпаған елдің экономикасы құлдырады. Кейінгі жылдары ауаның ластану деңгейі қауіпті деңгейге жетті, өйткені тұрғындар үйлерді жылыту үшін кез келген қоқысты жағуға мәжбүр. Ауғанстанда әлі күнге дейін лас этилденген жанармай қолданылады. Бестіктің соңғы тізімінде Кувейт тұр. Бұл елдегі экологиялық жағдай мұнай өнеркәсібінің дамуына байланысты нашарлады. Ауаның ластануынан өзге, су мәселесі де өзекті болып тұр. Мұнай құбырлары жиі жарылып, салдарынан теңізге төгілген мұнайдан су флорасы мен фаунасы зардап шегіп
жатыр.