Экология • 19 Ақпан, 2024

Жаһандық бастамаға үн қосты

37 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті отандық жоғары оқу орындары арасында әлем тұр­ғындарын энергияны үнемдеуге және табиғи ресурс­тарды сақтауға шақыратын «M’illumino di Meno» экологиялық акциясына бірінші болып қатысып, жаһандық бастамаға үн қосты.

Жаһандық бастамаға үн қосты

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Акция аясында университеттің студенттер үйінде жарық өші­рілді. Сөйтіп, аталған жоғары оқу орны табиғи ресурстарға жанашыр­лық­пен қарайтын жаһандық бастаманы қолдайтынын көрсетті.

«Мемлекет басшысы Дүние­жүзілік кли­мат­тық саммитте сөй­леген сө­зінде біздің еліміз бо­ла­шақ ұрпақ үшін қоршаған ортаны сақтауға бағытталған нақты шаралар қа­былдау жөніндегі БҰҰ-ның үндеуін қолдайтынын атап өтті. Қазақстан аймақта бірінші болып Париж келісімін ратификациялап, 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығы стратегиясын қабыл­дағаны белгілі. Біз осы маңызды баста­маны қолдап, ғылыми және білім беру жобаларын жүзеге асырып келеміз. Ға­лым­дарымыз қоршаған ортаны қор­ғауға бағытталған зерттеулер жүргізіп отыр.  Оқу барысында да студенттерді  табиғат пен табиғи ресурстарға жауапкершілікпен қарауға баулимыз», деді  университет ректоры Ерлан Сыдықов.

Бастамаға Студенттер үйінде тұ­ратын білім алушылар белсенді қатысты. Олар бөлмелеріндегі жа­рық пен электр құралын 1 минутқа сөндірді. Университеттегі механика-математика факультетінің 1-курс студенті Ұлпан Тұрсынбек энергияны тиімді жұмсау және үнемдеу өте қажет екенін жеткізді.

«Қазір күнделікті тұрмыста энергия тұтынудың жаппай өсіміне байланысты энергияны үнемдеу мәселесі алғашқы қатардан орын алып отыр. Әрине, оған өзіміз себепкерміз. Әсіресе бұл мәселе ірі қалада анық байқалады. Бүгін біз электр қуатын үнемдеуге бағытталған әлем­дік акцияға қатысып отырмыз. Ме­нің­ше, бұл – жаңа өзгерістерге жол аша­­тын үлкен бетбұрыс. Егер осы бас­та­маның арқасында 100 адамның 10-ы өзіне ой түйіп, электр энергия­сын дұрыс қолдану туралы түсінік қалыптастырса, бұл еліміздің экономикасына да, халықтың әл-ауқатына да  орасан  ықпалын тигізері сөзсіз», деді ол.