Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Акция аясында университеттің студенттер үйінде жарық өшірілді. Сөйтіп, аталған жоғары оқу орны табиғи ресурстарға жанашырлықпен қарайтын жаһандық бастаманы қолдайтынын көрсетті.
«Мемлекет басшысы Дүниежүзілік климаттық саммитте сөйлеген сөзінде біздің еліміз болашақ ұрпақ үшін қоршаған ортаны сақтауға бағытталған нақты шаралар қабылдау жөніндегі БҰҰ-ның үндеуін қолдайтынын атап өтті. Қазақстан аймақта бірінші болып Париж келісімін ратификациялап, 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығы стратегиясын қабылдағаны белгілі. Біз осы маңызды бастаманы қолдап, ғылыми және білім беру жобаларын жүзеге асырып келеміз. Ғалымдарымыз қоршаған ортаны қорғауға бағытталған зерттеулер жүргізіп отыр. Оқу барысында да студенттерді табиғат пен табиғи ресурстарға жауапкершілікпен қарауға баулимыз», деді университет ректоры Ерлан Сыдықов.
Бастамаға Студенттер үйінде тұратын білім алушылар белсенді қатысты. Олар бөлмелеріндегі жарық пен электр құралын 1 минутқа сөндірді. Университеттегі механика-математика факультетінің 1-курс студенті Ұлпан Тұрсынбек энергияны тиімді жұмсау және үнемдеу өте қажет екенін жеткізді.
«Қазір күнделікті тұрмыста энергия тұтынудың жаппай өсіміне байланысты энергияны үнемдеу мәселесі алғашқы қатардан орын алып отыр. Әрине, оған өзіміз себепкерміз. Әсіресе бұл мәселе ірі қалада анық байқалады. Бүгін біз электр қуатын үнемдеуге бағытталған әлемдік акцияға қатысып отырмыз. Меніңше, бұл – жаңа өзгерістерге жол ашатын үлкен бетбұрыс. Егер осы бастаманың арқасында 100 адамның 10-ы өзіне ой түйіп, электр энергиясын дұрыс қолдану туралы түсінік қалыптастырса, бұл еліміздің экономикасына да, халықтың әл-ауқатына да орасан ықпалын тигізері сөзсіз», деді ол.