Кино • 19 Ақпан, 2024

Алысқа жеткен «Айқай»

271 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кәрі құрлықтан жеткен ақжолтай хабар қазақ кино өнерінің мерейін асырып тастады. Оның себебі – режиссер Кенжебек Шайқақов түсірген «Айқай» фильмі аламанда топ жарды. Айтулы кинокартина Францияның Везуль кинофестивалінде Бас жүлде – Гран при сыйлығымен қоса Орта Азия киносыншы­ларының «НЕТПАК» жүлдесін қатар иеленді.

Алысқа жеткен «Айқай»

«Айқай» – режиссер Кенжебек Шай­қақовтың екін­ші толықметражды жұ­мысы, ал Ұлттық киноны қолдау мем­лекеттік орта­лығының қолдауымен түсірген алғашқы фильмі. Кейіпкерлерін нәзік юмормен сараптайтын режис­сердің суреткерлік қолтаңбасы айқын. Өткен жылы Оңтүстік Кореяда өткен әйгілі Пусан кинофестивалінің А Window on Asian Cinema бағдарламасы аясында көрсетілген фильм енді кәрі құрлық көрер­мен­дерін тәнті етті.

– Халықаралық кинофес­тивальдерде фильмдерімізге деген сұраныс жоғары екенін көріп отырмыз. Әлемдегі ең ірі кинофес­тивальдерде топ жарып жүрген «Ай­қай» картинасы – осының дәлелі. Жалпы, киноиндустрия өкілдері және біздің ор­талық жұмысты бір жүйеге қойып, әр фильм өз мақсатын айқындауға тиіс. Бізге фильмдеріміздің сө­релерде шаң басып жатқаны емес, олардың прокатқа шы­ғуы, фес­ти­вальдарға қаты­сып, жетістіктерге жет­кені маңызды, – деп атап өтті «Ұлт­­тық кино­ны қолдау мем­лекеттік орталығы» КеАҚ бас­­қар­ма төрағасы Құрманбек Жұмағали.

«Айқайда» ядролық сы­нақтардан зардап шеккен Семей полигоны құр­бан­дарының тағдыры баян­да­лады. Екі аяқсыз туған бас кейіпкердің өмірі арқы­лы ядролық жарылыс құр­бан­дарының қасіретті тағ­дыры, сонымен қатар анасынан айы­рылған баланың әкесіне жанашырлығын, қам­қорлық жасауға деген талпынысы боя­масыз суреттеледі.

Көркем туындының тү­сірілімі Абай облысының Аягөз ауданы, Шыңғожа ауы­лында өтті. Басты рөлдерде ойнаған Орынбек Шайма­ғанбетов, Арнұр Акрам, Ер­болат Әл­қожа, Бейнұр Бай­мұхамбетов, Ерлан Малаев, Айбек Иманқұлов, Айғаным Нұр­сұлтан сынды актерлер жұмысы шынайы­лығы һәм бейне сараптаудағы терең­дігімен дараланды.