Өндіріс • 19 Ақпан, 2024

Жетісудағы жаңа зауыт

138 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Талдықорғанда тұрмыстық химия өндіретін шағын зауыт іске қосылды. Тәулігіне 10 тонна өнім шығару мүмкіндігі бар цех қаланы күнделікті тұрмысқа қажет сұйық ұнтақтармен толық қамтамасыз етуге қауқарлы. Кәсіпкер бұл бизнесіне 50 млн теңге инвестиция салған. Қазір шағын кәсіпорынның жұмысын Қытай мамандарымен бірлесе жандандырып жатыр. Ендігі мақсаты – өнімдерді үлкен нарыққа шығару.

Жетісудағы жаңа зауыт

Суретті түсірген – Дмитрий Ерофеев

Кәсіп иесі Тоқа Қарқын – тарихи отанына оралған көп қазақ­тың бірі. Бірнеше жыл бойы түрлі салада бағын сынап, ақыры өз ісін ашуға бел байлайды. Нарық сұранысын зерттей келе, ол тұр­мыстық химия бизнесімен айналысуды жөн көрді. Бизнесте тәжі­рибесі аздығы да кәсіп бастауы­на кедергі келтірмеді. Бүкіл үдеріс­ті зерттеп, ең алдымен қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, қо­лай­л­ы бөлмені жалға ал­ды. За­манауи 3 станок орнатып, 4 түрлі өнім шығара бастады.

«Құрал-жабдықтарды Қытай­дан сатып алдым. Үйлестірушілер жабдықтарды орнатып, қалай қолдануды үйретті. Қазір «Таза» брендімен ыдыс жууға арналған гель, кір жууға арналған гель кон­центратын және «Akzhol» авто­көлік косметикасының шыны және көлік жууға арналған екі түрін шығарамыз. Кәсіпорын­ның қуаттылығы тәулігіне 10 тонна дайын өнім шығаруға жетеді. Әзірге 1 тонна өндіріп жатырмыз. Кәсіпорнымыз өткен жыл­дың желтоқсан айының соңын­да ашылғандықтан, бұл баста­ма­­сы деуге болады. Сауда-сат­тық­ты жолға қойдық. Бізде жұ­мыс іс­тей­­тін 6 қызметкердің 2-еуі осы ба­ғыт­ты жүргізеді. Әзір­ге өнім­деріміз Талдықорған мен Ал­ма­тыдағы түрлі шағын дүке­н­­­де сатылып жатыр. Ал кәсіп­орын­­дағы орташа жалақы 200 мың теңгені құрайды», дейді «Қарқын Групп» ЖШС директоры Т.Қарқын.

Кәсіпорында өнім шығару­мен қатар сол өнімдерге арнал­ған ыдыстар да жасалады. Яғни тәулігіне 6 мың дана қуат­ты­лығы бар арнайы станокта плас­тикалық бөтелкелер шы­ға­ры­ла­ды. Кәсіпкер барлық өнім­ге қажетті шикізатты, оның қап­­­тамасына арналған өндіріс қа­­­жет­тіліктерін Алматыдан сатып алады. Мәселен, осындай ингре­диент­тердің 15 түрі жет­кі­зіледі, оның ішінде картон қораптары да бар.

«Өнімдеріміздің сапасы бел­гілі брендтерден еш кем емес, солай бола тұра әлдеқайда арзан, өйткені шикізаттың басым бөлігі – отандық өнім. Мәселен, 2 литр сұйық ұнтақтың зауыттық бағасы – 1 200 теңге, ыдыс жуатын сұйықтың 1,2 литрі – 800 теңге. Біздің сұйық ұнтақты машинаға да, қолмен жуғанда да қолдануға болады. Ол түрлі дақтарды жақсы кетіреді, жағымды исі бар, гипоаллергенді. Өнімдерді сатып алып жатқан, қолданып көріп, сапасына көз жеткізген тұтынушыларымыз да өз пікір­ле­рін басқалармен бөліседі деп сенеміз. Өнімдерімізді әлеу­мет­тік желілер арқылы насихаттап, ақпараттарды Instagram желісіндегі @karkyn.grup парақ­шасына салып отырамыз», дейді кәсіпорын директоры.

Кәсіпкер мұнымен тоқтап қалмай, жақын арада шеберханасына арнап жеке ғимарат салып, шығарылатын өнім түрлерін кеңейтуді армандайды.

«Жеке ғимаратымыз болса ғой. Өйткені үй-жайды жалға алу – едәуір шығын. Құрылыс үшін бізге жер телімі керек. Бұл жағынан мемлекеттің қол­дауына жүгінеміз. Тұрғын­дар­­ды қолжетімді бағада күн­де­лік­ті тұрмысқа қажетті сапалы өнім­дермен қамтамасыз етуді жал­ғас­ты­рамыз», деді кәсіпкер.

 

Жетісу облысы