Суретті түсірген – Дмитрий Ерофеев
Кәсіп иесі Тоқа Қарқын – тарихи отанына оралған көп қазақтың бірі. Бірнеше жыл бойы түрлі салада бағын сынап, ақыры өз ісін ашуға бел байлайды. Нарық сұранысын зерттей келе, ол тұрмыстық химия бизнесімен айналысуды жөн көрді. Бизнесте тәжірибесі аздығы да кәсіп бастауына кедергі келтірмеді. Бүкіл үдерісті зерттеп, ең алдымен қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, қолайлы бөлмені жалға алды. Заманауи 3 станок орнатып, 4 түрлі өнім шығара бастады.
«Құрал-жабдықтарды Қытайдан сатып алдым. Үйлестірушілер жабдықтарды орнатып, қалай қолдануды үйретті. Қазір «Таза» брендімен ыдыс жууға арналған гель, кір жууға арналған гель концентратын және «Akzhol» автокөлік косметикасының шыны және көлік жууға арналған екі түрін шығарамыз. Кәсіпорынның қуаттылығы тәулігіне 10 тонна дайын өнім шығаруға жетеді. Әзірге 1 тонна өндіріп жатырмыз. Кәсіпорнымыз өткен жылдың желтоқсан айының соңында ашылғандықтан, бұл бастамасы деуге болады. Сауда-саттықты жолға қойдық. Бізде жұмыс істейтін 6 қызметкердің 2-еуі осы бағытты жүргізеді. Әзірге өнімдеріміз Талдықорған мен Алматыдағы түрлі шағын дүкенде сатылып жатыр. Ал кәсіпорындағы орташа жалақы 200 мың теңгені құрайды», дейді «Қарқын Групп» ЖШС директоры Т.Қарқын.
Кәсіпорында өнім шығарумен қатар сол өнімдерге арналған ыдыстар да жасалады. Яғни тәулігіне 6 мың дана қуаттылығы бар арнайы станокта пластикалық бөтелкелер шығарылады. Кәсіпкер барлық өнімге қажетті шикізатты, оның қаптамасына арналған өндіріс қажеттіліктерін Алматыдан сатып алады. Мәселен, осындай ингредиенттердің 15 түрі жеткізіледі, оның ішінде картон қораптары да бар.
«Өнімдеріміздің сапасы белгілі брендтерден еш кем емес, солай бола тұра әлдеқайда арзан, өйткені шикізаттың басым бөлігі – отандық өнім. Мәселен, 2 литр сұйық ұнтақтың зауыттық бағасы – 1 200 теңге, ыдыс жуатын сұйықтың 1,2 литрі – 800 теңге. Біздің сұйық ұнтақты машинаға да, қолмен жуғанда да қолдануға болады. Ол түрлі дақтарды жақсы кетіреді, жағымды исі бар, гипоаллергенді. Өнімдерді сатып алып жатқан, қолданып көріп, сапасына көз жеткізген тұтынушыларымыз да өз пікірлерін басқалармен бөліседі деп сенеміз. Өнімдерімізді әлеуметтік желілер арқылы насихаттап, ақпараттарды Instagram желісіндегі @karkyn.grup парақшасына салып отырамыз», дейді кәсіпорын директоры.
Кәсіпкер мұнымен тоқтап қалмай, жақын арада шеберханасына арнап жеке ғимарат салып, шығарылатын өнім түрлерін кеңейтуді армандайды.
«Жеке ғимаратымыз болса ғой. Өйткені үй-жайды жалға алу – едәуір шығын. Құрылыс үшін бізге жер телімі керек. Бұл жағынан мемлекеттің қолдауына жүгінеміз. Тұрғындарды қолжетімді бағада күнделікті тұрмысқа қажетті сапалы өнімдермен қамтамасыз етуді жалғастырамыз», деді кәсіпкер.
Жетісу облысы