Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
ХХ ғасырдың алғашқы ширегі қазақ қоғамы үшін саяси, әлеуметтік және рухани өзгерістердің аса күрделі кезеңі болды. Патшалық биліктің құлауы, Ақпан және Қазан төңкерістері, азаматтық соғыстың өршуі мен жаңа кеңестік билік жүйесінің орнығуы қазақ даласындағы қоғамдық ұйымдардың, әсіресе зиялы жастар қозғалысының дамуына тікелей әсер етті. Осы тарихи жағдайда ұлттық мүддені қорғауға ұмтылған әртүрлі бағыттағы ұйымдар мен топтар пайда болып, олардың арасында идеялық тартыс пен саяси қайшылық күшейді. Солардың бірі ретінде «Бірлік» қоғамы ерекше назар аудартады. Бұл ұйым қазақ жастарының ағартушылық, мәдени және қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталғанымен, уақыт өте келе саяси үдерістің ықпалына түсіп, ішкі қайшылығы тереңдей түсті. Қазақ қоғамының осы бір саяси бұлқынысының беймәлім тұстарына сәуле түсірген Қошмұхамбет Кемеңгерұлының баяндамасы мен өтінішінде негізгі оқиғалардың бірі – 1918 жылғы 7 сәуірде Омбы қаласындағы бұрынғы сот палатасы ғимаратында өткен біріккен мәжіліс. Бұл жиынға облыстық қазақ депутаттары кеңесінің өкілдері, «Үш жүз» партиясының орталық комитеті және «Бірлік» қоғамының мүшелері қатысқан. Күн тәртібінде қазақ жастары арасында жаңа ұйым – «Қазақ оқушы жастарының демократиялық кеңесін» құру мәселесі қаралған. Бұл мәселенің өзі сол кезеңде жастар қозғалысының біртұтас болмағанын, керісінше, әртүрлі топтарға бөлініп, жеке ұйымдар құруға ұмтылғанын көрсетеді.
Қошмұхамед Кемеңгерұлының қолжазбасындағы мәліметке сүйенсек, жаңа ұйым «Бірлік» қоғамының ішінен бөлініп шыққан топ негізінде құрылған және бұл үдеріске Көлбай Тоғысов (кей деректе Төгісов – ред.) тікелей қатысқан. Бұл дерек Тоғысовтың тек сыртқы қысым жасаушы ғана емес, сонымен қатар қазақ жастары ұйымдарының ішкі құрылымына ықпал етуші тұлға болғанын аңғартады.
Жиында үш баяндама тыңдалған. Олардың екеуін «Бірлік» қоғамының атынан – Сейдалин мен Кемеңгерұлы, ал үшіншісін жаңадан құрылған ұйым өкілі Кемелев жасаған. Бұл жағдай «Бірлік» қоғамының ішінде пікір қайшылығы болғанын және оның ашық талқыланғанын көрсетеді. Сонымен қатар аталған мәжіліс қазақ жастары арасындағы түрлі идеологиялық бағыттардың тоғысқан әрі өзара қайшылыққа түскен алаңы болғаны байқалады. Қ.Кемеңгерұлының өтінішіндегі ерекше назар аударатын тұстардың бірі – Сейдалиннің баяндамасы кезінде Көлбай Тоғысовтың мінез-құлқы туралы сипаттама. К.Тоғысовтың баяндаманы тоқтатуға бірнеше рет әрекет жасағаны, оның мазмұнына алаңдағаны айтылады. Бұл факт баяндамада Тоғысовтың қызметі сыналғанын, оның саяси беделіне нұқсан келуі мүмкін болғанын көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, Тоғысовтың кейінгі әрекеттерін, соның ішінде тінту жүргізуін, осы сынға жауап ретінде қарастыруға негіз бар.
Қ.Кемеңгерұлы өз өтінішінде Тоғысовтың әрекеттерін тек бір оқиғамен шектемей, жүйелі қысым ретінде сипаттайды. Мұқан Айтпеновтің тұтқындалуын, қоғам құжаттарының заңсыз тәркіленуін, милиция қызметкерлерінің қатысуымен жүргізілген қудалауды атап өтеді. «Біз қазір жасырынуға мәжбүрміз» деген мазмұндағы мәліметі ерекше назар аудартады. Бұл қоғам мүшелеріне нақты қауіп төнгенін, жағдайдың тек әкімшілік деңгейде емес, саяси қудалау деңгейіне дейін жеткенін білдіреді. Яғни «Бірлік» қоғамына қатысты оқиғаларды тек ұйым ішіндегі дау емес, кең ауқымды саяси қысым ретінде қарастыру орынды.
Қ.Кемеңгерұлының өтінішіндегі риторика да ғылыми тұрғыдан маңызды. Ол өз сөзінде «әділеттілік», «бостандық» сияқты ұғымдарға жүгінеді. Бұл оның тек жеке мүддені емес, белгілі бір саяси-идеологиялық құндылықтарды қорғауға тырысқанын көрсетеді. Тоғысовты «екіжүзді» және «авантюрист» ретінде сипаттауы сол кезеңдегі саяси дискурстың эмоционалдық және полемикалық сипатын айқындайды. Тағы бір маңыздысы – мәселені жария етуге ұмтылыс. Қ.Кемеңгерұлы Омбы қаласында шығатын газеттер арқылы бұл жағдайды жариялауды сұрайды. Бұл қадам «Бірлік» қоғамы мүшелерінің қоғамдық пікірді қалыптастыруға, өз ұстанымын кең аудиторияға жеткізуге тырысқанын көрсетеді. Сонымен қатар бұл сол кезеңдегі баспасөз саяси күрестегі маңызды құралы болғанын дәлелдейді.
Қошмұхамбет Кемеңгерұлының баяндамасы «Бірлік» мәдени-ағартушылық қоғамының ішкі ұстанымдарын ғана емес, сонымен қатар сол кезеңдегі қазақ зиялылары арасындағы идеялық күрестің мазмұнын терең ашып көрсететін маңызды дерек болмақ. Бұл баяндама құрылымы, дәлелдеу тәсілі және қолданылған аргументтері жағынан қарағанда, автордың тек қоғам мүшесі ғана емес, сонымен қатар қалыптасқан саяси ойы бар, публицистикалық қабілеті жоғары тұлға екенін аңғартады. Қ.Кемеңгерұлы өз сөзін қарапайым сипаттаудан бастамай, бірден полемикалық бағытта құрып, қарсы тараптың – Көлбай Тоғысовтың саяси бейнесін әшкерелеуге бағыттайды. Баяндаманың кіріспе бөлігінде алдыңғы баяндамашылардың пікірін жалғастыра отырып, Тоғысовтың қоғам ішінде алауыздық туғызғанын атап өтеді. Алайда ол мұнымен шектелмей, мәселені тереңдетіп, Тоғысовтың тек ұйым ішіндегі әрекеттерін емес, жалпы қоғамдық-саяси қызметін талдауға көшеді.
Қ.Кемеңгерұлының негізгі әдіснамалық тәсілі – баспасөз материалдарын дәлел ретінде пайдалану. Ол «газет – редактордың ішкі дүниесінің айнасы» деген тұжырым арқылы өз дәйектерінің негізін қалайды. Бұл – ғылыми тұрғыдан алғанда маңызды тәсіл, себебі автор субъективті пікірден гөрі жарияланған деректерге сүйенуге тырысады. Ол Тоғысов редакциялаған «Үш жүз» газетіндегі мақалаларды жүйелі түрде талдап, оның саяси көзқарасының тұрақсыздығын дәлелдеуге ұмтылады. К.Тоғысовтың саяси ұстанымдарының құбылмалылығын бірнеше нақты мысал арқылы дәлелдейді. Бірінші кезекте, ол Сібір съезі кезеңіндегі федерализмге қатысты көзқарасын талдайды. Қ.Кемеңгерұлының айтуынша, Тоғысов бастапқыда қазақ халқының жеке федерация құру идеясын қолдаған, ал Қазан төңкерісінен кейін және кеңестік билік нығайған соң, ол бұл ұстанымынан бас тартып, автономияға қарсы пікір білдіре бастаған. Бұл саяси тұрақсыздық пен ұстанымсыздықтың көрінісі ретінде бағаланады. Осы талдау арқылы Қ.Кемеңгерұлының саяси үдерістерді терең түсінгенін, тұлғалардың әрекеттерін кең контексте бағалай алғанына көз жеткіземіз. Баяндаманың келесі бөлігінде К.Тоғысовтың «Алаш» партиясына қатысты пікірлері қарастырылады. Оның әртүрлі басылымдарда бір-біріне қарама-қайшы көзқарас білдіргенін атап өтеді. Бір жағдайда «Алаш» партиясын буржуазиялық элементтерді қорғайды деп айыптаса, екінші жағдайда оны діни бағыттағы қозғалыс ретінде сипаттайды. Қ.Кемеңгерұлының дәйектеулерінде риторикалық сұрақтар кеңінен қолданылады. Мұндай стиль оның публицистикалық шеберлігін көрсетеді. Сонымен қатар баяндамада діни мәселелер де қозғалады. К.Тоғысовтың бір жағынан ислам дінінің элементтерін қолдап, екінші жағынан діни институттарға қарсы пікір білдіргені оның көзқарастарының жүйесіздігін дәлелдеуге арналған. Осы арқылы Қ.Кемеңгерұлы К.Тоғысовты белгілі бір идеологиялық бағыт ұстанбайтын, әртүрлі идеяларды жағдайға қарай пайдаланатын тұлға ретінде сипаттайды. Сонымен қатар Тоғысовтың «Үш жүз» партиясы арқылы ұсынған идеяларын да талдаған. Әсіресе түркі-татар халықтарын біріктіру ұранына қатысты сыни көзқарас білдіреді. Автор бұл идеяны нақты саяси бағдардан гөрі декларативті сипаттағы ұран ретінде қарастырады. Бұл да Тоғысовтың идеологиялық тұтастығының жоқтығын көрсетуге бағытталған.
Жалпы алғанда, Қ.Кемеңгерұлының баяндамасы құрылымы жағынан жүйелі, аргументтері нақты деректерге негізделген және айқын полемикалық сипатқа ие. Ол өз қарсыласының әртүрлі кезеңдегі пікірлерін салыстыра отырып, олардың арасындағы қайшылықты ашып көрсетеді. Бұл тәсіл ғылыми талдауға жақын келеді және автордың логикалық ойлау қабілетінің жоғары екенін дәлелдейді.
Қошмұхамбет Кемеңгерұлының 1918 жылғы саяси үдерістерге қатысуы мәселесі отандық тарихнамада бірқатар пікірталастар туғызғаны белгілі. Кейбір зерттеулерде оның белгілі бір жиындарға, соның ішінде Солтүстік Қазақстан аумағында өткен ірі басқосуларға қатысы күмәнмен қарастырылып келген. Алайда мұрағаттық деректер бұл пікірлерді нақтылай түседі. Атап айтқанда, 1929 жылғы 4 желтоқсанда алынған Есім Байғаскиннің тергеу хаттамасында 1918 жылдың жазында Міржақып Дулатов бастаған үгіт-насихат тобының Петропавл уезіне келгені, оның құрамында Қошмұхамбет Кемеңгерұлының де болғаны көрсетіледі. Бұл дерек Кемеңгерұлының тек Омбыдағы саяси үдерістерге ғана емес, сонымен қатар Солтүстік Қазақстан аумағындағы ірі саяси жиындар мен халықтық құрылтайларға да тікелей қатысқанын дәлелдейді. Қошмұхамбет Кемеңгерұлының Петропавл қаласында жарық көрген «Жас азамат» газетінің редакторы болғаны – оның сол кезеңдегі ұлттық баспасөздің алдыңғы қатарында тұрғанының дәлелі. Бұл басылымның бетінде Жұмағали Тілеулин, Мағжан Жұмабаев, Біләл Малдыбаев, Әбдірахман Байділдин, Мұхамеджан Бейсенов сияқты сол дәуірдің саяси және рухани элитасына жататын тұлғалардың материалдары жариялаған. Бұл есімдердің өзі «Жас азамат» газетінің кездейсоқ басылым емес, қазақ жастарының саяси ой-пікірін қалыптастыруда маңызды рөл атқарған интеллектуалдық алаң болғанын айғақтайды. Осы тұрғыдан алғанда, Қошмұхамбет Кемеңгерұлының тек «Бірлік» қоғамы аясында шектеу ғылыми тұрғыдан жеткіліксіз. Ол – бір мезгілде жастар қозғалысының белсенді мүшесі, ұлттық баспасөздің ұйымдастырушысы және «Алаш» қозғалысының идеяларын таратушы қайраткер ретінде көрінеді.
Жалпы алғанда, Қошмұхамбет Кемеңгерұлының баяндамасы мен өтініші ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының саяси ойының даму деңгейін, қоғамдық белсенділігін, идеологиялық ұстанымдарын түсінуге мүмкіндік беретін маңызды дереккөз саналады.
Сәуле МӘЛІКОВА,
Солтүстік Қазақстан облыстық архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты