Өнер • 20 Ақпан, 2024

Жырла, жүрек!

64 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Құрылғанына 3 жыл толған жетісулық «Janr» әдеби клубы көрермендерін қуантып келеді. Бүгінде 45 мүшесі бар. Жыл сайын әртүрлі рухани жобаға мұрындық болып, өңірдің әдеби һәм мәдени өмірін жандандырып жатыр. Жақында «Жырла, жүрек! Әуеле, ән!» атты әдеби-сазды кеш ұйымдас­тырып, елдің ерекше қошеметіне ие болды.

Жырла, жүрек!

Суреттерді түсірген – Руслан Кадыров

Бүгінде аталған клуб президенті, жазушы Есболат Айдабосын жастармен қатар үлкендердің де шығармашылық кешінің өтуіне жәрдемдесіп жүр. Республикалық деңгейде әдеби байқаулар өткізіп, арнасын кеңітіп, ауқымын ұлғайтып алған «Janr» әдеби клубының бұл жолғы кеші бұрынғыдан өзгеше өрнек тапты. Композицияға құрылып, он екі ақынның өлеңі оқылып, сол шайырлардың сөзіне жазылған он екі ән орындалған кеште шынымен де жүрек жырлап, ән әуеледі.

««Janr» әдеби клубының тағы бір жаңаша бастамасы өз жемісін берді. Бұл өзі Жетісу руханият әлемінде ме­рекелі күн болды. «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қой­нына кірер денең», деген Абай атамның айтқаны рас болса, бұл өлең деген әлемнен өлгенде барып бір-ақ ажырайтынымыз хақ. Диірменнің тасындай шыр айналған дүниеде күйбең тірліктің илеуінен бір сәт алыстап, көңілімізге шуақ төгетін, жанымызға қуат беретін кестелі жыр мен әуезді әнге бой алдырғанның да еш артықтығы жоқ», дейді облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы, ақын Жұматай Оспанұлы.

вап

Қазақ эстрадасының «қара баласы» атанған Саят Медеуов талай әншілер шығармасын сахна төріне алып шыққан композитор Мақсат Жәутіков және Меруерт Мұхтарқызы сынды арнайы келген қонақтармен қатар талды­қор­ғандық өнерпаздар кешті ерекше әсерге бөледі. Бірде көңілді әсем ән тербесе, бірде жауһар жыр жан баурады.

Режиссер Жасұлан Заманбеков кешті модерн жанрында жаңаша ба­ғытқа бұрып, аз уақыттың ішінде көркем дүниеге айналдырған. Игілікті іске сеп болған облыстық мәдениет бас­қармасы, Дәнеш Рақышев атындағы филар­мониясы ақын-жазушыларға барынша қолдау көрсетті. Қаламгерлерге деген пейілін алғаусыз ниеттерімен білдіріп, тік тұрып қызмет етті.

Астын сызып айта кетерлігі, зал тола көрермен ешкімнің күштеуінсіз, ақындардың шақыруын қабыл алған жандар мен жарнамадан көріп, жүрегінің қалауымен келгендер болды. Әгәрәки тапсырмамен келгендер болса, бекер келмегеніне кеш соңында көз жеткізді. Өйткені көрермен кеш соңында шымылдық жабылғанға дейін қошемет көрсетіп тұрды. Кетуге асығып, есікке қарай тұра жүгірген жан баласы болмады.

 

Жетісу облысы