Суреттерді түсірген – Руслан Кадыров
Бүгінде аталған клуб президенті, жазушы Есболат Айдабосын жастармен қатар үлкендердің де шығармашылық кешінің өтуіне жәрдемдесіп жүр. Республикалық деңгейде әдеби байқаулар өткізіп, арнасын кеңітіп, ауқымын ұлғайтып алған «Janr» әдеби клубының бұл жолғы кеші бұрынғыдан өзгеше өрнек тапты. Композицияға құрылып, он екі ақынның өлеңі оқылып, сол шайырлардың сөзіне жазылған он екі ән орындалған кеште шынымен де жүрек жырлап, ән әуеледі.
««Janr» әдеби клубының тағы бір жаңаша бастамасы өз жемісін берді. Бұл өзі Жетісу руханият әлемінде мерекелі күн болды. «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең», деген Абай атамның айтқаны рас болса, бұл өлең деген әлемнен өлгенде барып бір-ақ ажырайтынымыз хақ. Диірменнің тасындай шыр айналған дүниеде күйбең тірліктің илеуінен бір сәт алыстап, көңілімізге шуақ төгетін, жанымызға қуат беретін кестелі жыр мен әуезді әнге бой алдырғанның да еш артықтығы жоқ», дейді облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы, ақын Жұматай Оспанұлы.
Қазақ эстрадасының «қара баласы» атанған Саят Медеуов талай әншілер шығармасын сахна төріне алып шыққан композитор Мақсат Жәутіков және Меруерт Мұхтарқызы сынды арнайы келген қонақтармен қатар талдықорғандық өнерпаздар кешті ерекше әсерге бөледі. Бірде көңілді әсем ән тербесе, бірде жауһар жыр жан баурады.
Режиссер Жасұлан Заманбеков кешті модерн жанрында жаңаша бағытқа бұрып, аз уақыттың ішінде көркем дүниеге айналдырған. Игілікті іске сеп болған облыстық мәдениет басқармасы, Дәнеш Рақышев атындағы филармониясы ақын-жазушыларға барынша қолдау көрсетті. Қаламгерлерге деген пейілін алғаусыз ниеттерімен білдіріп, тік тұрып қызмет етті.
Астын сызып айта кетерлігі, зал тола көрермен ешкімнің күштеуінсіз, ақындардың шақыруын қабыл алған жандар мен жарнамадан көріп, жүрегінің қалауымен келгендер болды. Әгәрәки тапсырмамен келгендер болса, бекер келмегеніне кеш соңында көз жеткізді. Өйткені көрермен кеш соңында шымылдық жабылғанға дейін қошемет көрсетіп тұрды. Кетуге асығып, есікке қарай тұра жүгірген жан баласы болмады.
Жетісу облысы