Аймақтар • 28 Ақпан, 2024

11 спорт нысаны ашылмақ

51 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жетісу өңірінде спорт саласына ерекше көңіл бөлініп жатыр. Әсі­ресе шалғай ауылдарды саламатты өмір салтына баулу дәстүрі қолға алынбақ. Осы ретте облыс­та биыл 11 спорт нысаны бой кө­тереді. Оған бюджеттен 6 млрд теңге бө­лін­ген. Жақында ғана Ала­көл ауданы Достық ауылында 80 орын­ды жаңа спорт кешені ашыл­ды.

11 спорт нысаны ашылмақ

Аудан әкімі баспасөз қыз­метінің мә­ліметінше, жа­ңа­­­дан ашылған екі қа­бат­­ты спорт ке­шенінің аума­ғы ­ 4 595,45 шаршы метр Онда дзю­­до, қазақ күресі, ер­кін және грек-рим күрес зал­да­ры, бокс, ша­­ғын фут­бол, волейбол, бас­кетбол ойнау­ға болатын әмбе­бап және бас­қа да жат­тығу залдары бар. За­манауи құрал-жаб­дықтармен жабдықталған кешенде ауыл жасөспірімдері аталған спорт­тың барлық түрімен айналысады.

«Бүгінде аудан тұрғын­дарына 134 спорттық нысан қызмет көрсетіп жатыр. Оның ішінде 2 стадион, 5 спорт кешені, 53 спорт зал, 74 жазғы денешынықтыруға арналған орын бар. Міне, бүгін Достық ауылында 80 орынды жаңа спорт кешені бой көтеріп, пай­далануға берілді», деді аудан әкімі Алмас Абдинов.

Достық ауылы аудан ор­талығы Үш­арал қаласынан 180 шақырым қашық­тықта орналасқан. Халық саны 6 735 адамды құрайды. Жалпы, алыстағы ауылдарда спортқа қызығатын жастар қарасы көп. Оны Сарқан ауданына қарасты Екіаша ауылында шаңғы спортынан өткен облыстық чемпионатта байқадық. Адам ағзасына пайдалы спорт түрлері ауданда жылда өткізіліп келеді. Қары мол түсетін таулы аймақтың қырат-қырлары шаңғышылар мүмкіндігін жан-жақты көр­сетуіне қолайлы.

Расында, әйелдер және ерлер арасын­дағы жарыс тартыс­ты өтті. Ерлер 1 500, 3 000 метр қашықтыққа сынға түс­ті. Олардың арасында талай сынға түсіп, шыңдалған, оза шапқан тәжірибелері мол жас спортшылар мен сақа спортшылар да бар. Дегенмен жастар қарап қалған жоқ.

Жан алысып, ащы тері шыққан екі күндік жа­рыс­тың нәтижесінде жалпы ко­мандалық бірінші орынды Кербұлақ ауданының командасы жеңіп алды. Жеңімпаз командаға денешынықтыру және спорт басқармасының кубогі мен ақшалай сыйлық табысталды. Ал екінші, үшінші орындарды Талдықорған қа­ласы мен Алакөл ауданының командалары бөлісіп, мерейі үстем болды.

Жоғарыда айтылған та­қырып шеңбе­рінде облыстық мәслихаттың денсаулық сақтау, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет, ішкі саясат және спорт мәселелері жөніндегі тұрақты комис­сия­ отырысы өткен еді. Сонда облыс­тық денешынық­тыру және спорт басқар­ма­сының басшысы Ұлан Рысқұл өңірде спортпен үнемі айналысатын ерекше қажеттіліктері бар жандардың саны артқанын айтты. Мәселен, спортпен шұғылданушылар 2022 жылы небәрі 8 пайыз болса, қазіргі уақытта 13 пайыздан асқан. Сала жетекшісі күн тәртібінде көтерілген мәселелерге айрық­ша тоқталып, жауап берді.

«Жалпы, облыс бойынша мүгедек­терге арналған спорт түрлерімен айналысатын адам­дардың саны – 1 386. Об­­лыстың жұмыспен қам­туды үй­лестіру және әлеу­мет­тік бағ­дарламалар бас­­қар­­масы I топқа, II топқа жа­та­тын мү­гедектерге, бала­ ке­зінен мүгедектігі бар жан­дарға көмекшілер тағайын­дады. Мүмкіндігі шектеулі спорт­шылардың көмекшілері жарыс­тарға және күнделікті жаттығу жұмыстарына қа­тысады. 2023 жылдың қоры­тындысы бойын­ша Әлем, Азия чемпионаттарында және халықаралық жарыс­тар­да Же­тісу өңірінің параспорт­шылары 14 алтын, 7 күміс, 10 қола жүлде иеленді. Ел чемпио­наттары мен ре­с­публикалық жарыстарда олар 107 алтын, 80 күміс, 64 қола медаль жеңіп алды. Сонымен қатар Ханчжоу қаласында (Қытай) тірек-қимыл аппараты бұзылған спортшылар арасында өткен IV Паралимпиадалық Азия ойындарында облыстық спортшылар бір күміс және бір қо­ла медальға ие болды», деді Ұ.Рысқұл.

Айта кетейік, бүгінде үздік нәтиже көрсеткен 49 спортшы облыс әкімінің қаулысына сәйкес ай сайынғы ақшалай сыйақы алып отыр.

Мәслихат отырысында Па­риж Олимпиадасына қаты­сатын спортшы­лардың да­йындық жұмыстарына қа­­тыс­ты мәселелер де қоз­ғал­­ды. Өт­­кен жылғы Әлем, Азия чемпионаттарында облыс спорт­­­шылары Абдулин Иль­фат, Ере­менко Александр, Жаң­­быр­­бай Дәулет­келді 2024 жыл­ғы Парижде өтетін XXXІІІ жазғы Олимпиада ойында­рына қатысу үшін 4 лицензия жеңіп алғанын сала басшысы алға тартты. Сонымен қатар спорттың 6 түрі бойынша лицензия алуды жоспарлап отыр­ғанын сөз етті. Қазіргі таңда облыс спортшыларына жан-жақты қолдау көрсетіліп жат­қанынан ақпар берді.

Жетісу облысында халық­тың спортпен айналысуына барынша жағдай жасалып келеді. Бұқаралық спортты дамыту және оны жолға қою бағдар­ламасы да тия­нақты жүзеге асып жатыр. Облысымыздағы әр елді мекенде спорттық кешен бой көтеріп, халық игілігіне беріліп жатыр.

 

Жетісу облысы