Аудан әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңадан ашылған екі қабатты спорт кешенінің аумағы 4 595,45 шаршы метр Онда дзюдо, қазақ күресі, еркін және грек-рим күрес залдары, бокс, шағын футбол, волейбол, баскетбол ойнауға болатын әмбебап және басқа да жаттығу залдары бар. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған кешенде ауыл жасөспірімдері аталған спорттың барлық түрімен айналысады.
«Бүгінде аудан тұрғындарына 134 спорттық нысан қызмет көрсетіп жатыр. Оның ішінде 2 стадион, 5 спорт кешені, 53 спорт зал, 74 жазғы денешынықтыруға арналған орын бар. Міне, бүгін Достық ауылында 80 орынды жаңа спорт кешені бой көтеріп, пайдалануға берілді», деді аудан әкімі Алмас Абдинов.
Достық ауылы аудан орталығы Үшарал қаласынан 180 шақырым қашықтықта орналасқан. Халық саны 6 735 адамды құрайды. Жалпы, алыстағы ауылдарда спортқа қызығатын жастар қарасы көп. Оны Сарқан ауданына қарасты Екіаша ауылында шаңғы спортынан өткен облыстық чемпионатта байқадық. Адам ағзасына пайдалы спорт түрлері ауданда жылда өткізіліп келеді. Қары мол түсетін таулы аймақтың қырат-қырлары шаңғышылар мүмкіндігін жан-жақты көрсетуіне қолайлы.
Расында, әйелдер және ерлер арасындағы жарыс тартысты өтті. Ерлер 1 500, 3 000 метр қашықтыққа сынға түсті. Олардың арасында талай сынға түсіп, шыңдалған, оза шапқан тәжірибелері мол жас спортшылар мен сақа спортшылар да бар. Дегенмен жастар қарап қалған жоқ.
Жан алысып, ащы тері шыққан екі күндік жарыстың нәтижесінде жалпы командалық бірінші орынды Кербұлақ ауданының командасы жеңіп алды. Жеңімпаз командаға денешынықтыру және спорт басқармасының кубогі мен ақшалай сыйлық табысталды. Ал екінші, үшінші орындарды Талдықорған қаласы мен Алакөл ауданының командалары бөлісіп, мерейі үстем болды.
Жоғарыда айтылған тақырып шеңберінде облыстық мәслихаттың денсаулық сақтау, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет, ішкі саясат және спорт мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия отырысы өткен еді. Сонда облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл өңірде спортпен үнемі айналысатын ерекше қажеттіліктері бар жандардың саны артқанын айтты. Мәселен, спортпен шұғылданушылар 2022 жылы небәрі 8 пайыз болса, қазіргі уақытта 13 пайыздан асқан. Сала жетекшісі күн тәртібінде көтерілген мәселелерге айрықша тоқталып, жауап берді.
«Жалпы, облыс бойынша мүгедектерге арналған спорт түрлерімен айналысатын адамдардың саны – 1 386. Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы I топқа, II топқа жататын мүгедектерге, бала кезінен мүгедектігі бар жандарға көмекшілер тағайындады. Мүмкіндігі шектеулі спортшылардың көмекшілері жарыстарға және күнделікті жаттығу жұмыстарына қатысады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Әлем, Азия чемпионаттарында және халықаралық жарыстарда Жетісу өңірінің параспортшылары 14 алтын, 7 күміс, 10 қола жүлде иеленді. Ел чемпионаттары мен республикалық жарыстарда олар 107 алтын, 80 күміс, 64 қола медаль жеңіп алды. Сонымен қатар Ханчжоу қаласында (Қытай) тірек-қимыл аппараты бұзылған спортшылар арасында өткен IV Паралимпиадалық Азия ойындарында облыстық спортшылар бір күміс және бір қола медальға ие болды», деді Ұ.Рысқұл.
Айта кетейік, бүгінде үздік нәтиже көрсеткен 49 спортшы облыс әкімінің қаулысына сәйкес ай сайынғы ақшалай сыйақы алып отыр.
Мәслихат отырысында Париж Олимпиадасына қатысатын спортшылардың дайындық жұмыстарына қатысты мәселелер де қозғалды. Өткен жылғы Әлем, Азия чемпионаттарында облыс спортшылары Абдулин Ильфат, Еременко Александр, Жаңбырбай Дәулеткелді 2024 жылғы Парижде өтетін XXXІІІ жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін 4 лицензия жеңіп алғанын сала басшысы алға тартты. Сонымен қатар спорттың 6 түрі бойынша лицензия алуды жоспарлап отырғанын сөз етті. Қазіргі таңда облыс спортшыларына жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанынан ақпар берді.
Жетісу облысында халықтың спортпен айналысуына барынша жағдай жасалып келеді. Бұқаралық спортты дамыту және оны жолға қою бағдарламасы да тиянақты жүзеге асып жатыр. Облысымыздағы әр елді мекенде спорттық кешен бой көтеріп, халық игілігіне беріліп жатыр.
Жетісу облысы