Ғылым • 29 Ақпан, 2024

Құжаттарға онлайн қол қояды

42 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«500 ғалым» бағдарламасы бойынша ғылыми тағылымдамасының барлық жеңімпазы онлайн форматта оқуға келісімшарт жасасты. Енді осы тағылымдама бойынша стипендиаттар мен олардың кепілгерлері Астанаға келуге мәжбүр болмайды.

Құжаттарға онлайн қол қояды

Ғылым және білім министрлігі «Болашақ» сти­пендиясының шарт­тарына онлайн қол қою мүмкіндігі іске қосылғанын хабарлады. Бұған дейін келісімшарттар жасау үдерісі 90 күнге дейін созылатын, өйткені стипендиаттар мен стипендиаттардың кепілгерлері Астана қаласындағы «Халықаралық бағдарламалар ор­та­лығы» АҚ кеңсесіне өзі келуге мін­детті болатын. Ендігі жерде шарттарға қол қою стипендиат­тар мен кепілгерлердің электрондық цифрлық қолтаңбасын пайдалана отырып, TrustContract сервисі арқылы жүзеге асырылады. Әрбір қол қоюшыға SMS хабарлама арқылы шарттың мәртебесі туралы хабарлама жіберіледі.

Ғылым және жоғары білім ми­нистрі С.Нұрбек осы мәселеге қатыс­ты: «Ұсынылатын қызметтердің сапасын арттыру мақсатында «Ха­лықаралық бағдарламалар орталығы» бизнес-үдерістерді оңтайландырып, бюрократиялық процедураларды азайтып, цифрлық форматқа кө­шіп жатыр. Жұмыс тобы ғылыми тағы­лым­дамадан өтушілердің келісім­шартқа отыру үдерісін жедел цифр­лан­дыру міндетін қойған болатын. «500 ғалым» бағдарламасының жеңім­пазы болып төртінші лекте 481 ға­лым атанды және олардың барлығы бір­не­ше кепілгерлермен бірге келісімшарт­тар жасасу үшін өз аймақтарынан Аста­на­ға келіп, жол жүруіне, тұруына және кезекке тұруына жеке қаражатын жұмсаушы еді. Енді бүкіл үдеріс бір-екі күнге созылып, ыңғайлылық пен шығынды үнемдеуге мүмкіндік береді», деп жауап берді.

Министрліктің хабарлауынша, та­ғылымдама бағыты бойынша «Бола­шақ» стипендиясының иегерлері үшін де онлайн келісімшарт­тар жасау үдерісі  қолжетімді. Жақында магистра­тура және докторантура ба­ғыт­тары бойынша «Бола­шақ» стипендиаттары үшін де келісімшарттарға цифрлық қол қою қолжетімді болады. Қазіргі уақытта кепіл мүлкін цифрлық тіркеу үдерісі Цифрлық даму, иннова­ция­лар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен пысықталып жатыр.