Ғылым және білім министрлігі «Болашақ» стипендиясының шарттарына онлайн қол қою мүмкіндігі іске қосылғанын хабарлады. Бұған дейін келісімшарттар жасау үдерісі 90 күнге дейін созылатын, өйткені стипендиаттар мен стипендиаттардың кепілгерлері Астана қаласындағы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ кеңсесіне өзі келуге міндетті болатын. Ендігі жерде шарттарға қол қою стипендиаттар мен кепілгерлердің электрондық цифрлық қолтаңбасын пайдалана отырып, TrustContract сервисі арқылы жүзеге асырылады. Әрбір қол қоюшыға SMS хабарлама арқылы шарттың мәртебесі туралы хабарлама жіберіледі.
Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбек осы мәселеге қатысты: «Ұсынылатын қызметтердің сапасын арттыру мақсатында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» бизнес-үдерістерді оңтайландырып, бюрократиялық процедураларды азайтып, цифрлық форматқа көшіп жатыр. Жұмыс тобы ғылыми тағылымдамадан өтушілердің келісімшартқа отыру үдерісін жедел цифрландыру міндетін қойған болатын. «500 ғалым» бағдарламасының жеңімпазы болып төртінші лекте 481 ғалым атанды және олардың барлығы бірнеше кепілгерлермен бірге келісімшарттар жасасу үшін өз аймақтарынан Астанаға келіп, жол жүруіне, тұруына және кезекке тұруына жеке қаражатын жұмсаушы еді. Енді бүкіл үдеріс бір-екі күнге созылып, ыңғайлылық пен шығынды үнемдеуге мүмкіндік береді», деп жауап берді.
Министрліктің хабарлауынша, тағылымдама бағыты бойынша «Болашақ» стипендиясының иегерлері үшін де онлайн келісімшарттар жасау үдерісі қолжетімді. Жақында магистратура және докторантура бағыттары бойынша «Болашақ» стипендиаттары үшін де келісімшарттарға цифрлық қол қою қолжетімді болады. Қазіргі уақытта кепіл мүлкін цифрлық тіркеу үдерісі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен пысықталып жатыр.