Еңбек • 07 Наурыз, 2024

«Санамның» тіл үйірер тоқашы

60 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жаркенттік қыз-келіншектер кәсіпке ерекше ден қойып келеді. Қазір сол өңірде жүздеген әйел кәсіпкер бар. Көбі аруға тән игілікті істің тұтқасын ұстаған. Мәселен, «Санам» кулинарлық цехының қожайыны Санам Садықова өз ауда­нын ғана емес, көршілес Ұйғыр ауданының тұрғындарын да тәттімен қамтамасыз етіп келеді.

«Санамның» тіл үйірер тоқашы

Біраз жылдан бері Жаркент қаласының брендіне айналған «Санам» тәтті тағам­дары же­ті­сулықтардың да аузында. Бүгін­де аталған цех Панфилов, Ұйғыр аудан­дарындағы отызға жуық кафетерий мен азық-түлік дүкені арқылы өз­дері пісіріп дайындаған кулинар­лық тәттілерін сау­далап келеді. Тұтынушыларды әсем безен­дірілген торт пен тәтті түрлерінің қолжетімді бағасы қуантады. Дастарқан көркін кіргізетін бал татыған тоқаштар әралуан­дығымен көз арбайды.

«Мереке жақындаған сайын тәттілерге сұраныс көп болады. Оның үстіне бұл тағамдар уақыт таңдамайды, халық күн­делікті тұтынғандықтан өтім­ді. Қолда тұр­­майды десек те болады. Біз өте ұқып­ты­лық­­пен тұтынушының талабын ескере оты­рып дайындай­мыз. Сондықтан бүгін­ге дейін еш­­кімнен жағымсыз пі­кір ес­тіп көрген жоқпыз. Сау­­д­амыз сәтімен жүріп жатыр. Тұ­­ты­нушыларды күн сайын пі­сіріл­ген дәмді тағамда­рымыз­бен қуантып жатыр­мыз», дейді «Са­нам» кулинар­лық цехының қожайыны С.Садықова.

ап

Кәсіпкер келіншектің негіз­гі мамандығы – астық сақтау мен қайта өңдеу технологі. Жеке кәсіпкерлікпен шұғылда­нардан бұрын Көктал жүгері зауытында сарапшы болып еңбек еткен. 1986 жылы Жаркент қаласындағы құрылыс мате­риалдары зауытына сапа ин­же­нері қызметіне ауысады. Оның кулинарлық қызметті таңдауына тоқсаныншы жыл­дардағы ірі кәсіпорындар мен зауыттардың жаппай жабыла бастауы себеп болған. Өз мамандығы бойынша жұмыс таппай, елмен бірге қытай тауарларын саудалап жүріп, төрт күнге Үрімжіге барады. Осы қаладағы арнайы тех­нологиямен тәттілер пісі­ре­тін «Армани» өндіріс комби­натының жұмысымен танысады. Дәмі бал татыған тәттінің түрлері оны тамсандырып қана қоймай, өндіріске деген қызығушылығын арттырады. Сол сәтте ол жерлестеріне осын­дай кулинарлық шебер­лікпен пісірілген тәтті тағам­дар ұсынуды мақсат еткен. 2003 жылы «Санам» ЖК биз­­не­сін бастап, отбасылық кә­сіп­орын ашқан. Жолдасы Құр­­банжан Таямов та келін­ше­гінің бизнесін қолдап, кәсіпкерліктің өркен жаюына көмегін тигізген. Қазір ұжымда 47 адам қызмет істейді.  Уақыт өткен сайын кәсіпорында өндірілетін өнім түрі көбейіп, өндірістік қуат артып келеді. 2017 жылы Санам Садықова республикалық «Ақ дастарқан» бәйгесіне қатысып, 3-орынды жеңіп алса, 2019 жылғы нау­рызда «Бейбітшілік әлемі» халықаралық шығармашылық бірлестігінің «Үздік кәсіпкер» медалімен марапатталған.

Отбасылық бизнесті өркен­деткен кәсіпкер ана өңірдегі қайырымдылық шараларынан тыс қалмайды. Соңғы бірнеше жылдан бері 3 мек­тептегі 100 оқушыны тегін ыстық тамақ­пен қамтамасыз етеді. Бұдан басқа, Балаларды қор­ғау күні, Жаңа жыл мерекесінде аз қам­тылған отба­сылар мен мүге­дек балаларға өздерінің тәтті тағамдарын ұсынады. Жер­ұйық ауылындағы орта мектеп­ке құрылыс материалдарын, басқа да қажет заттарды алу­ға қаржылай көмек көрсе­теді.

 

Жетісу облысы