Біраз жылдан бері Жаркент қаласының брендіне айналған «Санам» тәтті тағамдары жетісулықтардың да аузында. Бүгінде аталған цех Панфилов, Ұйғыр аудандарындағы отызға жуық кафетерий мен азық-түлік дүкені арқылы өздері пісіріп дайындаған кулинарлық тәттілерін саудалап келеді. Тұтынушыларды әсем безендірілген торт пен тәтті түрлерінің қолжетімді бағасы қуантады. Дастарқан көркін кіргізетін бал татыған тоқаштар әралуандығымен көз арбайды.
«Мереке жақындаған сайын тәттілерге сұраныс көп болады. Оның үстіне бұл тағамдар уақыт таңдамайды, халық күнделікті тұтынғандықтан өтімді. Қолда тұрмайды десек те болады. Біз өте ұқыптылықпен тұтынушының талабын ескере отырып дайындаймыз. Сондықтан бүгінге дейін ешкімнен жағымсыз пікір естіп көрген жоқпыз. Саудамыз сәтімен жүріп жатыр. Тұтынушыларды күн сайын пісірілген дәмді тағамдарымызбен қуантып жатырмыз», дейді «Санам» кулинарлық цехының қожайыны С.Садықова.
Кәсіпкер келіншектің негізгі мамандығы – астық сақтау мен қайта өңдеу технологі. Жеке кәсіпкерлікпен шұғылданардан бұрын Көктал жүгері зауытында сарапшы болып еңбек еткен. 1986 жылы Жаркент қаласындағы құрылыс материалдары зауытына сапа инженері қызметіне ауысады. Оның кулинарлық қызметті таңдауына тоқсаныншы жылдардағы ірі кәсіпорындар мен зауыттардың жаппай жабыла бастауы себеп болған. Өз мамандығы бойынша жұмыс таппай, елмен бірге қытай тауарларын саудалап жүріп, төрт күнге Үрімжіге барады. Осы қаладағы арнайы технологиямен тәттілер пісіретін «Армани» өндіріс комбинатының жұмысымен танысады. Дәмі бал татыған тәттінің түрлері оны тамсандырып қана қоймай, өндіріске деген қызығушылығын арттырады. Сол сәтте ол жерлестеріне осындай кулинарлық шеберлікпен пісірілген тәтті тағамдар ұсынуды мақсат еткен. 2003 жылы «Санам» ЖК бизнесін бастап, отбасылық кәсіпорын ашқан. Жолдасы Құрбанжан Таямов та келіншегінің бизнесін қолдап, кәсіпкерліктің өркен жаюына көмегін тигізген. Қазір ұжымда 47 адам қызмет істейді. Уақыт өткен сайын кәсіпорында өндірілетін өнім түрі көбейіп, өндірістік қуат артып келеді. 2017 жылы Санам Садықова республикалық «Ақ дастарқан» бәйгесіне қатысып, 3-орынды жеңіп алса, 2019 жылғы наурызда «Бейбітшілік әлемі» халықаралық шығармашылық бірлестігінің «Үздік кәсіпкер» медалімен марапатталған.
Отбасылық бизнесті өркендеткен кәсіпкер ана өңірдегі қайырымдылық шараларынан тыс қалмайды. Соңғы бірнеше жылдан бері 3 мектептегі 100 оқушыны тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етеді. Бұдан басқа, Балаларды қорғау күні, Жаңа жыл мерекесінде аз қамтылған отбасылар мен мүгедек балаларға өздерінің тәтті тағамдарын ұсынады. Жерұйық ауылындағы орта мектепке құрылыс материалдарын, басқа да қажет заттарды алуға қаржылай көмек көрсетеді.
Жетісу облысы