Пікір • 07 Наурыз, 2024

Мейірім мен махаббат шырағы

82 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көкірегінде махаббат пен мейірім мәңгі ұялаған ардақты аналардың, аяу­лы қыз-келіншектердің төл мерекесі – мил­лиондаған адамның жанын жайдары шуаққа, жақсы мұратқа бөлейтін шұғы­ла­лы мейрам. Қарлы, қыраулы қыстан кейін бүкіл жаратылыс атаулыға жан бітіретін көгілдір көктем келеді. Сол көркем көктем ең алдымен аналардың жүрек жылуынан, ыстық ықыласынан бастау алады, көбеңсіп қалған көңілдерде қуаныш пен шаттықтың туын көтереді, сана-сезімді серпілтіп, ақ тілектердің тиегін ағытады.

Ана қуанышы, әйел бақыты – отбасының, қоғамның, Отанның мерейі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Әрбір адам үшін анадан ұлы, анадан қымбат ешкім жоқ. Ең қастерлі құндылықтарымыз «Жер-ана», «Отан-ана» ұғымдарымен тығыз бай­ланысты. «Ата ұлды, ана ұлтты тәр­бие­лей­ді» дейді. Бұл сөздің айрықша мән-маңызы бар. Ұлт болашағы ұрпақ тәрбиесінен басталады. Әр баланың жетістігі – ана махаббатының жемісі. Ұлы Абай айтқан «Толық адамға» тән асыл қасиеттер ұрпақтың бойына ана арқылы дариды».

Қоғамның өркениеттілігі әйел-анаға деген көзқарасынан көрінеді, сый-құрметінен білінеді. Елімізде ертеден әйел-анаға деген ерекше құрмет қалыптасқан. Ең асылымыз, ең қымбатымыз абзал анаға деп, ананың өмірдегі орнын барынша бағалайтын ата салтымыз бір де бұлжыған емес. Сонау ат ауыз­дығымен су ішкен, ер етігімен саз кеш­кен қадым замандардан кешегі тәуел­сіз­діктің тағдырлы жылдарына дейінгі тарихи шежіреде қасиетті әйел-ананың айқын қолтаңбасы бар. Сондықтан да халқымыздың бүгінгі күнге аман жетіп, тәуелсіз мемлекет құрып, әлемдік қоғамдастықтан өз орнын ойып алғаны үшін де біз ең алдымен күрескер ұлдарды дүниеге әкелген қазақ әйелдерінің алдында бас июге тиіспіз.

Тәуелсіздік тұғырына қонып, егемендік алға­лы бері еліміз отбасының, ана мен бала­ның жағдайын жасау бағытында қолдан келетін шаралардың барлығын жүйелі ұйымдастырып келеді. Президент жанында Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия тұрақты жұмыс істейді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім, Денсаулық сақ­тау министрліктері мен осы саладағы меке­мелердің алдында тұрған ауқымды іс-шаралардың орындалуы да жылдан жылға жақсарып, оң арнаға түсіп келеді. Қазіргі кезде облыстарда, қалалар мен аудандарда да әйелдерге нақты бағытталған түрлі әлеуметтік қолдау шаралары жүзеге асырылып жатыр.

Мемлекет басшысының сындарлы сая­са­тының арқасында қоғамымызда қалып­тасып отырған рухани келісім мен ұлтаралық татулық, тұрақтылық пен бірліктің бұлжымай жүзеге асуында қазақ әйелдерінің де зор үлесі бар. Бүгінде қоғамдық-саяси өмірімізде әйелдер өздерінің қарым-қабілеті мен қамқор­лы­ғын танытпайтын бір де бір сала жоқ.

Өткен жылдар ішінде әйелдердің азамат­тық белсенділігі де елеулі дәрежеде өсті. Мем­­лекет және өкілетті органдардағы әйел­дер саны арта түсті. Парламентте 28 әйел депутат, Үкіметте үш әйел министр бар. Өнер­кә­сіптің негізінен әйелдер жұмыс істейтін салаларын жандандыру жөнінде бірне­ше мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Әйелдердің денсаулығына қамқорлық көрсету бағытында да бірқатар іс тындырылды. Кейінгі кезеңдердегі қоғамдағы түрлі жағдайларға байланысты әйелдердің, ана мен баланың құқықтарын қорғау үшін қажетті заң­намалар үздіксіз жетілдіріліп, толық­ты­ры­лып жатыр.

Тегінде тек мереке күндерінде емес, әрқа­шан, барлық уақытта да әйел-аналардың әл-ауқа­тына, тұрмыс-тіршілігіне назар аударып отыру қажет. Сонда ғана өмірді бақыт пен шаттыққа айналдыруға, ананың қас-қабағына қарай отырып, қоғамның қилы мәселелерін қапысыз шешуге болады. «Ана жүрегі – алдамайтын таразы», «Анасын ренжіткендерді Алла тағала да жақтамайды», «Ананың ала­қаны – айдынды қоныс» сынды мақал-мәтел­дер де халқымыз үшін ананың орны қан­ша­лықты қадірлі екенін аңғартады. Сон­дық­тан әйел-аналардың жан әлемі әрқа­шан бақытқа, қуаныш-шаттыққа, мерейге тола беруі үшін қолдан келгеннің бәрін жасау керек.

Ошақтың отын маздатып, шаңырақтың шырайын кіргізіп, береке мен бірліктің ұйыт­қысы болып отырған, Отанымыздың келешегі – жас ұрпақ тәрбиелеуге жүрегінің күшін, бойындағы қайрат-жігерін сарқа жұм­сап келе жатқан абзал аналарға құрмет көрсету – қоғам үшін, әрбір саналы адам үшін биік мәртебе, зор ғанибет.