Аймақтар • 10 Наурыз, 2024

Көлқамыс қалай көркейді?

65 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Тәуелсіздікпен бірге іргесі қаланып, содан бері талай сындарлы кезеңнен сүрінбей өткен «Сыма» шаруа қожалығы бүгінде Торғай өңіріндегі Көлқамыс ауылының ажарын кіргізіп, ырыс-берекесін еселеп отыр. Шалғай түкпірдегі иен далаға иелік етіп, төскейді төрт түлікке толтырған шағын ғана шаруашылық енді татыр далаға дән егіп, біртіндеп суармалы егістікті қолға алудың қамына кірісіп жатыр.

Көлқамыс қалай көркейді?

Бүгінде 30 адамды тұрақты жұ­мыс­пен қамтып отырған шаруа қожа­лы­ғының 35 мың гектар жайы­лым­дық жері, 1 300 гектардай шабын­дығы бар. Жұмысшылары айына 200-250 мың теңгеден жалақы алады. Оның сыртында, ауыл тұрғындарының қыс­тай жағатын отын-көмірі мен мал азығын шаруашылық өз есебінен тегін үлес­ті­ріп береді. Қазір шаруашылық 1 150 бас ірі қара, 1 400 ұсақ мал, 500 бас жылқы, 120 түйе өсіріп отыр. Қыруар малдың ішінен әр жұмысшының алатын өз үлесі бар.

«Мемлекет біз сияқты шаруаларға қашан да қолдау жасап, зор көмегін ти­гі­зіп отырады. Мәселен, асыл тұ­қым­ды аналық басқа жылына 10 мың теңгеден демеуқаржы аламыз. Техника сатып алсақ, оның да 25-30 пайыз шығынын мемлекет өтеп беріп отыр. Түптеп келгенде, мұның қайтарымын елге өткізіп беруі­міз керек. Мысалы, 2012 жылы өз қара­жатымызға ауылға су тартып, әр үйге кіргізіп бердік. Одан кейін осы ауылдың балаларын үйлендірдік. Жас отбасылар отау көтере бастады. Олардың жағдайын жасап беріп жатырмыз. Нәтижесінде, жастар ауыл­ға тұрақтай бастады. Осылайша, ақы­рын­дап жылына бір үйден салып жатқан жайымыз бар. Ең бастысы, ауыл халқының үйі-күйі, жағдайы оңды болуы керек. Қазір шаруашылық жұ­мыс­керлерінің әрқайсысының 70-80 уақ малы, 20-30 қара малы бар. Бәрінің еншісін бөліп бердім. Ол малдың бәрін осы қожалыққа тиесілі малға қосып қойған. Біреудің тойы болады, қазақтың беретін ырым-жырымы болады, біреудің жиені келеді, басқасы келеді. Сондай жағдайда табыннан бөліп алып, атап беріп жатады», дейді шаруа қожалығының басшысы М.Кәрбозов.

Аядай ғана ауылда жыл са­йын бір үй салынып, жыл сайын жағым­ды бір жаңалық болып жатады. Мы­са­лы, 2020 жылы Көлқамысқа су тазар­ту қон­дыр­ғы­сы орнатылды. Барлық үйдің ша­тыры жаңаланды. Одан кейін Орта­лық­та балалар мен жасөс­пірім­дер­ге арналған әсем саябақ ашылды. Былтыр 4 бөлмелі тағы бір тұрғын үй салынып, оған шаруа қожалығының жұмыскері кірді. Шаруашылық басшысы өткен жылы қырық күннің ішінде 22 млн теңге қаржыға ауылға медпункт салып берді.

Осыншама мүмкіндіктің бәрі ел азаматы Манат Кәрбозовтың басына бірден қона қойған жоқ. Бұл ауылда кезінде 80-нің үстінде үй болған. Тоқырау келіп, ел ыдыраған уақытта көбі көшіп кетті.

«Біз де көшетін болғанбыз. Шаба­да­нымызды жинап, буынып-түйініп, таңертең Қостанайға көшеміз деп отырған адамбыз ғой. Өйткені қиян түпкірде жартылай қирап жатқан ауылда қалудың түк мәні қалған жоқ. Елдің бәрі толқыды. Содан әжеміз әкемді шақырып алып: «Балам-ау, ата-бабаң бұдан да қиын заманда тастап кетпеген жер еді. Бұл өлкені кімге тастап кетіп барасың?» депті. Содан әкеміз: «Сендер кете беріңдер. Мен осы жерде екі үй болса да қаламын» деген кесім айтты. Біз де әкемізді тастап кете алмадық. Ауылды қайта бүтіндеуге тура келді. Ол кезде жанармай қат, ақша жоқ. Ауылдың қоқысын түгел тасып шығарып, 2011 жылы осы тұрып жат­қан үйімді салдым. Одан кейін енді ауылдағы кісілердің бәрі өзім сияқты жақсы өмір сүргісі келеді ғой деген ой келді де, ауылға су тартып, клуб салып, біртіндеп елге қолайлы жағдай жасауға кірістім», дейді М.Кәрбозов.

Кәсіпкердің әкесі – өңірге белгілі еңбек ардагері, облыстың құрметті азаматы Кәкімбек Кәрбозов ақсақал. 1992 жылы «Сыма» шаруашылығының не­гізін қалап, еңсесін тіктеген соң, қа­жыр­лы қария 2005 жылы шаруашы­лық­ты өзі жастайынан жанынан тастамай жүріп, еңбекке баулып өсірген ұлы Манатқа тапсырып берген. Ештеңе оңайлықпен келмейді. Қаншама еңбек ету керек, елдің бабын табу керек, әр адамның өз басының мәселесі бар, басшы болған соң, көмек сұрай келген адамға көмек беру қажет. Осының бәрін Манат әкесінен үйренді.

«Алғашқы жылы мынадай бір қызық оқиға болды. Шөптен қатты шар­шап келіп, үйде жатқанмын. Сырт­тан бір кісінің даусы естілді. «Манат! Манат!» деп айқайлайды. Естіп жатырмын, бірақ шыққым келмеді. Шаруасы болса, таңертең айтар деп жатырмын. Сол кезде әкем келіп, айқайды салып: «Саған кісі келіп тұр ғой. Сені адам деп, басшым деп, бір шаруасын айтайын деп келіп тұр ғой. Енді екінші қайтып мұндайыңды көрсетпе! Түнде есігіңді қақса, ашып, төрге шығар, шаруасын тыңда», деп үйден қуып шықты. Бұл оқиға маған үлкен сабақ болды», дейді кәсіпкер.

Шалғай ауылдардың көбіне ортақ мәселенің бірі – жастардың аздығы. Ал облыс орталығынан ең шалғай нүктеде жатқан Көлқамыста, керісінше, жастар жағы көп. Өйткені жағдайы жақсы: тұрақты жұмысы, қаланың тас қа­быр­ғалы пәтерінен артық болмаса, бір мысқал да кем түспейтін жайлы бас­панасы, жақсы жалақысы, 100 шақты ірілі-уақты малы бар. Мысалы, Серікбол Төлеміс – осы шаруашы­лық­тың белді бір механизаторы. Бірақ қажет болған жағдайда, ауыр техни­ка­ның кез келген түріне отырып, жүре беретін әмбебап маман.

«Арқалықтың педагогикалық инс­титутын тәмамдап, Астанада біраз жыл жұмыс істедім. Ол жақта береке болмады, тапқан-таянғаныңның қай­да кеткенін білмейсің. Бір ай істеп тапқаның бір аптада жоқ болады. 2010 жылдан бері шаруашылықта еңбек етіп жатырмын. Осы ауылда үйленіп, шаңырақ көтердім. Бес ба­лам бар, енді алтыншысын күтіп отыр­мыз. Үлкенім төртінші сыныпта оқиды. Кішкентайым екі жастан асты. Бұйырса, осы екі-үш күнде сүйінші хабар алып қалатын шығармыз. Ма­лым осы шаруашылықтың ішінде. Қожа­лық­тың малы не жейді, біздің мал да соны жейді. Біз әйтеуір өз малы­мыз­дың есебін ғана біліп отырамыз. Мал азығын дайындау, отын түсіру деген мәселеге бас қатырып жатпаймыз. Бәрін жылда шаруашылық өз есебінен түгендеп береді», дейді Серікбол.

Серікболдың көршісі Нұрлыбек Әбенов те мектепті бітірген соң Аста­на­ға барып, бес-алты айдай әр нәрсенің басын шалып жұмыс істеп көріпті. Одан береке таппаған соң, туған ауылға қайта оралып, шаруашылықтың трак­торына отырған. Жазда шөп шабады, қыста мал азығын тасиды, қи шығарады. Ауылға келгелі әжептәуір қор жиып, 10-15 ірі қара мен жүзге тарта ұсақ малдың басын құрап алған Нұрлыбек алдағы көктемде үйленбек ойы бар екенін айтты. Демек көп ұза­май шалғай ауылда тағы бір жас отбасы шаңырақ көтермек.

Былтыр Көлқамыс пен Көкалат ауы­лының арасына көтерме жол салынды. Ұзындығы 20 шақырым болатын бұл жолмен түн қараңғысында біз де жү­ріп өттік, қос қапталына ұзыннан-ұзақ қызылды-жасылды сәуле шашып, жол­дан шығып кетпе дегендей бағыт нұс­қап тұратын аласа қоршау орнатылыпты.

«Біздің ауылда кеңес кезінен жол болмаған. Көктемде мынау 14 шақы­рым жерде тұрған Көкалатқа сонау қыр­дың үстімен көлікті тракторға тір­кеп сүйреп, 48 шақырым жолды айна­лып барып жүрдік. Бұл ауылдың баласы көктемде мектепке бара алмайтын. Ауырған адам ем қабылдай алмайтын. Талай әйел осы жерде үйінде босанып, талай әйел көктемгі ми батпақта жолда туып, неше түрлі жағдай болған. Көктемде, қыста жол болмағандықтан, алғаш­қы медициналық көмек көрсетіл­меді. Сәті түсіп былтыр Көкалаттан бері қарай жол салынды. Бұл өзі әуресі көп жол болды. Осыдан 10 жыл бұрын 10 млн теңгеге жобалық-сметалық құ­жат­тамасын жасап, облысқа жөнел­тіп едік, оның мерзімі өтіп кетті деді. Одан кейін 15 млн теңге қаржы шығындап, тағы жасап, тағы жібердік. Ақыры он жылдан кейін облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қолдауымен әрең тарттырдық», дейді М.Кәрбозов.

«Сыма» шаруа қожалығы мың бас ірі қараға арналған жылы қора, 400 басқа шақталған мал бордақылау алаңын ашуды ойластырған. Бұған шамамен 40 млн теңге керек екен. Қаржыны ауыл шаруашылығын қол­дау институттары арқылы несие тү­рінде алмақ. Ал мал бордақылауға қажет жемді сырттан сатып алмау үшін шаруашылық басшысы биылдан бастап суармалы егін шаруашылығын қолға алуды жоспарлап отыр.

 

Қостанай облысы,

Жангелдин ауданы,

Көлқамыс ауылы