Бүгінде 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған шаруа қожалығының 35 мың гектар жайылымдық жері, 1 300 гектардай шабындығы бар. Жұмысшылары айына 200-250 мың теңгеден жалақы алады. Оның сыртында, ауыл тұрғындарының қыстай жағатын отын-көмірі мен мал азығын шаруашылық өз есебінен тегін үлестіріп береді. Қазір шаруашылық 1 150 бас ірі қара, 1 400 ұсақ мал, 500 бас жылқы, 120 түйе өсіріп отыр. Қыруар малдың ішінен әр жұмысшының алатын өз үлесі бар.
«Мемлекет біз сияқты шаруаларға қашан да қолдау жасап, зор көмегін тигізіп отырады. Мәселен, асыл тұқымды аналық басқа жылына 10 мың теңгеден демеуқаржы аламыз. Техника сатып алсақ, оның да 25-30 пайыз шығынын мемлекет өтеп беріп отыр. Түптеп келгенде, мұның қайтарымын елге өткізіп беруіміз керек. Мысалы, 2012 жылы өз қаражатымызға ауылға су тартып, әр үйге кіргізіп бердік. Одан кейін осы ауылдың балаларын үйлендірдік. Жас отбасылар отау көтере бастады. Олардың жағдайын жасап беріп жатырмыз. Нәтижесінде, жастар ауылға тұрақтай бастады. Осылайша, ақырындап жылына бір үйден салып жатқан жайымыз бар. Ең бастысы, ауыл халқының үйі-күйі, жағдайы оңды болуы керек. Қазір шаруашылық жұмыскерлерінің әрқайсысының 70-80 уақ малы, 20-30 қара малы бар. Бәрінің еншісін бөліп бердім. Ол малдың бәрін осы қожалыққа тиесілі малға қосып қойған. Біреудің тойы болады, қазақтың беретін ырым-жырымы болады, біреудің жиені келеді, басқасы келеді. Сондай жағдайда табыннан бөліп алып, атап беріп жатады», дейді шаруа қожалығының басшысы М.Кәрбозов.
Аядай ғана ауылда жыл сайын бір үй салынып, жыл сайын жағымды бір жаңалық болып жатады. Мысалы, 2020 жылы Көлқамысқа су тазарту қондырғысы орнатылды. Барлық үйдің шатыры жаңаланды. Одан кейін Орталықта балалар мен жасөспірімдерге арналған әсем саябақ ашылды. Былтыр 4 бөлмелі тағы бір тұрғын үй салынып, оған шаруа қожалығының жұмыскері кірді. Шаруашылық басшысы өткен жылы қырық күннің ішінде 22 млн теңге қаржыға ауылға медпункт салып берді.
Осыншама мүмкіндіктің бәрі ел азаматы Манат Кәрбозовтың басына бірден қона қойған жоқ. Бұл ауылда кезінде 80-нің үстінде үй болған. Тоқырау келіп, ел ыдыраған уақытта көбі көшіп кетті.
«Біз де көшетін болғанбыз. Шабаданымызды жинап, буынып-түйініп, таңертең Қостанайға көшеміз деп отырған адамбыз ғой. Өйткені қиян түпкірде жартылай қирап жатқан ауылда қалудың түк мәні қалған жоқ. Елдің бәрі толқыды. Содан әжеміз әкемді шақырып алып: «Балам-ау, ата-бабаң бұдан да қиын заманда тастап кетпеген жер еді. Бұл өлкені кімге тастап кетіп барасың?» депті. Содан әкеміз: «Сендер кете беріңдер. Мен осы жерде екі үй болса да қаламын» деген кесім айтты. Біз де әкемізді тастап кете алмадық. Ауылды қайта бүтіндеуге тура келді. Ол кезде жанармай қат, ақша жоқ. Ауылдың қоқысын түгел тасып шығарып, 2011 жылы осы тұрып жатқан үйімді салдым. Одан кейін енді ауылдағы кісілердің бәрі өзім сияқты жақсы өмір сүргісі келеді ғой деген ой келді де, ауылға су тартып, клуб салып, біртіндеп елге қолайлы жағдай жасауға кірістім», дейді М.Кәрбозов.
Кәсіпкердің әкесі – өңірге белгілі еңбек ардагері, облыстың құрметті азаматы Кәкімбек Кәрбозов ақсақал. 1992 жылы «Сыма» шаруашылығының негізін қалап, еңсесін тіктеген соң, қажырлы қария 2005 жылы шаруашылықты өзі жастайынан жанынан тастамай жүріп, еңбекке баулып өсірген ұлы Манатқа тапсырып берген. Ештеңе оңайлықпен келмейді. Қаншама еңбек ету керек, елдің бабын табу керек, әр адамның өз басының мәселесі бар, басшы болған соң, көмек сұрай келген адамға көмек беру қажет. Осының бәрін Манат әкесінен үйренді.
«Алғашқы жылы мынадай бір қызық оқиға болды. Шөптен қатты шаршап келіп, үйде жатқанмын. Сырттан бір кісінің даусы естілді. «Манат! Манат!» деп айқайлайды. Естіп жатырмын, бірақ шыққым келмеді. Шаруасы болса, таңертең айтар деп жатырмын. Сол кезде әкем келіп, айқайды салып: «Саған кісі келіп тұр ғой. Сені адам деп, басшым деп, бір шаруасын айтайын деп келіп тұр ғой. Енді екінші қайтып мұндайыңды көрсетпе! Түнде есігіңді қақса, ашып, төрге шығар, шаруасын тыңда», деп үйден қуып шықты. Бұл оқиға маған үлкен сабақ болды», дейді кәсіпкер.
Шалғай ауылдардың көбіне ортақ мәселенің бірі – жастардың аздығы. Ал облыс орталығынан ең шалғай нүктеде жатқан Көлқамыста, керісінше, жастар жағы көп. Өйткені жағдайы жақсы: тұрақты жұмысы, қаланың тас қабырғалы пәтерінен артық болмаса, бір мысқал да кем түспейтін жайлы баспанасы, жақсы жалақысы, 100 шақты ірілі-уақты малы бар. Мысалы, Серікбол Төлеміс – осы шаруашылықтың белді бір механизаторы. Бірақ қажет болған жағдайда, ауыр техниканың кез келген түріне отырып, жүре беретін әмбебап маман.
«Арқалықтың педагогикалық институтын тәмамдап, Астанада біраз жыл жұмыс істедім. Ол жақта береке болмады, тапқан-таянғаныңның қайда кеткенін білмейсің. Бір ай істеп тапқаның бір аптада жоқ болады. 2010 жылдан бері шаруашылықта еңбек етіп жатырмын. Осы ауылда үйленіп, шаңырақ көтердім. Бес балам бар, енді алтыншысын күтіп отырмыз. Үлкенім төртінші сыныпта оқиды. Кішкентайым екі жастан асты. Бұйырса, осы екі-үш күнде сүйінші хабар алып қалатын шығармыз. Малым осы шаруашылықтың ішінде. Қожалықтың малы не жейді, біздің мал да соны жейді. Біз әйтеуір өз малымыздың есебін ғана біліп отырамыз. Мал азығын дайындау, отын түсіру деген мәселеге бас қатырып жатпаймыз. Бәрін жылда шаруашылық өз есебінен түгендеп береді», дейді Серікбол.
Серікболдың көршісі Нұрлыбек Әбенов те мектепті бітірген соң Астанаға барып, бес-алты айдай әр нәрсенің басын шалып жұмыс істеп көріпті. Одан береке таппаған соң, туған ауылға қайта оралып, шаруашылықтың тракторына отырған. Жазда шөп шабады, қыста мал азығын тасиды, қи шығарады. Ауылға келгелі әжептәуір қор жиып, 10-15 ірі қара мен жүзге тарта ұсақ малдың басын құрап алған Нұрлыбек алдағы көктемде үйленбек ойы бар екенін айтты. Демек көп ұзамай шалғай ауылда тағы бір жас отбасы шаңырақ көтермек.
Былтыр Көлқамыс пен Көкалат ауылының арасына көтерме жол салынды. Ұзындығы 20 шақырым болатын бұл жолмен түн қараңғысында біз де жүріп өттік, қос қапталына ұзыннан-ұзақ қызылды-жасылды сәуле шашып, жолдан шығып кетпе дегендей бағыт нұсқап тұратын аласа қоршау орнатылыпты.
«Біздің ауылда кеңес кезінен жол болмаған. Көктемде мынау 14 шақырым жерде тұрған Көкалатқа сонау қырдың үстімен көлікті тракторға тіркеп сүйреп, 48 шақырым жолды айналып барып жүрдік. Бұл ауылдың баласы көктемде мектепке бара алмайтын. Ауырған адам ем қабылдай алмайтын. Талай әйел осы жерде үйінде босанып, талай әйел көктемгі ми батпақта жолда туып, неше түрлі жағдай болған. Көктемде, қыста жол болмағандықтан, алғашқы медициналық көмек көрсетілмеді. Сәті түсіп былтыр Көкалаттан бері қарай жол салынды. Бұл өзі әуресі көп жол болды. Осыдан 10 жыл бұрын 10 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаттамасын жасап, облысқа жөнелтіп едік, оның мерзімі өтіп кетті деді. Одан кейін 15 млн теңге қаржы шығындап, тағы жасап, тағы жібердік. Ақыры он жылдан кейін облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қолдауымен әрең тарттырдық», дейді М.Кәрбозов.
«Сыма» шаруа қожалығы мың бас ірі қараға арналған жылы қора, 400 басқа шақталған мал бордақылау алаңын ашуды ойластырған. Бұған шамамен 40 млн теңге керек екен. Қаржыны ауыл шаруашылығын қолдау институттары арқылы несие түрінде алмақ. Ал мал бордақылауға қажет жемді сырттан сатып алмау үшін шаруашылық басшысы биылдан бастап суармалы егін шаруашылығын қолға алуды жоспарлап отыр.
Қостанай облысы,
Жангелдин ауданы,
Көлқамыс ауылы