Пікір • 19 Наурыз, 2024

Елдіктің айқын бағдары

34 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы еліміздің шын мәнінде бабалар жолын ұстанып, «кеңесшіл ел кемдік көрмес» деген ұлағатын ұмытпағанын айғақтап берді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдігімізді нығайтып, бірлігімізді бекемдеп, халқымыздың сана-сезімі мен құндылықтарымызды түбегейлі жаңартып, жаңғырту арқылы ұлтымыздың жаңа сапасын қалыптастыру туралы ойлары мен идеясы көңілден шықты.

Елдіктің айқын бағдары

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Көңіл түпкіріндегі қуаны­шы­мыз­ды серпілткен тағы бір жай – Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың төр­тін­ші отырысын келер жылы Көкшетауда өткізу туралы ұсынысы. Қазір қалың Көк­ше­тау елі қуаныш үстінде. «Арқада жер жетпейді Бура­байға, Ертеде қоныс бол­ған Абылайға» деп ақын Мағ­жан­ның, «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» деп ақын Сәкеннің сыр сандық көңілдерінен жыр болып төгілген кербез Көкшенің Ұлттық құрылтай өткізуге терең тарихы да, керім сұлу табиғаты да жарап тұр.

Біз ежелден басымыздың аман­дығы мен асымыздың адал­­дығын тілеген халықпыз. Пре­зи­денттің «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тақы­рыб­ында кеңінен толғап сөз сөйлеуі халқымыз үшін бас­ты құндылықтардың бірі – адал­дық­тың бәрінен биік тұрар қасиетті ұғым мен ұстаным екенін тани түстік. Адалдық пен әділдік – егіз ұғым. Кез келген қоғамда әлми­сақ­тан барша адамзат бала­сы­ның іздеп келе жатқаны осы адалдық пен әділдік болса керек. Қазір­гі қоғам осы қос ұғымды ұлт­тық идеология мен ұлттық құнды­лық­тардың бірі ретінде алға тартып отыр.

Құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев: «Өткенімен ғана өмір сүретін жұрт өркениетті ел бола алмайды. Ұлт сапасын жа­қ­­сартамыз десек, бір ел бо­лып жаңа құндылықтар жү­йе­сін қалыптастыруымыз қа­жет», дей келе ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі алты құндылыққа тоқталуы ұл­ты­­мыз бен мемлекетіміздің бү­гіні мен болашағын тереңінен ойлағандық дер едім. Мемлекет басшысы ұсынып отырған алты құндылық – Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық. Бұл қағидалар дам­уы аса күрделене түсер осы және алдағы ғасырларда хал­қы­мыздың тәуелсіздік жүгін ұрпақтан-ұрпаққа ұлы мирас ретінде табыстап отыру үшін тарихи маңызы зор екенін ұғынғанымыз абзал.

Тәуелсіздік және Отан­шыл­дық ұғымы әрқайсысымыздың санамызда берік орнығуы керек. Өткен отыз жылда жіберген қа­теліктерге тағы жол бермес үшін қолға алған саяси-әлеу­мет­тік реформаларды табысты жүзеге асыруға тиіспіз. Бұл орайда Президенттің тікелей бастамасымен 2022 жылдың 5 маусымында Конституцияға түзетулер енгізу жөніндегі рефе­рен­думның өткізілгенін Тәуел­сіздік және Отаншылдық ұғы­мын бәрінен жоғары қоя оты­рып, қасиетті ұғымдар есе­бін­де таныта түсу үшін жасалған қадам деуге болады. Тәуелсіздік және Отаншылдық – бір-бірінен ажыратуға болмайтын егіз ұғым. Өйткені Тәуелсіздік деген­іміз – Отан, Отан дегеніміз – Тәуел­сіз­дік!

«Тағы бір іргелі құндылық – Бірлік және Ынтымақ», деді Президент. Халқымыз Бірлік пен Ынтымақ жөнінде терең ойлы әрі ғибраты мол ұлағатты сөздерді ежелден айтып келе жатыр. Бірлік пен ынтымақ құн­дылығының маңызы арта түспесе, ешқашан кеміп көрген емес. Әлі де солай!

Қазір қазақ елінің бірлігі мен ынтымағын іріткісі келіп отырған бақай есепті күштер өз ішімізде де, сыртта да жоқ емес, бар. «Әркім ел тағдырына өз тағдырындай қарауға тиіс» деген Мемлекет басшысы ойының түбінде қазақтың «елің тыныш болса, өзің де тыныш боларсың» деген ежелгі ұғымы жатыр. Осы тұрғыдан ойлар болсақ, елдің бірлігі мен ынтымағының шырқын бұзуды, өзіңнің, өз үйің мен шаңырағыңның шырқын бұзумен пара-пар кесірлік деп білу керек.

Заң және Тәртіп деген тағы бір құндылықты алға тар­та отырып Мемлекет басшысы: «Заң алдында – бәрі бір­дей. Бұл – баршаға ортақ мызғымас қағида. Мемлекет жүген­сіз­дік­ке, тәртіпсіздікке және бей­бе­рекеттікке ешқашан жол бер­мей­ді. Мұны әрбір азамат жете түсінуге тиіс», деді. Біз бұл қа­ғи­датты берік ұстанамыз. Ел ішіндегі тәртіпке әрқайсысымыз жауаптымыз. Заң мен Тәртіптің түп төркіні «отбасыңда береке болуын ойла, жұмыс орныңды, үй-жайыңды, аулаңды ретке кел­тір, қоғамдық орында әдеп сақта» деген қағидалармен ұш­тас­тыруы тегін болмаса керек. Өйткені отбасылық өмір­ден бастап, өмірдің барлық сала­сы­ның өз заңдылықтары мен қалыптасқан тәртібі бар. Ал Заң мен Тәртіптің терең тамыры тәрбиеде жатқаны да айқын. Сондықтан да қазіргі уақытта отбасындағы тәрбие жайы аса маңызды болып қала бермекші.

Еңбекқорлық және Кәсіби білік­тілік маңызды құнды­лық­тың бірі ретінде ешқашан өзінің мәнін жоймақ емес. Пре­зи­де­нт Ұлытауда өткен Ұлттық құрыл­тай­дың бірінші отырысында да еңбекқорлықты ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыру жөнінде ойын айтқан еді. Осы жолы да Еңбекқорлық пен Кәсіби біліктілікті алға тартуы бұл мәселенің өте өзекті екенін ұғындыра түскендей.

Мемлекет басшысы жас­та­ры­­мыздың еліміздің кез кел­ген өңіріне келіп еңбек ету мен шет мемлекеттерге барып жұмыс істеудің де еш ағат­тығы жоғын алға тартты. Бұл орай­да Президент: «Өз кәсі­бін өте жақсы білетін, оған әбден берілген, еңбекқор адам ғана табысқа жетеді. Бүгінде солтүстік аймақтарда жұмыс күші жетіспейді. Ол жақта те­гін білім алуға, жақсы жұмыс іс­теу­ге барлық мүмкіндік бар. Мемлекет беріп отырған осы мүм­кіндікті дұрыс пайда­лану қажет. Біз мыңдаған шақырым жерде көшіп-қонып жүрген көш­пенділердің ұрпағы екені­мізді ұмытпайық. Қазіргі жас­тар заманауи көшпенділіктің жақсы жақтарын игере білуі керек. Көші-қон – дүние жүзіне ортақ қалыпты құбылыс», дей келіп, «шетелде жүрген адамдар жаңа дағдыларды игереді, жаңа кәсіптерді меңгереді», деп жас буынның шетел асып, табыс табуға намыстанбауға шақырады.

Келесі құндылық – Жасам­паз­дық және Жаңа­шыл­дық. Бұл – өте жылдам әрі қарқынды дамып жатқан қазіргі әлемде ұлт­тың бәсекеге қабілетті бо­луы­­ның басты шарттары. Бұл жөнінде Мемлекет басшы­сы «Озық дамыған мемлекет құру үшін біздің азаматтарымыз жаңаша ойлай білуге және жасампаздыққа ұмтылуы керек» деген сөзімен-ақ Жасам­паз­дық пен Жаңашылдық құн­ды­лы­ғының не үшін қажет екенін және оның мәні мен маңызын айқын әрі дәл анықтап берді.

«Алдымызда үш айрық жол тұр: құлдырау, тоқырау немесе өрлеу. Біз әрдайым өрлеуді таңдаймыз». Қасым-Жомарт Тоқаев­тың осы бірауыз сөзі бүгі­німіз бен болашағымыздың негізгі бейнесін «Әділетті Қазақ­стан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» деген бір-бірінен бас­тау алатын әрі өзара тығыз бай­ланысты үштаған ұғымға то­ғыс­тырып отыр. Құрылтайда айтылған ойлар мен пікірлер, Қасым-Жомарт Тоқаевтың «құ­қық­тық жүйесі бар әділетті мем­­лекет құрамыз» деген сөзі ел еңсесін көтеріп, болашаққа де­ген сенімді нығайта түсті. Ақиқатында, біз Президент айтып жүрген «Жасампаз халық болуымыз қажет».

 

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

Көкшетау