Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Көңіл түпкіріндегі қуанышымызды серпілткен тағы бір жай – Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысын келер жылы Көкшетауда өткізу туралы ұсынысы. Қазір қалың Көкшетау елі қуаныш үстінде. «Арқада жер жетпейді Бурабайға, Ертеде қоныс болған Абылайға» деп ақын Мағжанның, «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» деп ақын Сәкеннің сыр сандық көңілдерінен жыр болып төгілген кербез Көкшенің Ұлттық құрылтай өткізуге терең тарихы да, керім сұлу табиғаты да жарап тұр.
Біз ежелден басымыздың амандығы мен асымыздың адалдығын тілеген халықпыз. Президенттің «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тақырыбында кеңінен толғап сөз сөйлеуі халқымыз үшін басты құндылықтардың бірі – адалдықтың бәрінен биік тұрар қасиетті ұғым мен ұстаным екенін тани түстік. Адалдық пен әділдік – егіз ұғым. Кез келген қоғамда әлмисақтан барша адамзат баласының іздеп келе жатқаны осы адалдық пен әділдік болса керек. Қазіргі қоғам осы қос ұғымды ұлттық идеология мен ұлттық құндылықтардың бірі ретінде алға тартып отыр.
Құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев: «Өткенімен ғана өмір сүретін жұрт өркениетті ел бола алмайды. Ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет», дей келе ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі алты құндылыққа тоқталуы ұлтымыз бен мемлекетіміздің бүгіні мен болашағын тереңінен ойлағандық дер едім. Мемлекет басшысы ұсынып отырған алты құндылық – Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық. Бұл қағидалар дамуы аса күрделене түсер осы және алдағы ғасырларда халқымыздың тәуелсіздік жүгін ұрпақтан-ұрпаққа ұлы мирас ретінде табыстап отыру үшін тарихи маңызы зор екенін ұғынғанымыз абзал.
Тәуелсіздік және Отаншылдық ұғымы әрқайсысымыздың санамызда берік орнығуы керек. Өткен отыз жылда жіберген қателіктерге тағы жол бермес үшін қолға алған саяси-әлеуметтік реформаларды табысты жүзеге асыруға тиіспіз. Бұл орайда Президенттің тікелей бастамасымен 2022 жылдың 5 маусымында Конституцияға түзетулер енгізу жөніндегі референдумның өткізілгенін Тәуелсіздік және Отаншылдық ұғымын бәрінен жоғары қоя отырып, қасиетті ұғымдар есебінде таныта түсу үшін жасалған қадам деуге болады. Тәуелсіздік және Отаншылдық – бір-бірінен ажыратуға болмайтын егіз ұғым. Өйткені Тәуелсіздік дегеніміз – Отан, Отан дегеніміз – Тәуелсіздік!
«Тағы бір іргелі құндылық – Бірлік және Ынтымақ», деді Президент. Халқымыз Бірлік пен Ынтымақ жөнінде терең ойлы әрі ғибраты мол ұлағатты сөздерді ежелден айтып келе жатыр. Бірлік пен ынтымақ құндылығының маңызы арта түспесе, ешқашан кеміп көрген емес. Әлі де солай!
Қазір қазақ елінің бірлігі мен ынтымағын іріткісі келіп отырған бақай есепті күштер өз ішімізде де, сыртта да жоқ емес, бар. «Әркім ел тағдырына өз тағдырындай қарауға тиіс» деген Мемлекет басшысы ойының түбінде қазақтың «елің тыныш болса, өзің де тыныш боларсың» деген ежелгі ұғымы жатыр. Осы тұрғыдан ойлар болсақ, елдің бірлігі мен ынтымағының шырқын бұзуды, өзіңнің, өз үйің мен шаңырағыңның шырқын бұзумен пара-пар кесірлік деп білу керек.
Заң және Тәртіп деген тағы бір құндылықты алға тарта отырып Мемлекет басшысы: «Заң алдында – бәрі бірдей. Бұл – баршаға ортақ мызғымас қағида. Мемлекет жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке және бейберекеттікке ешқашан жол бермейді. Мұны әрбір азамат жете түсінуге тиіс», деді. Біз бұл қағидатты берік ұстанамыз. Ел ішіндегі тәртіпке әрқайсысымыз жауаптымыз. Заң мен Тәртіптің түп төркіні «отбасыңда береке болуын ойла, жұмыс орныңды, үй-жайыңды, аулаңды ретке келтір, қоғамдық орында әдеп сақта» деген қағидалармен ұштастыруы тегін болмаса керек. Өйткені отбасылық өмірден бастап, өмірдің барлық саласының өз заңдылықтары мен қалыптасқан тәртібі бар. Ал Заң мен Тәртіптің терең тамыры тәрбиеде жатқаны да айқын. Сондықтан да қазіргі уақытта отбасындағы тәрбие жайы аса маңызды болып қала бермекші.
Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік маңызды құндылықтың бірі ретінде ешқашан өзінің мәнін жоймақ емес. Президент Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында да еңбекқорлықты ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыру жөнінде ойын айтқан еді. Осы жолы да Еңбекқорлық пен Кәсіби біліктілікті алға тартуы бұл мәселенің өте өзекті екенін ұғындыра түскендей.
Мемлекет басшысы жастарымыздың еліміздің кез келген өңіріне келіп еңбек ету мен шет мемлекеттерге барып жұмыс істеудің де еш ағаттығы жоғын алға тартты. Бұл орайда Президент: «Өз кәсібін өте жақсы білетін, оған әбден берілген, еңбекқор адам ғана табысқа жетеді. Бүгінде солтүстік аймақтарда жұмыс күші жетіспейді. Ол жақта тегін білім алуға, жақсы жұмыс істеуге барлық мүмкіндік бар. Мемлекет беріп отырған осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану қажет. Біз мыңдаған шақырым жерде көшіп-қонып жүрген көшпенділердің ұрпағы екенімізді ұмытпайық. Қазіргі жастар заманауи көшпенділіктің жақсы жақтарын игере білуі керек. Көші-қон – дүние жүзіне ортақ қалыпты құбылыс», дей келіп, «шетелде жүрген адамдар жаңа дағдыларды игереді, жаңа кәсіптерді меңгереді», деп жас буынның шетел асып, табыс табуға намыстанбауға шақырады.
Келесі құндылық – Жасампаздық және Жаңашылдық. Бұл – өте жылдам әрі қарқынды дамып жатқан қазіргі әлемде ұлттың бәсекеге қабілетті болуының басты шарттары. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы «Озық дамыған мемлекет құру үшін біздің азаматтарымыз жаңаша ойлай білуге және жасампаздыққа ұмтылуы керек» деген сөзімен-ақ Жасампаздық пен Жаңашылдық құндылығының не үшін қажет екенін және оның мәні мен маңызын айқын әрі дәл анықтап берді.
«Алдымызда үш айрық жол тұр: құлдырау, тоқырау немесе өрлеу. Біз әрдайым өрлеуді таңдаймыз». Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бірауыз сөзі бүгініміз бен болашағымыздың негізгі бейнесін «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» деген бір-бірінен бастау алатын әрі өзара тығыз байланысты үштаған ұғымға тоғыстырып отыр. Құрылтайда айтылған ойлар мен пікірлер, Қасым-Жомарт Тоқаевтың «құқықтық жүйесі бар әділетті мемлекет құрамыз» деген сөзі ел еңсесін көтеріп, болашаққа деген сенімді нығайта түсті. Ақиқатында, біз Президент айтып жүрген «Жасампаз халық болуымыз қажет».
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Көкшетау