Аймақтар • 26 Наурыз, 2024

Мерекені әрлеген көгілдір отын

39 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жетісулықтар көктемнің шуағын сезіне бастады. Мерейлі мереке қарсаңында үйлеріне көптен күт­кен көгілдір отын келді. Әуелі Ескелді ауданындағы 5 елді мекен қуанышқа кенелсе, артынан Үштөбе қаласының тұрғындарының мерейі тасыды. Жыл соңына дейін облыста тағы да бірнеше ауыл осындай игілікке қол жеткізеді.

Мерекені әрлеген көгілдір отын

Суретті түсірген – Руслан Кадыров

Газ желісіне қосылу салтанаты­на аудан әкімі Елдос Ахметов, облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдос Бекетаев, мердігер компаниялардың өкілдері және ауыл тұрғындары қа­тыс­ты. Матай Байысов құрамына кіретін Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі Сержан Оңалбаев тұрғындарды құттықтап, оларды биыл көп қуаныш күтіп тұрғанын жеткізді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сай елді мекендегі тұр­­ғындардың көгілдір отынға қол­же­тімділігін арттыруға күш салып жатырмыз. М.Байысов ауылының тұр­ғын­дары көктемнің шуақты сәтінде бір қуанышқа кенелсе, жыл соңына дейін салтанатты іс-шараларымыз көп болмақ. Мәселен, 15 жылдан аса қараусыз қалған ғимаратты жөндеп, балабақшаға айналдырып жатырмыз. Сонымен қатар жуырда балалар ойын алаңқайы салынады. Мұның бәрін әрбір тұрғынның қолайлы ортада өмір сүруіне жағдай жасауға ұмтылған қадам деп түйсінген абзал», деді С.Оңалбаев.

Мұнан соң ауыл белсендісі Әбді­кәрім Каймулдинов сөз алып, газ желісін тартқан мерді­гер «Рем­строй» серіктестігінің басшы­лы­ғ­ы­на, қызметкерлеріне алғыс білдірді. Ауыл тұрғындары атынан компания өкілдеріне шапан жауып, ілтипат етті.

Бақтыбай елді мекенінде қуанышты күн болды. 2021 жылы басталған газдандыру жұмысы аяқталып, қазір тұрғындар коммуналдық жайлылықты сезіне бастады. Бұл іс-шарада аудан әкімі Елдос Ахметов тұрғындарды құттықтап, аудандағы газдандыру жұмыстарын таразылады.

«Ауданымыздағы 33 елді мекеннің 21-і газдандыруға жатады. Қазір 5 елді мекенге көгілдір отын жеткізілді. Сонымен қатар 11 елді мекенді газ­дан­дыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 3 елді мекенге жобалық-сме­та­лық құжаттама әзірленуде. 2025 жыл­дың соңына дейін ауданның 41 мың тұрғыны бар 21 елді мекені таби­ғи газға қол жеткізеді. Мемлекет бас­шысы айтқандай, «Баршаға тең мүм­кін­дік тудыру – басты ұстаным», деді Е.Ахметов.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бас­қар­масының мәліметінше, екі ауыл­ды газдандыру жобаларын жүзеге асы­руға бюджеттен 1,4 млрд теңге­ден аса қаржы бөлініп, 110,5 ша­қы­рым газ құбыры тартылған. Сол сияқты ауданның 10 ауылына да газ құбырлары тарты­­лып жатыр. Жыл соңына дейін біртіндеп Көкжазық, Теректі, Қаратал, Жаңалық, Шымыр, Жетісу, Жастар, Абай, Ешкіөлмес, Өтенай ауылдарының тұрғындары газға қол жеткізеді деп жоспарланып жатыр. Сондай-ақ Ақтасты, Қайнарлы, Жалғызағаш елді мекен­дерін газдандырудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Осындай жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылдың соңына дейін облыстағы газдандыруға жататын 21 ауылдың 40 мыңнан аса тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізеді.

Бақтыбайлық Дидар Разиевтің үйі жуыр­да ғана газ желісіне қосылған. Айтуынша, бір тауқыметтен арылып­ты. Жергілікті атқамінерлерге алғау­сыз алғысын жауд­ырды.

Айта кететін жайт, осы күні Қара­тал ауданында да қуанышты жаңалық болды. Үштөбе қаласындағы газ тарату желілерінің құрылысы 2022 жылдан бері жүргізіліп келеді. Құны 7 млрд теңге болатын жоба 2024 жылдың қыркүйек айында аяқталады. Бүгінде мұндағы жұмыстар 90,5 пайызға тәмамдалған. Мереке қарсаңында Үштөбе қаласының шығыс бөлігін газ­бен қамтуға бағытталған іске қосу кешені өз жұмысын бастады. Осы қондырғы нәтижесінде аудан орта­лы­ғының 40 пайызы көгілдір отынға қол жеткізеді.

Жалпы, Қаратал ауданында 35 елді мекеннің 19-ы газдандыруға жатады. Бүгінде 2300-ден аса тұрғыны бар Оян және Кәлпе ауылдарының тұр­ғындарына көгілдір отын жет­кізілді. Жыл соңына дейін облыстағы Жаңа­талап, Ескелді би, Көкдала, Қызылжар, Достық, Тастөбе, Ортатөбе, Бастөбе, Көкпекті, Сарыбұлақ сияқты 10 ауылды кезең-кезеңімен газдандыру жос­парланып жатыр.

 

Жетісу облысы