Суретті түсірген – Руслан Кадыров
Газ желісіне қосылу салтанатына аудан әкімі Елдос Ахметов, облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдос Бекетаев, мердігер компаниялардың өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты. Матай Байысов құрамына кіретін Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі Сержан Оңалбаев тұрғындарды құттықтап, оларды биыл көп қуаныш күтіп тұрғанын жеткізді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сай елді мекендегі тұрғындардың көгілдір отынға қолжетімділігін арттыруға күш салып жатырмыз. М.Байысов ауылының тұрғындары көктемнің шуақты сәтінде бір қуанышқа кенелсе, жыл соңына дейін салтанатты іс-шараларымыз көп болмақ. Мәселен, 15 жылдан аса қараусыз қалған ғимаратты жөндеп, балабақшаға айналдырып жатырмыз. Сонымен қатар жуырда балалар ойын алаңқайы салынады. Мұның бәрін әрбір тұрғынның қолайлы ортада өмір сүруіне жағдай жасауға ұмтылған қадам деп түйсінген абзал», деді С.Оңалбаев.
Мұнан соң ауыл белсендісі Әбдікәрім Каймулдинов сөз алып, газ желісін тартқан мердігер «Ремстрой» серіктестігінің басшылығына, қызметкерлеріне алғыс білдірді. Ауыл тұрғындары атынан компания өкілдеріне шапан жауып, ілтипат етті.
Бақтыбай елді мекенінде қуанышты күн болды. 2021 жылы басталған газдандыру жұмысы аяқталып, қазір тұрғындар коммуналдық жайлылықты сезіне бастады. Бұл іс-шарада аудан әкімі Елдос Ахметов тұрғындарды құттықтап, аудандағы газдандыру жұмыстарын таразылады.
«Ауданымыздағы 33 елді мекеннің 21-і газдандыруға жатады. Қазір 5 елді мекенге көгілдір отын жеткізілді. Сонымен қатар 11 елді мекенді газдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 3 елді мекенге жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. 2025 жылдың соңына дейін ауданның 41 мың тұрғыны бар 21 елді мекені табиғи газға қол жеткізеді. Мемлекет басшысы айтқандай, «Баршаға тең мүмкіндік тудыру – басты ұстаным», деді Е.Ахметов.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, екі ауылды газдандыру жобаларын жүзеге асыруға бюджеттен 1,4 млрд теңгеден аса қаржы бөлініп, 110,5 шақырым газ құбыры тартылған. Сол сияқты ауданның 10 ауылына да газ құбырлары тартылып жатыр. Жыл соңына дейін біртіндеп Көкжазық, Теректі, Қаратал, Жаңалық, Шымыр, Жетісу, Жастар, Абай, Ешкіөлмес, Өтенай ауылдарының тұрғындары газға қол жеткізеді деп жоспарланып жатыр. Сондай-ақ Ақтасты, Қайнарлы, Жалғызағаш елді мекендерін газдандырудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Осындай жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылдың соңына дейін облыстағы газдандыруға жататын 21 ауылдың 40 мыңнан аса тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізеді.
Бақтыбайлық Дидар Разиевтің үйі жуырда ғана газ желісіне қосылған. Айтуынша, бір тауқыметтен арылыпты. Жергілікті атқамінерлерге алғаусыз алғысын жаудырды.
Айта кететін жайт, осы күні Қаратал ауданында да қуанышты жаңалық болды. Үштөбе қаласындағы газ тарату желілерінің құрылысы 2022 жылдан бері жүргізіліп келеді. Құны 7 млрд теңге болатын жоба 2024 жылдың қыркүйек айында аяқталады. Бүгінде мұндағы жұмыстар 90,5 пайызға тәмамдалған. Мереке қарсаңында Үштөбе қаласының шығыс бөлігін газбен қамтуға бағытталған іске қосу кешені өз жұмысын бастады. Осы қондырғы нәтижесінде аудан орталығының 40 пайызы көгілдір отынға қол жеткізеді.
Жалпы, Қаратал ауданында 35 елді мекеннің 19-ы газдандыруға жатады. Бүгінде 2300-ден аса тұрғыны бар Оян және Кәлпе ауылдарының тұрғындарына көгілдір отын жеткізілді. Жыл соңына дейін облыстағы Жаңаталап, Ескелді би, Көкдала, Қызылжар, Достық, Тастөбе, Ортатөбе, Бастөбе, Көкпекті, Сарыбұлақ сияқты 10 ауылды кезең-кезеңімен газдандыру жоспарланып жатыр.
Жетісу облысы