Мереке • 27 Наурыз, 2024

Айшықты мереке

64 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Айтты-айтпады, биылғы Наурыз тойы Шығыс Қазақстанда ерекше өтті. Көрісу күнінен басталған той он күнге созылып, сән-салтанаты жарасқан халық арқа-жарқа болып мерекеледі. Күні кеше жыл басы Наурызды қарсы алған ел «Тазару күні» деп, бұлақ көзін ашысты.

Айшықты мереке

«Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр» күні сан түрлі салтымызды, тәрбиелік мәні терең дәс­түрлерімізді көрсетсек, «Ша­ңырақ» күні елу-алпыс жыл отасқан үлгілі отбасылар арасын­да сайыс өтті. «Ұлттық киім» күні оюлы камзол-бешпеттерін киді. Көпшілік иықтарына жараса кеткен ұлттық нақыштағы шапандарын күнделікті киіп жүруді әдет қылды. Он күндіктің аясында ұлттық спорт та кеңінен насихатталды. «Ынтымақ» күні бір шаңырақ астындағы көп ұлттың береке-бірлігін айшықтайтын шаралар өтті. Айналып келгенде, бұл күндері қазақтың рухани байлығын көрсетуге бағытталған іс-шараға толы болды.

вау

Әсіресе өндірісі өркендеп тұр­ған Риддер қаласында биылғы Наурыз ерекше қарқынмен той­ланды. Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында Риддердің орталық ала­ңында он шақты ақ шаңқан киіз үй тігілді. Сәні мен мәні, на­қышы айшықталған әр киіз үй тақырыптық бағытта құ­рылд­ы. Елдік пен бірлікті айқын­даған Наурыз мерекесінің басы Риддер қаласының барлық ірі көшелері мен даңғылдарын қамтыған 30 салт атты сарбаз Мем­лекеттік Туды желбіретіп ерекше сән берді. Ұлыс күнінің басты кейіпкері – Қыдыр ата қасиетті қыран құсы және ұмай тазысымен ел алдына шықты. Шұғылалы көктемнің шырайы Наурыз-ару сән салтанатымен барша жұртты тамсандырды. Сондай-ақ құралайды көзге атқан садақшылар да мергендіктерін көрсетті.

Жалпы, Наурызнама 10 күн­дігінде Риддер қаласында 300-ден астам мерекелік іс-шара өткен.

Наурыз күні сахна төрінде жергілікті және об­лыс өнерпаз­дарымен қатар, ар­­найы қонақтар Диана Шарапова, Олег Никитин және Ұланғасыр Қами бастаған әншілер қа­ланы әнге бөледі. Той­шыл қауым ән тыңдай жүріп, қол­өнер ше­берлерінің көрме­ле­рін тамашалады.

Жыл басын қарсы алысқан риддерліктер ертесінде «Тазалық күні» деп, қаладан 10 шақырым жерге барып, ұлттық табиғи қорық аумағындағы қалың қар астында қалған бұлақтың көзін ашты. Табиғат пен адамзаттың өзара үндестігін айшықтаған бұл шара жас ұрпақты тазалыққа, қоршаған ортаны қорғауға үй­ретеді.

Бейбітшіліктің бесігі болған игі бастамаға қаладағы 12 этно­мәдени орталықтың өкілдері, жастар және қариялар да белсене қа­тысты. «Жолаушы болсаң, осы ақ бұлақтай таза бол!» ұранымен өткен іс-шара мұнымен шектеліп қалмайды. Қала басшылығының жоспарына сәйкес, қардың көбесі сөгіліп, жер кепкен соң сол бұ­лақтың маңы тазаланып, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Кейін бұл жер жолаушылап келе жатқан адамдар тоқтап су ішіп, тамаша табиғат аясында демалатын орынға айналады. Қала басшылығының жоспары сол.

Айта кетейік, дәл осындай игі шаралар облыстың өзге өңір­лерінде де ұйымдастырылды. Өскеменнің өзіндегі Наурыз ме­ре­кесі де өте жоғары деңгейде өтті. Есіктері айқара ашылған әр киіз үйден халыққа ұлттық та­ғамдар ұсынылып, наурызкөже сапырылып жатты. Арқа-жар­қа жұрт «жыл жайлы болсын» деп, бір-біріне ақ тілектерін жау­дырды.

 

Шығыс Қазақстан облысы